Статистикалық көрсеткіштердің статистикалық жіктеуішін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының 2013 жылғы 28 қаңтардағы № 23 Бұйрығы
Осы редакция 2013 жылғы 30 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабына, «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы Заңының 8-бабының 3-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы № 1460 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі туралы ереженің 19-тармағының 7) тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының міндетін атқарушының 2011 жылғы 22 желтоқсандағы № 364 бұйрығымен бекітілген Статистикалық жіктеуіштерді, номенклатуралар мен анықтамаларды әзірлеу және жүргізу жөніндегі 2011 жылғы желтоқсанға - 2012 жылға арналған жоспардың 8-тармағын іске асыру мақсатында, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Статистикалық көрсеткіштердің статистикалық жіктеуіші бекітілсін.
2. Жіктелімдер және ақпараттық технологиялар департаменті:
1) осы бұйрықты қол қойылған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің құрылымдық бөлімшелері мен «Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің Ақпараттық-есептеу орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жұмыс бабында басшылыққа алу үшін жеткізсін;
2) Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ішкі интернет-ресурсында орналастырсын.
3. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының мынадай бұйрықтарының күші жойылсын:
1) «Статистикалық көрсеткіштердің жіктеуішін бекіту туралы» 2011 жылғы 29 маусымдағы № 172;
2) «Статистикалық көрсеткіштердің жіктеуішін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі төрағасының 2011 жылғы 29 маусымдағы № 172 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» 2011 жылғы 17 қарашадағы № 325.