«Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені» арнайы экономикалық аймағын құру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 21 сәуірдегі № 301 Қаулысы
«Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2051 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені» арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - «Алатау» ИСЛК» АЭА) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған:
1) «Алатау» ИСЛК» АЭА туралы ереже;
2) «Алатау» ИСЛК» АЭА нысаналы индикаторлары бекітілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | О. Бектенов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2026 жылғы 21 сәуірдегі
№ 301 қаулысымен
бекітілген
«Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені» арнайы экономикалық аймағы туралы
ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені» арнайы экономикалық аймағы (бұдан әрі - АЭА) осы Ережеге қосымшаға сәйкес Жамбыл облысы Қордай ауданының әкімшілік-аумақтық шекарасы шегінде орналасқан.
АЭА аумағы 165 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады.
2. АЭА мынадай мақсаттарда құрылады:
1) өңір экономикасының салаларында өнімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті заманауи өндірістерді жедел дамыту, инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру;
2) химия, мұнай-химия, металлургия, бейметалл минералдық өнімдер, металл өңдеу өнімдері, резеңке және пластмасса бұйымдары, сондай-ақ қосылған құны жоғары өзге өнімдер өндірісін қоса алғанда, өңдеу өнеркәсібі салаларын дамыту;
3) ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді, тамақ өнімдерін өңдеуді, диқаншылық жүктерін сақтауды, буып-түюді және олардың логистикасын қоса алғанда, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту;