Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 5 қазандағы № 791 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2023 жылғы 6 қыркүйектегі № 770 Қаулысымен күші жойылды
«Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 3-бабының 10-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 5 қазандағы
№ 791 қаулысымен
бекітілген
Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Үміткерлерді іріктеу және ғылыми тағылымдамадан өту қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Ғылым туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі - Заң) 3-бабының 10-1) тармақшасына, «Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 12 қазандағы № 470 Жарлығына сәйкес әзірленді және ғылыми, ғылыми-техникалық кадрлардың біліктілігін арттыру мақсатында шетелдік жетекші жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, ғылыми орталықтарда және өзге де ұйымдарда (бұдан әрі - шетелдік ұйымдар) ғылыми тағылымдамадан өту үшін үміткерлерді конкурстық іріктеуді ұйымдастыру және жүзеге асыру, сондай-ақ ғылыми тағылымдамадан өту тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) әкімші - шетелде кадрларды даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың халықаралық бағдарламалары бойынша іс-шаралар кешенін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ұйым;