Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруға нарядтар беру нысанын және қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 747 бұйрығы
(2019.05.06. берілген өзгерістермен толықтырулармен)
Осы редакция 2021 жылғы 11 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 шілдедегі № 860 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарымен операциялар жүргізу қағидаларының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мына:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруға наряд нысаны;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруға нарядтар беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімдік баспасөз басылымдарына және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.
3. «Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруға нарядтар беру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 531 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7390 тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілер бюллетенінде 2012 ж. № 3, 445-құжатта жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.