Түркістан облысы бойынша үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидаларын бекіту туралы
Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі № 17/209-VII шешімі
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6-бабының 2-2-тармағына сәйкес, Түркістан облыстық мәслихаты ШЕШТІК:
1. Қоса беріліп отырған Түркістан облысы бойынша үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Облыстық мәслихат хатшысы | Қ.Балабиев |
Түркістан облысы мәслихатының
2022 жылғы 14 қыркүйектегі
№17/209-VII шешімімен бекітілген
Түркістан облысында үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің
қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Түркістан облысында үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Түркістан облысында үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің тәртібін белгілейді.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:
1) жануардың иесі - жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;
2) жауапты адам – жануар иесінің осы Заңда белгіленген құқықтары мен міндеттерін жануар иесінің жазбаша тапсырмасы бойынша өзіне алатын адам;
3) ұстау орны – жануардың иесі және (немесе) жауапты адам пайдаланатын, жануар ұсталатын ғимараттар, құрылыстар, құрылысжайлар, үй-жайлар немесе жер учаскелері;
4) үй жануарлары (компаньон жануарлар) (бұдан әрі – үй жануарлары) – қай түрге жататынына қарамастан, адам эстетикалық қажеттіліктері мен қарым-қатынас қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін дәстүрлі түрде асырайтын және өсіретін жануарлар;