Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 380 Қаулысы
(2020.18.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2025 жылғы 8 мамырда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексінің 84-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидалары бекітілсін.
2. «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды шетелдiктерге асырап алуға беру ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 12 қарашадағы № 1197 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 40, 407-құжат) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 30 наурыздағы
№ 380 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру
қағидалары
1. Жалпы ережелер
ҚР Үкіметінің 2016.24.10. № 614 Қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексінің 84-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленген және:
1) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды (бұдан әрі - балалар) азаматтығы мен тұратын жеріне қарамастан туыстарына асырап алуға беру;
2) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға беру;