Все сервисы
Zanger
ЖОБА
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ
І бөлім Конституциялық құрылыс негіздері (1- 11-баптар)
II бөлім Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер (12- 41-баптар)
III бөлім Президент (41- -51 баптар)
IV бөлім Құрылтай (52- 62-баптар)
V бөлім Үкімет (63- 69-баптар)
VI бөлім Қазақстан Халық Кеңесі (70- 71-баптар)
VII бөлім Конституциялық Сот (72- 75-баптар)
VIII бөлім Сот төрелiгi. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері (76- 86-баптар)
IX бөлім Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару (87- 91-баптар)
X бөлім Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу (92- 93-баптар)
XI бөлім Қорытынды және өтпелі ережелер (94- 95-баптар)
Біз, біртұтас Қазақстан халқы,
байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып,
Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтап,
мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап,
Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып,
азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп,
бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп,
мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып,
табиғатты аялау қажеттігін мойындап,
бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып,
келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп,
Қазақстан Республикасының Ата Заңын - осы Конституцияны қабылдаймыз.
І бөлім
Конституциялық құрылыс негіздері
1-бап
Қазақстан Республикасы - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы - адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
1. Қазақстан Республикасы - унитарлы мемлекет. Басқару үлгісі - президенттік республика.
2. Қазақстан Республикасының Егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, бөлінбеуін, оған қол сұғылмауын қамтамасыз етеді.
3. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы конституциялық заңда айқындалады.
4. Қазақстан Республикасының елордасы - Астана қаласы. Елорда мәртебесі заңда айқындалады.
5. Қазақстан Республикасы мен Қазақстан атауларының мәні бірдей.
6. Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді.
1. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын орнықтыру; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау.
2. Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды.
1. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі - Қазақстан халқы.
2. Халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кету заңмен қудаланады. Халық пен мемлекет атынан Қазақстан Республикасының Президенті, сондай-ақ конституциялық өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының Құрылтайы әрекет етеді. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттік шегінде мемлекет атынан әрекет етеді.
4. Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік біртұтас және ол заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөліну, өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес Конституция мен заңдар негізінде жүзеге асырылады.
1. Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығы - Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Республикасының халықаралық шарт міндеттемелерінің нормалары.
2. Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттарды қолдану тәртібі заңдарда айқындалады.
4. Барлық заңдар мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы - оларды қолданудың міндетті шарты.
5. Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.
Жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.
Жаңа заң бұрын жасалған құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жоятын немесе жеңілдететін болса, жаңа заң қолданылады.
6. Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында конституциялық заңдарға сәйкес қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін. Осы арнаулы құқықтық режимдер мемлекеттік басқару, сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін көздеуі мүмкін.
1. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандық танылады. Мемлекеттік органда саяси партия ұйымын құруға жол берілмейді.
2. Қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Мемлекеттің қоғамдық бірлестік ісіне, ал қоғамдық бірлестіктің мемлекет ісіне заңсыз араласуына және қоғамдық бірлестікке мемлекеттік орган функцияларын жүктеуге жол берілмейді.
3. Мақсаты немесе әрекеті конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын және қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестік құруға және оның қызметіне, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген жасақ құруға тыйым салынады.
4. Басқа мемлекеттің саяси партиясы мен кәсіптік одағының, діни негіздегі саяси партияның қызметіне жол берілмейді, сондай-ақ саяси партия мен кәсіптік одақты шетелдік заңды тұлғаның, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамның, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаның, шет мемлекет пен халықаралық ұйымның қаржыландыруына жол берілмейді.
5. Коммерциялық емес ұйымның шет мемлекеттен, халықаралық және шетелдік заңды тұлғадан, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамнан алатын ақша қаражатының қозғалысы және активтері туралы ақпарат Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ашық әрі қолжетімді болуға тиіс.
2. Қазақстан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және ол конституциялық құрылыс негіздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығын және қоғамның адамгершілік болмысын қорғау мақсатында шектелуі мүмкін.
1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және тең қорғалады.
2. Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет игілігіне қызмет етуге, қоршаған ортаға зиян келтірмеуге, басқа тұлғалардың құқықтарына және заңмен қорғалатын мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелері құқықтарының көлемі мен шегі, оларды қорғау кепілдіктері заңда айқындалады.
3. Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халықтың атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі.
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
3. Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қолдау көрсетеді.
Қазақстан Республикасы халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мүдделі мемлекеттермен бейбітшілік пен ынтымақтастықты, олардың ішкі ісіне араласпауды, халықаралық дауды бейбіт жолмен шешуді көздейтін сыртқы саясат жүргізеді.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері - Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран. Олардың сипаттамасы және пайдалану тәртібі конституциялық заңда белгіленеді.
II бөлім
Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер
12-бап
1. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес беріледі және тоқтатылады, ол берілген негізіне қарамастан бiрыңғай және тең.
2. Қазақстан Республикасының азаматын өз азаматтығынан айыруға, азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерге аластатуға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыс жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімімен ғана жол беріледі.
3. Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады.
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының азаматы шет мемлекетке берілмейді.
2. Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ел аумағынан тыс жерде заңға сәйкес қорғауға кепiлдiк бередi.
1. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.
2. Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан тиесілі, олар абсолютті және олардан ешкiм айыра алмайды.
3. Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен мiндеттері бар.
4. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда көзделген жағдайда шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының азаматы үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттерді атқарады.
5. Құқықтар мен бостандықтарды іске асыру басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге тиiс, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтiрмеуге тиiс.
1. Әр адамның құқық субъектiсi ретiнде танылуға құқығы бар. Әр адам құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлмен, оның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғауға құқылы.
2. Әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасында заңға сәйкес біліктi заң көмегін алу құқығы танылады.
1. Заң мен сот алдында бәрi тең.
2. Қазақстан Республикасының азаматын, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша жүрген шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсiтуге болмайды.
1. Өмір сүру құқығы - әр адамның абсолютті және ажырамас құқығы.
2. Ешкімнің өз бетімен адам өмірін қиюға құқығы жоқ.
3. Өлім жазасына тыйым салынған.
1. Әр адамға жеке басына тиіспеу құқығына және жеке бас бостандығы құқығына кепілдік беріледі.
2. Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды.
Күзетпен ұстауға сот шешімімен ғана рұқсат етіледі және оған шағым жасау құқығы беріледі.
3. Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негізі мен құқықтары түсіндіріледі.
4. Ұсталған адамның, күдіктінің, айыпталушының тиісінше ұсталған, күдікті ретінде танылған немесе айып тағылған сәттен бастап адвокат (қорғаушы) көмегiн пайдалануға құқығы бар.
1. Заңды күшіне енген сот үкімімен адамды кінәлі деп танымайынша, ол жасалған қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі емес деп саналады.
2. Ешкім өз-өзіне, жұбайына (зайыбына) және заңда айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес.
Діни қызметшілер өздеріне сеніп, сырын ашқан адамдарға қарсы куәлік етуге міндетті емес.
3. Адамды дәл сол құқық бұзушылық үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа қайта тартуға тыйым салынады.
1. Адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне тиісуге болмайды және олар заңмен қорғалады.
2. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездiк көрсетіп немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлап жәбiрлеуге және жазалауға болмайды.
1. Жеке өмірге қол сұқпау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі.
2. Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдарының, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен ғана жол беріледі.
3. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әр адамға өз құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжатпен, шешiммен және ақпарат көзiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
1. Әр адам өзiнiң қай ұлтқа жататынын айқындауға, оны көрсетуге не көрсетпеуге құқылы.
2. Әр адамның ана тілі мен төл мәдениетiн қолдануға, қарым-қатынас жасау, тәрбие беру, оқу мен шығармашылық тілін еркiн таңдауға құқығы бар.
1. Сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне кепiлдiк берiледi.
2. Зияткерлік меншік заңмен қорғалады.
3. Мемлекеттік құпияларды қоспағанда, еркін ақпарат алу және тарату құқығы заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен іске асырылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер тізбесі заңда айқындалады.
4. Сөз еркіндігі және ақпарат тарату басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс.
6. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуді, аумақтық тұтастығына, Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қол сұғуды, қоғамдық тәртіпті бұзуды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруді, соғысты, қарулы қақтығысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық, діни басымдықты немесе алауыздықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылықты насихаттауға, сондай-ақ арандату әрекетіне және оған шақыруға жол берілмейді.
1. Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген әр адамның ел аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар.
2. Әр адамның Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығуға құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен жол беріледі. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергiсiз оралуға құқығы бар.
1. Әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар.
2. Ар-ождан бостандығы құқығын пайдалану жалпыадамзат пен азамат құқықтарын, мемлекет алдындағы мiндеттерді шектемеуге тиіс.
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлестік құру бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бiрлестiк қызметi заңмен реттеледi.
2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының және өзге де соттарының төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, құқық қорғау органы және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері мен жұмыскерлері, әскери қызметшілер саяси партия мен кәсіптік одақта болуға, қандай да бір саяси партияны немесе қоғамдық-саяси қозғалысты қолдауға не сыни пікір білдіруге құқылы емес.
1. Әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Мәжбүрлі еңбекке тартуға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін адамды кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде, не төтенше жағдайда, не соғыс жағдайында ғана жол беріледі.
2. Қазақстан Республикасы қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайлары құқығына, еңбегi үшiн қандай да бiр кемсiтусiз сыйақы алу, сондай-ақ заңға сәйкес әлеуметтiк қорғалу құқығына кепілдік береді.
3. Заңда белгіленген тәсiлдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылады.
4. Тынығу, жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс және мереке күндерi, ақы төленетін демалыс құқығына заңмен кепiлдiк беріледi.
1. Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны қарап-тексеруге, тiнтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртiппен жол берiледi.
2. Қазақстан Республикасында өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың заңда көрсетiлген санаттарына баспана заңда белгіленген нормаларға сәйкес берiледi.
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды түрде алған кез келген мүлкіне жеке меншiк құқығы болады.
2. Меншiкке, оның iшiнде мұрагерлiк құқығына заңмен кепiлдік беріледі.
3. Сот шешiмiнсiз ешкiмдi өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген айрықша жағдайда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiкті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға оның тең құны өтелген кезде жол беріледі.
4. Қазақстан Республикасы кәсiпкерлiк қызмет бостандығы құқығына, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалану құқығына кепілдік береді. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi немесе шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.
1. Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады.
2. Неке - еркек пен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы.
3. Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.
4. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз
ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.
1. Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне кепiлдiк берiледi, сондай-ақ жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты және өзге де заңды негiз бойынша әлеуметтiк қамсыздандыруға кепiлдiк берiледi.
2. Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың өзге де үлгілерін және қайырымдылық жасау қолдау табады.
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары ақы төлемей, заңда белгiленген тәртіппен медициналық көмек алуға құқылы.
3. Мемлекеттік және жекеменшiк емдеу мекемелерiнде, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысатын тұлғалардан ақылы медициналық көмек алу заңда белгiленген негiзде және көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей бастауыш және орта білім алуына кепiлдiк берiледi. Бастауыш және орта білім мiндеттi.
2. Қазақстан Республикасы азаматының заңға сәйкес мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурс негiзінде жоғары білім алуға құқығы бар.
3. Жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңда белгiленген негiзде және көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Мемлекет білім берудiң жалпыға мiндеттi стандарттарын белгiлейдi. Барлық оқу орнының қызметi осы стандарттарға сәйкес келуге тиіс.
5. Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие.
1. Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті.
2. Мемлекет адамның өмiр сүруiне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.
3. Адам өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн фактілерді, мән-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауаптылыққа алып келеді.
Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбiт жиналыс, митинг, демонстрация өткізуге құқығы бар. Бұл құқықты пайдалану конституциялық құрылыс негіздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін.
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына өзі жүгiнуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтiнiш жолдауға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар.
3. Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға, жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы жоқ.
Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қатысты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлануға құқығы жоқ.
4. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар заңға сәйкес лауазымдық мiндетіне ғана қатысты болады.
1. Әр адам Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
2. Әр адам Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге мiндеттi.
Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу - әр адамның борышы мен мiндетi.
1. Қазақстан Республикасын қорғау - оның әр азаматының қасиеттi парызы мен мiндетi.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары әскери қызметті заңда белгiленген түрде және көзделген тәртiппен өткереді.
Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiне ұқыпты қарауға мiндеттi.
1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылыс негіздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында тек заңмен және қажетті шамада ғана шектелуi мүмкiн.
Документ утратил силу