«Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының проблемаларын кешенді шешу жөніндегі 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламаны бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 20 қыркүйектегі № 927 Қаулысы (2006.24.05. берілген өзгерістермен)

Предыдущая страница

Жүргiзілген тексерулер ағымдағы жылы Шығыс-Қазақстан облысы бойынша 56 су құбырларының құрылысы зарарсыздандырғыш қондырғылардың, санитарлық қорғау құрылғылары алаңдарының болмауынан және жоспарлы алдын алу жұмыстарының уақтылы жүргізілмеуінен санитарлық талаптарға жауап бермейтiнiн көрсетті, осыған байланысты радионуклидтердің ауыз суға түсу қатері пайда болады.

Осыған байланысты қазiргі уақытта өңiрдi ауыз сумен жабдықтауды жақсарту жөнінде қосымша шаралар қабылдануда. Ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын, "Ауыз су" бағдарламасын iске асыру шеңберiнде 2004 жылы республикалық бюджет қаражаты есебiнен 16 елдi мекендi 1133,36 млн. теңге сомада сумен жабдықтау жөніндегі жобалар iске асырылуда.

 

§ 5. Өңiр халқын әлеуметтiк қорғау

 

Семей ядролық сынақ полигоны маңындағы аумақтарда тұратын халықты әлеуметтiк қолдау "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Заңына (бұдан әрi - Заң) сәйкес жүзеге асырылады. Бұл Заңда ядролық сынақтардың әсер етуiнен зардап шеккен азаматтардың мәртебесi мен аумақтардың жiктелуi белгiленген, өтемақылар, жеңілдіктер мен басқа іс-шаралардың тiзбесi айқындалған, ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға бір жолғы ақшалай өтемақы (бұдан әрі - Өтемақы) төлеу көзделген.

Жыл сайын республикалық бюджетте зейнеткер жасына толған және Заңға сәйкес оны алуға бірінші кезектi құқығы бар адамдарға өтемақыны төлеу үшін қаражат көзделеді. 2004 жылы бұл мақсаттарға 197,1 млн. теңге көзделген.

Төтенше және ең жоғары радиациялық қауiптi аймақтарда тұратын және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн зейнетке шыққан азаматтарға зейнетақыларына үстемеақы төленеді.

Зейнетақыға қосылатын экологиялық үстемеақылар бойынша 1995-1997 жылдары пайда болған кредиторлық берешектiң едәуір бөлiгi өтелген. Азаматтардың зейнетақысына қосылатын экологиялық үстемеақы бойынша берешектi төлеу үшін 2004 жылы республикалық бюджетте 652,0 млн.теңге көзделді.

Бір жолғы ақшалай өтемақыны алуға құқығы бар азаматтардың қалған санаттарын тіркеу Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте өтемақыға құқығы бар азаматтарды тiркеу және есепке алу жөніндегі жұмысты үйлестiрудi әкiмдiктер жанынан құрылатын арнайы комиссиялар жүзеге асырады.

Сонымен қатар, жұмыс iстейтiн азаматтарға бір жолғы ақшалай өтемақыны төлеу туралы нақты өзектi база жоқ, осыған байланысты Қазақстан Республикасы Үкіметінiң тапсырмасына сәйкес өтемақы алушылардың дерекқорын түгендеу жұмысы жалғасып жатыр.

Заңға сәйкес жұмыс iстейтiн халық, олар тұратын аумақтарды жіктеуге сәйкес қосымша еңбекақы мен қосымша еңбек демалысына құқығы бар.

Сонымен қатар, "Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 10 желтоқсандағы Заңының нормасына сәйкес қызметкердің жалақысы орындайтын жұмыстың санына, сапасы мен күрделігіне байланысты айқындалады, ал қосымша еңбекақы көзделмейдi.

Осыған байланысты, осы заңнамалық кесiмдерде бұл қарама-қайшылықты жою қажеттілігі туындайды.

Семей полигонының маңындағы аумақтарға барлық елдi мекендерде табысы aз азаматтарға атаулы әлеуметтiк көмек көрсету және халықты жұмыспен қамту мәселелерiн шешу жөнiндегі iс-шаралар жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректерi бойынша 2003 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша жұмыссыздық деңгейi республика бойынша 8,8%-ға қарағанда 7,3%, 2004 жылғы екiнші тоқсанда - тиісінше 7,0% және 8,3% құрады.

Сонымен қатар, Заңда көзделген әлеуметтік төлемдер мен жеңiлдiктер халықты оңалту және радиациялық ахуалды жақсарту сияқты өңiрдiң басты проблемаларын шешудi қамтамасыз етпейтiнін атап өту қажет.

 

4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi

 

Бағдарламаның мақсаты өңiр халқының өмiр сүруiнің сапалы деңгейiне әсер ететiн экологиялық, экономикалық және медициналық-әлеуметтік факторларды жақсарту болып табылады.

Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшiн мынадай мiндеттердi шешу көзделiп отыр:

халықты медициналық оңалту және өңiрде аурушаңдықтың деңгейiн төмендету;

радиоактивтi улануға ұшыраған аумақтарды радиологиялық бағалау және халықтың қауiпсіздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдау;

әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту;

ССП ғылыми-техникалық әлеуетін әртараптандыру.

Аталған мiндеттердi шешу әртүрлi бағыттағы шаралардың кең ауқымын әзiрлеудi және iске асыруды көздейдi.

 

5. Бағдарламаны iске асырудың негiзгі бағыттары мен тетігі

 

Алға қойылған мақсатқа қол жеткізу және мiндеттердi шешу төрт негiзгі бағытта жүзеге асырылады: халықты медициналық оңалту және өңiрде аурушаңдықтың деңгейiн төмендету; радиоактивтi улануға ұшыраған аумақтарды радиологиялық бағалау және халықтың қауiпсіздігін қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдау; әлеуметтiк инфрақұрылымды дамыту; ғылыми-техникалық әлеуетті әртараптандыру.

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының проблемаларын кешендi шешу жөніндегі бағдарламаның орындалуы, оны iске асыру жөніндегi iс-шаралар жоспарының негiзiнде жүзеге асырылады.

Іс-шаралардың кешенділігi Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарларын жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының барлық бағыттары бойынша мақсатты бағытталған және келісілген iс-әрекеттердi қамтамасыз етуге арналған атқарушы билiктiң барлық деңгейлерiнiң қызметiн үйлестiруге және мүмкiншілігін жұмылдыруға мүмкiндiк бередi.

Бағдарламаны iске асыру жөнiндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын бақылау арқылы Бағдарламаны iске асырудың тұрақты мониторингi мен тиiмділігін бағалау жүзеге асырылатын болады.

 

§ 1. Халықты медициналық оңалту және өңірде ауруға

шалдығу деңгейiн азайту

 

ССП-тің халқын сауықтыру үшін:

"Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының қолданысына жатқызылатын аумақтарда тұратын халықтың денсаулығының жай-күйi туралы, оның iшiнде 1992 жылмен салыстырғанда, кешендi қорытынды дайындау;

ядролық сынақтар мен иондаушы сәулелендiрудiң көлемдi техногендiк көздерінің әсеріне ұшыраған халықты мақсатты алдын алу, диагностикалау және диспансерлеу жүйесiн құру жөнiнде ұсыныстар дайындау;

ядролық сынақтар мен иондаушы сәулелендiрудің көлемдi техногендiк көздерінің әсерiне ұшыраған Қазақстан Республикасы халқының мемлекеттік медициналық автоматтандырылған тiркелiмiн жасау жөніндегі жұмыстарды жалғастыру;

ядролық қаруды сынақтан өткізу әсерiне ұшыраған халықтың қаны мен тiнiнiң ұлттық банкін құру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

Семей өңiрiнiң проблемалары жөніндегі 1999 жылғы Токио халықаралық конференциясының қорытындылары бойынша қабылданған Халықаралық бағдарламаны және БҰҰ-ның "Қазақстандағы Семей өңiрiнiң халқын, экологиясын сауықтыру және оны экономикалық дамыту мақсатындағы халықаралық ынтымақтастық және қызметтi үйлестiру" атты бағдарламасын iске асыру шеңберiнде халықаралық көмекті жандандыру жөніндегі жұмысты күшейту;

ядролық қондырғыларда жұмыс iстейтiн халыққа көрсетiлетiн медициналық қызметтiң ерекшелігін ескере отырып, Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қаласының денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық жабдықпен жарақтандыру бойынша ұсыныстар әзiрлеу көзделедi;

Өңiрде онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудi жетiлдiру, денсаулық сақтаудың материалдық-техникалық базасын нығайту жөнiнде қосымша шаралар қабылданады.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 13 қыркүйектегі № 1438 Жарлығымен бекітілген Денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберiнде 2006 жылы Семей қаласында облыстық онкологиялық диспансердiң радиологиялық орталығын салуды аяқтау көзделген. 2005 жылы Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласында онкологиялық диспансердiң жанынан Сәуле терапиясы орталығының құрылысын бастау көзделiп отыр. Көрсетілген объектілердiң құрылысына 2005-2007 жылдар iшiнде республикалық бюджеттен 1625,6 млн.теңге бюджет қаражатын бөлу көзделіп отыр.

Семей өңiрiнiң халқын медициналық оңалту жөнiндегі қазiргі заманғы жабдықпен жарақтандырылған жаңа объектілердi салумен байланысты:

Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында облыстық онкологиялық диспансердiң пайдалануға енгiзілетiн радиологиялық орталығын ұтымды пайдалану жөнiнде шаралар әзiрлеу;

Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласындағы онкологиялық диспансердiң жанынан Сәуле терапиясы орталығын салумен байланысты науқастарды емдеудiң қазiргі заманғы технологияларын енгізу жөніндегі iс-шаралар жоспарын әзiрлеу;

Семей қаласындағы облыстық онкодиспансердiң салынып жатқан радиологиялық орталығын жабдықпен жарақтандыруға Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктi (АТЭХАГ) қатыстыру мәселелерiн пысықтау көзделiп отыр.

 

§ 2. Радиациялық және ядролық қауiпсіздiктi қамтамасыз ету және Семей өңiрi үшiн жарылыстардан кейiнгі құбылыстардың

ауқымын бағалау

 

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының қауiпсіздiгiн қамтамасыз ету мақсатында:

бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонына тексеру жүргізу мен жайластыруды және жұмыстардың қауiпсіз жүргiзілуiн регламенттейтін нормативтiк-техникалық базаны және шаруашылық қызметiн жүргізудiң мониторингін әзiрлеудi;

ядролық және радиациялық қауiптi объектілердiң қауiпсіздігін қамтамасыз етудi және таратпау режимiн қолдау жөніндегi іс-шаралар жоспарын жүргiзудi;

ядролық қару қызметiнің қалдықтарын, радиоактивтi және уытты қалдықтарды жою және консервациялау және радиациялық ластанған аумақтарды ремедиациялау (қалпына келтiру) жөнiнде iс-шаралар кешенiн жүргiзудi;

ССП-нiң аумағында жарылыстан кейiнгi құбылыстардың ауқымын бағалауды және радиациялық жағдайдың дұрыс картасын жасауды;

басқарушылық шешiмдер қабылдаудың ақпараттық жүйесiн құруды және ССП-нiң радиоэкологиясы мәселелерi жөнінде халықты ақпараттандыру мен ағарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды қамтитын шараларды iске асыру көзделiп отыр.

Көрсетілген iс-шаралардан басқа, ССП маңындағы аумақтарда атмосфералық ауаны, су және жер ресурстарын қорғау, радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқа да мiндеттердi шешудi көздейтiн экологиялық бағыттағы өңірлік бағдарламалар iске асырылатын болады.

 

§ 3. Әлеуметтiк инфрақұрылымды дамыту және халықты

әлеуметтік қорғау

 

Әлеуметтiк инфрақұрылымды одан әрі дамыту мақсатында Бағдарламада бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының маңындағы елдi мекендерде денсаулық сақтау, білім беру желiлерi мен және ауыз сумен жабдықтау объектілерiнің жай-күйін талдау көзделеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 13 қыркүйектегi № 1438 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған, Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы № 1459 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған, Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 10 шiлдедегi № 1149 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларын iске асыру шеңберiнде 2005-2007 жылдары 8 мектеп, 1 орталық аудандық және 2 туберкулезге қарсы аурухана салу көзделуде.

Бұдан басқа, осы кезеңде 1 орталық аудандық аурухананың құрылысын бастау көзделуде.

Осы мақсаттарға үш жылдық кезең iшiнде республикалық бюджеттен 3647,4 млн.теңге бөлу көзделуде.

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 23 қаңтардағы № 93 қаулысымен бекiтілген 2002-2010 жылдарға арналған "Ауыз су" бағдарламасы шеңберiнде 2005-2007 жылдар аралығында ауыз сумен жабдықтаудың 7 объектiсiнiң құрылысы салынатын, құрылысы аяқталатын немесе қайта жаңартылатын болады. ССП маңындағы елді мекендердi сумен жабдықтауға үш жылда республикалық бюджеттен 1818,6 млн.теңге бөлу көзделіп отыр.

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының маңындағы аумақтарда халықтың өмiр сүру деңгейiн жақсарту үшiн тұрақты жұмыс орындарын құру және жұмыссыздықты одан әрі азайту жөніндегі жұмысты күшейту көзделуде.

Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының маңындағы елді мекендерде тұрып жұмыс істейтін халыққа "қосымша еңбекақы" терминiн еңбек туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келтiру бойынша "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер енгізу жөнiнде ұсыныстар әзірлеу көзделіп отыр.

Төтенше және ең жоғары радиациялық қауiп аймақтарында тұратын және зейнеткерлікке 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін шыққан азаматтарға зейнетақыларына үстемеақы төлеу жалғастырылатын болады.

 

§ 4. Ғылыми-техникалық әлеуеттi әртараптандыру

 

ССП-ның аумағы мен ғылыми-техникалық әлеуетiн одан әрі дамыту мақсатында:

қазақстандық ТОҚАМАҚ термоядролық материалтану реакторын құру мен пайдалануды ғылыми-техникалық қамтамасыз етудiң бағдарламасын қалыптастыру және iске асыру;

қазақстандық ТОҚАМАҚ термоядролық материалтану реакторын құру жобасын iске асыру;

ядролық және радиациялық қауіпсіздік мақсатында "Қазақстан Республикасының ұлттық ядролық орталығы" республикалық мемлекеттік кәсiпорнының базалық зерттеу ядролық реакторларын жаңғырту жөнiнде ұсыныстар әзірлеу;

"Байкал-1" зерттеу реакторлары кешенiнде радиациялық-қорғау камерасын және ұзақ сақтау пункттерін құру" инвестициялық жобасының техникалық-экономикалық негiздемесiн әзiрлеу;

Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық стратегиясы шеңберiнде "Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының қолданысына жатқызылатын аумақтар экономикасының нақты секторындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселелерiн пысықтау;

"Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының қолданысына жатқызылатын аумақтарда шағын кәсiпкерлiк субъектілеріне кредит беру мәселелерiн пысықтау көзделіп отыр.

 

6. Қажетті ресурстар және оларды қаржыландыру көздерi

 

Бағдарламаның iске асырылуы республикалық бюджеттен 4945,2 млн. теңге, оның iшiнде 2005 жылы - 1634,3 млн. теңге, 2006 жылы - 2517,97 млн. теңге, 2007 жылы - 792,9 млн. теңге мөлшерiнде қаржыландыруды қажет етедi.

Бұл қаражат Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2004 жылғы 31 тамыздағы № 917 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2005-2007 жылдарға арналған орта мерзiмдi жоспарының құрамындағы, сондай-ақ ағымдағы бюджеттік бағдарламалар шеңберiнде басымды бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесiне (бұдан әрi - Тiзбе) енгiзілген объектілердi салуға және қайта жаңартуға бағытталатын болады. Қаражаттың нақты көлемi тиiстi жылға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру процесі кезінде жыл сайын нақтыланатын болады.

Өңірде әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мақсатында қолданыстағы мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалар шеңберінде 2005-2007 жылдары білім беру, денсаулық сақтау және ауыз сумен жабдықтау объектілерінің құрылысына республикалық бюджеттен 7091,5 млн. теңге бөлу көзделуде.

Оларға:

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

Денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

Білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

2002-2010 жылдарға арналған "Ауыз су" салалық бағдарламасы және басқалар жатады.

Бұдан басқа Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласын дамыту 2006-2008 жылдарға арналған, қоршаған ортаны қорғау 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламалар шеңберіндегі және бағдарламадан тыс жобаларды (Семей қаласында Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы, жылумен қамсыздандыруды жаңарту және басқалары) іске асыруға республикалық бюджеттен 38766,6 млн. теңге бөлу көзделеді.

Семей өңiрiнiң мұқтажына халықаралық ұйымдармен донор елдердiң қаражатын тарту жөніндегі жұмысты жалғастыру көзделуде.

Бағдарламаны iске асыру мақсаттарында күш жiгер ұлттық органдар мен халықаралық серiктестiктердiң синергиясын қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Бұл ретте Семей өңiрiнiң проблемалары жөніндегі 1999 жылғы Токио халықаралық конференциясының қорытындылары бойынша қабылданған Халықаралық бағдарламаны iске асыру жөніндегі тәжiрибе ескерілiп, әзiрлемелер пайдаланылатын болады.

 

7. Бағдарламаны іске асырудан күтiлетін нәтижелер

 

Бағдарламаны iске асыру ССП маңындағы аумақтарда тұратын халықты медициналық оңалтуды жүзеге асыруға, азаматтарға медициналық қызмет көрсету деңгейiн арттыруға, әлеуметтiк инфрақұрылым объектілерi желісінiң жай-күйiн жақсартуға мүмкiндiк береді.

ССП-тің шекарасы қалпына келтiрiліп, нақты белгiленетiн, оның аумағындағы техникалық алаңдардың радиациялық ластануының үш егжей-тегжейлі картасы жасалатын, ластанған жекелеген учаскелер қалпына келтiрiлетiн болады.

Бұдан басқа, ССП-тің аумағында шаруашылық қызметті жүргiзу тәртібін регламенттейтiн нормативтік құқықтық база және бұл қызмет мониторингiнiң жүйесi қалыптастырылатын болады.

Бағдарламаны iске асыру ССП-тың ғылыми-техникалық әлеуетiн әртараптандыруға ықпал ететiн болады. Қазақстандық ТОҚАМАҚ термоядролық материалтану реакторын құруды және пайдалануды ғылыми-техникалық қамтамасыз ету бағдарламасы қалыптастырылып, iске асырылады және TOҚАМАҚ-ты құру жобасы iске асатын болады.

 

8. Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының проблемаларын

кешендi шешу жөніндегі 2005-2007 жылдарға арналған

бағдарламаны iске асыру жөнiндегі iс-шаралар жоспары