«Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың
тәуелсіз директорларының кейбір мәселелері туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 26 желтоқсандағы № 1286 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоксандағы № 1354 Қаулысымен күші жойылды
«Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламасын орындаудың желілік кестесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 наурыздағы № 222 қаулысын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған:
1) акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың тәуелсіз директорлары лауазымына кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары;
2) акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың тәуелсіз директорларын іріктеу ережесі;
3) акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың тәуелсіз директорлары қызметінің тиімділігін бағалау ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің міндетін атқарушы |
К. Мәсімов |
Үкіметінің
2006 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 1286 қаулысымен
Бекітілген
Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың тәуелсіз директорлары
лауазымына кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары
1. Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың тәуелсіз директорлары лауазымына кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары:
1) тәуелсіз директор мәртебесінің «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келуін;
2) акционерлік қоғамның негізгі қызметіне артықшылықпен сәйкес келетін салаларда жоғары білімінің болуын;
3) акционерлік қоғамның негізгі қызметіне артықшылықпен сәйкес келетін салаларда кемінде 5 жыл басшылық (заңды тұлғаның басшысы немесе оның орынбасарлары, акционерлік қоғам директорлары кеңесінің мүшесі) жұмыс тәжірибесінің болуын қамтиды.
2. Тәуелсіз директор ретінде:
1) заңды тұлғаны банкрот деп тану туралы шешім қабылданғанға дейін бір жылдан аса басқа заңды тұлғаның басшысы болып табылған;
2) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам ұсыныла алмайды.
Үкіметінің
2006 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 1286 қаулысымен
Бекітілген
Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың
тәуелсіз директорларын іріктеу ережесi
1. Жалпы ережелер
1. Осы Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың тәуелсіз директорларын іріктеу ережесі (бұдан әрі - Ереже) акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың тәуелсіз директорларын (бұдан әрі - тәуелсіз директор) конкурстық негізде іріктеу тәртібін айқындайды.
2. Ережеде мынадай ұғымдар қолданылады:
атқарушы орган - акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
уәкілетті орган - өз құзыретінің шегінде республикалық меншік, жекешелендіру объектілерін басқару және экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншіктің мемлекеттік мониторингі саласында іске асыру және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
3. Конкурс Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін біліктілік талаптарына сәйкес тәуелсіз директорды іріктеу мақсатында өткізіледі.
4. Конкурсты құрамын атқарушы орган қалыптастыратын және бекітетін конкурстық комиссия өткізеді.
5. Конкурстық комиссия алқалы орган болып табылады. Конкурстық комиссия мүшелерінің саны тақ санды құрауы тиіс.
6. Конкурстық комиссияның құрамына атқарушы органның бірінші басшысы немесе оның орынбасары, уәкілетті органның және тиісті акционерлік қоғамдар директорларының кеңесінде ұсынылған өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері міндетті түрде енгізіледі.
Қажетті құжаттарды, материалдарды дайындау және комиссия отырыстарының хаттамасын ресімдеуді комиссия мүшесі болып табылмайтын комиссия хатшысы жүзеге асырады.
7. Атқарушы органның бірінші басшысының орынбасарынан төмен емес лауазымдағы тұлға конкурстық комиссияның төрағасы болып табылады, ол оның қызметіне басшылық жасайды, комиссияның отырыстарында төрағалық етеді, жұмысын жоспарлайды және оның шешімдерінің іске асырылуы үшін жалпы бақылауды жүзеге асырады.
8. Уәкілетті органның бірінші басшысының орынбасарынан төмен емес лауазымдағы уәкілетті органның өкілі конкурстық комиссия төрағасының орынбасары болып табылады.
9. Конкурстық комиссияның отырысы конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісінің қатысуы шартымен және конкурстық комиссия төрағасы міндетті түрде қатысқан кезде өткізіледі. Конкурстық комиссияның шешімі ашық дауыс берумен қабылданады және егер қатысып отырған конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі оған дауыс берсе қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, конкурстық комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
10. Конкурстық комиссия шешімімен келіспеген жағдайда, конкурстық комиссияның кез-келген мүшесінің айрықша пікірге құқығы бар, ол жазбаша түрде баяндалуы және конкурстық комиссия отырысының хаттамасына қоса тіркелуі тиіс. Конкурстық комиссияның қандай да бір мүшесі өндірістік немесе басқалай себеппен болмаған жағдайда, конкурстық комиссия отырысының хаттамасында оның болмау себебі мен осы фактіні растайтын құжатқа сілтеме көрсетіледі.
11. Егер белгіленген күні мен уақытында конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы кворумның болмауы себебінен өтпеген жағдайда, конкурстық комиссияның хатшысы конкурсқа ұсынылған конкурстық өтінімдері бар конверттердің сақталуын қамтамасыз етеді және хабарлаған мерзімнен 3 жұмыс күнінен кешіктірмей конверттерді ашу күні мен уақытын хабарлайды. Бұл ретте, қайта берілген өтінімдер қабылданбайды.
12. Егер конкурсқа қатысуға біліктілік талаптарына сәйкес келетін бір кандидат конкурстық өтінім берген болса, не конкурстық өтінімдер түспеген болса немесе кері қайтарылып алынса, онда конкурстық комиссия конкурсты өткізілмеді деп таниды және қайта конкурс өткізу туралы шешім қабылдайды.
13. Алдағы болатын конкурс туралы ақпаратты атқарушы орган Қазақстан Республикасының барлық аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында және өз web-сайтында орналастырады.
14. Алдағы болатын конкурс туралы ақпарат немесе шақыру конкурс өткізілетін күні, уақыты мен орны, біліктілік талаптары, тәуелсіз директордың сыйақы ставкасы туралы мәліметтерді қамтуы тиіс.
15. Конкурстық өтінімдер беру мерзімі конкурс туралы ақпарат орналастырылған сәттен бастап 30 күнтізбелік күннен аспауы тиіс.
16. Конкурс мынадай кезеңдерден тұрады:
1) конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу;
2) өздерінің конкурсқа қатысуын растаған кандидаттардың біліктілігін бағалау;
3) кандидаттармен әңгімелесу өткізу және тәуелсіз директорды, сондай-ақ кандидаттарды резервке іріктеу;
4) конкурс нәтижелерін шығару.
17. Кандидаттың конкурсқа қатысуы үшін ұсынатын конкурстық өтінімі:
1) кандидаттың өтінішін;
2) кандидаттың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;
3) білімі, сондай-ақ ғылыми дәрежесі туралы құжаттардың, олар болған кезде лицензиялардың және/немесе патенттердің, куәліктердің, сертификаттардың тиісті үлгіде куәландырылған көшірмелерін;
4) кандидаттың түйіндемесін қамтуы тиіс.
18. Кандидат конкурстық өтінімнің түпнұсқасын «Түпнұсқа» деген белгі қойып, оны конвертке салып мөрлейді. Бұл конвертте кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты, мекен-жайы және телефон нөмірі көрсетілуі тиіс. Содан соң конверт сыртқы конвертке салынып мөрленеді.
Ішкі және сыртқы конверттер:
1) шақыруда немесе мерзімді баспа басылымдарында және web-сайттағы ақпаратта көрсетілген мекен-жай бойынша атқарушы органға бағытталуы;
2) «Акционерлік қоғамның директорлар кеңесіне мүше тәуелсіз директордың конкурсы» және «дейін ашуға болмайды» (шақыруда немесе мерзімді баспа басылымдарында және web-сайттағы ақпаратта көрсетілген конвертті ашу күні мен уақыты) деген сөздерді қамтуы тиіс.
19. Конкурстық өтінім мемлекеттік, орыс және қажет болған кезде өзге де тілдерде жіберіледі.
20. Конкурстық комиссия шақыруларда немесе мерзімді баспа басылымдарында және web-сайттағы ақпаратта көрсетілген орында және уақытында ұсынылған конкурстық өтінімдер бар конверттің түпнұсқасын ашады.
21. Конкурстық өтінімдер бар конверттерді ашу рәсімінің қорытындылары бойынша конкурстық комиссияның хатшысы конкурстық комиссия мүшелері мен оның хатшысы қол қоятын ашу хаттамасын жасайды.
22. Конкурстық комиссия бес жұмыс күні ішінде конкурстық өтінімдер бар конверттерді ашу күнінен кейін кандидаттың тәуелсіз директорлардың біліктілік талаптарына сәйкес келуін бағалауды жүргізеді.
23. Конкурстық комиссия кандидаттардың біліктілік талаптарына сәйкестігі мәніне бағалау нәтижелері бойынша әңгімелесу күнін, уақытын және оны жүргізу орнын көрсете отырып шақыру жіберілетін біліктілік талаптарына сәйкес келетін кандидаттарды іріктеуді айқындайды.
4. Конкурс қорытындыларын шығару
24. Жүргізілген әңгімелесудің нәтижелері бойынша конкурстық комиссия он жұмыс күні ішінде тәуелсіз директорды іріктейді, сондай-ақ резервке екі кандидатты белгілейді.
25. Конкурстық комиссияның шешімі конкурстық комиссия мүшелері мен оның хатшысы қол қоятын хаттамамен ресімделеді және конкурстық өтінімдер берген барлық кандидаттарға жіберіледі.
26. Кандидаттар конкурстық комиссияның шешіміне сот тәртібімен шағымдана алады.
27. Конкурстық комиссия әңгімелесу қорытындылары бойынша конкурсқа қатысушылар ішінен резервке алу үшін кандидаттарды айқындайды.
28. Конкурстық комиссияның хатшысы кандидатты резервке алу туралы өзі және конкурстық комиссияның мүшелері қол қоятын хаттаманы ресімдейді.
29. Кандидатты резервке алу оның келісімімен жүргізіледі.
30. Кандидатты резервке алу туралы хаттама мынадай ақпаратты:
тәуелсіз директор лауазымына кандидат конкурсқа қатысқан акционерлік қоғамның атауын;
резервке алынған кандидаттың тегін, атын, әкесінің атын;
резервке алынған кандидаттың туған күнін, білімін, білімі бойынша мамандығын;
резервке алынған кандидаттың жұмыс орнын (ұйымын, атқарып отырған лауазымын, лауазымда қай уақыттан бері);
резервке алынған күнін қамтуы тиіс.
Кандидатты резервке алу туралы хаттаманы конкурстық комиссия уәкілетті органға жібереді.
31. Уәкілетті орган осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі барлық акционерлік қоғамдар үшін жарамды резервке алынған тәуелсіз директорлар лауазымына кандидаттардың бірыңғай тізімін ресімдейді.
32. Тиісті акционерлік қоғамның кандидаттар резерві оны конкурстық комиссия бекіткен күнінен бастап бір жыл бойы жарамды.
33. Конкурстық комиссия резервке алынған кандидаттарды кейінгі конкурстарға жалпы негіздерде қатысу үшін шақырады.
Акцияларының бақылау пакеттері
мемлекетке тиесілі акционерлік
қоғамдардың тәуелсіз директорларын
іріктеу ережесіне қосымша
Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдардың тәуелсіз
директорлары лауазымына резервке алынған кандидаттардың
тізімi
| P/c № | Акционерлікқоғам | Резервке алынған кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты | Туған күні, білімі, білімі бойынша мамандығы | Жұмыс орны (ұйымы, атқарып отырған лауазымы, лауазымда қай уақыттан берi | Резервке алынған күнi |
|
|
|
|
|
|
|