Кеме экипажының ең аз құрамы талаптарын белгілеу туралы
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2006 жылғы 11 желтоқсандағы № 323 бұйрығы
ҚР Көлік және коммуникация министрінің м.а. 2011 жылғы 6 тамыздағы № 496 бұйрығымен күші жойылды
«Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Кеме экипажының ең аз құрамы талаптары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті (Қ.Б. Тұрлыханов) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеу үшін ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация вице-министрі Ә.Қ. Құсайыновқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр | С. Н. Ахметов |
Көлік және коммуникация
министрінің
2006 жылғы 11 желтоқсандағы
№ 323 бұйрығымен бекітілді
Кеме экипажының ең аз құрамы талаптары
1. Осы Кеме экипажының ең аз құрамы талаптары (бұдан әрі - Талаптар) мүшелерінің тиісті біліктілігі бар және құрамы кеме жүзуінің қауіпсіздігін және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге қажет кеме экипажының ең аз құрамының (бұдан әрі - ең аз құрам) санын белгілейді.
2. Талаптар Қазақстан Республикасының Теңіз кемелерінің мемлекеттік кеме тізілімінде және бербоут-чартерлік тізілімінде мемлекеттік тіркеуге жататын өздігінен жүретін кемелерге таралады.
3. Кеменің осы Талаптарға сәйкестігі кеменің мемлекеттік тіркелуі жүзеге асырылған теңіз портының капитаны үш жылғы мерзімге Талаптарға қосымшаға сәйкес нысан бойынша беретін Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікпен расталады.
4. Кеме экипажының саны осы Талаптарға қоса берілген Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікте көрсетілгеннен кем болғанда, кеме теңізге шығуға жіберілмейді.