Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының Регламентін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының 2007 жылғы 7 наурыздағы
№ 9 Қаулысы
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 22-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының ұсынылып отырған Регламенті бекітілсін.
2. 2001 жылғы 16 тамызда жалпы отырыс бекіткен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысы Регламентінің күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Қ. Мәми |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Ж. Бәйішев |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы
Соты жалпы отырысының
7 наурыздағы 2007 жылғы № 9
қаулысымен БЕКІТІЛДІ
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жалпы отырысының Регламентi
1-тармақ. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес жалпы отырыс Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының органы болып табылады. Оның мәртебесі, өкілеттілігі, отырыстарды өткізудің шарттары мен тәртібі, Жоғарғы Сот Төрағасының, жалпы отырыс хатшысының уәкілеттілігі, жалпы отырысқа сұрақтарды дайындау процедурасы Конституциялық заңмен, «Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасының Әділет біліктілік алқасы туралы»заңдарымен, «Сот жюриі туралы Ережемен», «Судьялардың республикалық және облыстық тәртіптік-біліктілік алқасы туралы Ережесімен» және осы Регламентпен анықталады.
2-тармақ. Жоғарғы Соттың жалпы отырысы:
1) алқалардың сандық және дербестелінген құрамын белгілейді;
2) сот тәжірибесін зерделейді және оны қорыту нәтижелері бойынша Республика соттарының сот төрелігін атқару кезінде заңдылықты сақтау мәселелерін қарайды;