Азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтауды және отбасын жоспарлау жөнінде қызметтер көрсетуді дамыту жөніндегі шаралар туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 28 қазандағы № 595 Бұйрығы
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 1 ақпандағы № 74 бұйрығымен күші жойылды
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 96-бабына сәйкес және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтоқсандағы № 1325 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында ана мен бала өлім-жітімін төмендетудің 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламасын орындау үшін БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Азаматтардың ұрпақты болу денсаулығын сақтауды және отбасын жоспарлау жөнінде қызметтер көрсетуді дамыту жөніндегі нұсқаулық бекітілсін.
2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының денсаулық сақтау басқармалары (келісім бойынша) осы бұйрықты іске асыру жөніндегі шараларды қабылдасын.
3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Стратегия және денсаулық сақтау саласын дамыту департаменті (Айдарханов А.Т.) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу жөніндегі іс-шараларды қабылдасын.
4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Әкімшілік-құқықтық жұмыс департаменті (Бисмильдин Ф.Б.) осы бұйрықтың ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Т.А. Вощенковаға жүктелсін.
6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енеді.