Шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу технологиялық процесін ұйымдастыру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2007 жылғы 27 желтоқсандағы № 777 Бұйрығы
ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 17 қаңтардағы № 10-1/18 бұйрығымен күші жойылды
«Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының 7-бабының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу технологиялық процесін ұйымдастыру ережесі бекітілсін.
2. Егіншілік және фитосанитариялық қауіпсіздік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр | А. Есімов |
шаруашылығы министрінің
2007 жылғы 17 желтоқсандағы
№ 777 бұйрығымен бекітілген
Шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу технологиялық процесін ұйымдастыру
ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу технологиялық процесін ұйымдастыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Мақта саласын дамыту туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының 7-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу технологиялық процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) линт - мақта талшығын мақта тұқымынан ажыратқаннан кейін қалған тұқымның талшықты қабығы;
2) мақта - шитті мақта, мақта талшығы, мақта тұқымы;
3) мақта қабылдау пункті - шитті мақтаны қабылдауға, сақтауға және беруге арналған арнаулы ғимарат;
4) мақта өңдеу ұйымы - меншік құқығында мақта тазалау зауыты бар, шитті мақтаны мақта талшығы етіп бастапқы өңдеу жөнінде қызметтер көрсететін заңды тұлға;