Әкімшілік құқық бұзушылықтар және оларды жасаған тұлғалар туралы орталықтандырылған деректер банкін құру және оның жүргізілуі жөніндегі Нұсқаулықты бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2009 жылғы 29 қыркүйектегі № 53 Бұйрығы
Осы редакция 2010 жылғы 17 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Мемлекеттік құқықтық ақпараттық статистикалық жүйені жетілдіру және дамыту мақсатында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексін» қолдану барысында мемлекеттік органдарды ақпараттық қамтамасыз ету үшін, «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 4-1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (бұдан әрі - Комитет) базасында әкімшілік құқық бұзушылықтар және оларды жасаған тұлғалар туралы орталықтандырылған деректер банкі құрылсын.
2. Әкімшілік құқық бұзушылықтар және оларды жасаған тұлғалар туралы орталықтандырылған деректер банкін құру туралы Нұсқаулық 1-ші қосымшаға сәйкес бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының жекелеген актілерінің 2-ші қосымшаға сәйкес күштері жойылды деп танылсын.
4. Осы бұйрық жолдансын:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркелуі үшін;
2) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілеріне және Комитеттің аумақтық органдарына орындалуы үшін.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Комитет Төрағасына (Ахметжановқа М.М.) жүктелсін.
6. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен соң қолданысқа енеді.