Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 26 қазандағы
№ 1668 қаулысымен
бекітілген
«Жеке және заңды тұлғалардың азаматтық, қызметтік қаруының
әрбір бірлігін тіркеу және қайта тіркеу»
мемлекеттік қызмет көрсету стандарты
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Жеке және заңды тұлғалардың азаматтық, қызметтік қаруының әрбір бірлігін тіркеу және қайта тіркеу» мемлекеттік қызмет көрсету стандарты (бұдан әрі - стандарт) жеке және заңды тұлғалардың азаматтық, қызметтік қаруының әрбір бірлігін тіркеу және қайта тіркеу бойынша мемлекеттік қызмет (бұдан әрі - мемлекеттік қызмет) көрсету тәртібін белгілейді.
2. Көрсетілетін мемлекеттік қызмет нысаны: автоматтандырылмаған.
3. Мемлекеттік қызмет «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы», «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасы заңдарының негізінде көрсетіледі.
4. Мемлекеттік қызметті осы стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекен-жайлар бойынша Ішкі істер министрлігінің, облыстардың, Астана, Алматы қалаларының және көліктегі ішкі істер департаменттерінің, қалалық, аудандық ішкі істер органдарының лицензия-рұқсат беру жүйесінің (бұдан әрі - ЛРЖ) бөлімшелері көрсетеді.
5. Мемлекеттік қызмет аяқтау нысаны: жеке тұлғаға қаруды сақтауға немесе сақтауға және алып жүруге берілген, заңды тұлғаға қаруды сақтауға берілген рұқсат болып табылады.
6. Мемлекеттік қызмет:
1) 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктерге;
2) ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғалардың қызметкерлеріне;
3) күзет қызметі субъектілерінің 19 жасқа толған қызметкерлеріне;
4) ерекше жарғылық міндеттері бар заңды тұлғаларға;
5) Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелерін қоспағанда, күзет қызметімен айналысуға лицензиялары бар субъектілерге (заңды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге);
6) спорт ұйымдарына (бұдан әрі - өтініш берушілер) көрсетіледі.
7. Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде уақыт бойынша шектеу мерзімі:
өтініш берушілер тиісті құжаттарды тапсырған сәттен бастап мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі: жеке тұлғалар үшін - жеті күн, заңды тұлғалар үшін - он бес күн;
қажетті құжаттарды тапсырған кезде кезек күтуге берілетін ең ұзақ уақыт: 40 минуттан аспайды;
қаруды сақтауға, сақтауға және алып жүруге рұқсат алу кезінде кезек күтуге берілетін ең ұзақ уақыт: 30 минуттан аспайды.
8. Мемлекеттік қызмет көрсеткені үшін «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Кодексінің 540-бабына сәйкес мемлекеттік баж алынады, ол жеке және заңды тұлғалардың азаматтық және қызметтік қаруының әр бірлігін тіркеу және қайта тіркеу үшін (суық аңшы, сигналдық, ұңғысыз атыс қаруын, жас ағызатын немесе тітіркендіргіш заттармен оқталған механикалық шашыртқыларды, аэрозольдік және басқа да құрылғыларды, ұңғы энергиясы 7,5 Дж аспайтын және калибрі 4,5 мм дейінгіні қоса алғанда, пневматикалық қаруларды қоспағанда) мемлекеттік алым төлеу күні бекітілген айлық есептік көрсеткіштің 10 пайызын құрайды.
Мемлекеттік баж Қазақстан Республикасының банк мекемелері арқылы төленеді, олар төлемнің көлемі мен төленген күнін растайтын түбіртек береді.
9. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі және қажетті құжаттар туралы толық ақпарат, сондай-ақ оларды толтыру үлгілері тізбесі осы стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі - ІІМ), облыстардың, Алматы, Астана қалаларының ішкі істер департаменттерінің (бұдан әрі - ІІД) интернет-ресурстарында, сондай-ақ ресми ақпарат көздері мен ЛРЖ бөлімшелерінде ілінген стенділерде орналастырылады.
10. ЛРЖ-де лицензиялық-рұқсат беру жұмысы мәселелері бойынша азаматтар мен ұйымдардың өкілдерін қабылдау әр дүйсенбі мен бейсенбіде сағат 9-00 ден бастап 18-00-ге дейін, түскі үзіліс 13-00-ден 14-30-ға дейін және жұмыс істемейтін күндері айына екі рет сағат 9-00-ден 13-00-ге дейін жүзеге асырылады.
Қабылдау кезек тәртібімен, алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусіз жүргізіледі.
11. ЛРЖ бөлімшелерінің үй-жайлары ғимараттың бірінші қабатында орналасады, ішкі істер органдарының (бұдан әрі - ІІО) басқа бөлімшелерінен бөлек, дене мүмкіндіктері шектелген адамдарға арналған пандустары бар кіретін есігі болады. Күту залы, құжаттарды толтыратын орындары қажетті құжаттар тізбесі және оларды толтыру үлгілері, жеке және заңды тұлғалардың азаматтық және қызметтік қаруының әр бірлігін тіркеу және қайта тіркеу мәселелерін реттейтін, сондай-ақ лицензия-рұқсат беру жүйесінің ережесін бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескертпе берілетін нормативтік құқықтық актілердің үзінділері (үзінді-көшірмелері) бар стенділермен жабдықталады.
2. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі
12. Қажетті құжаттар мен талаптар тізбесі:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 3 тамыздағы № 1176 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы қару мен оның патрондары айналымының ережесі (бұдан әрі - Ереже) талаптарына сәйкес сатып алынған азаматтық қаруды тіркеу (оны сақтауға немесе сақтауға және алып жүруге рұқсат алу) үшін Қазақстан Республикасының азаматы ЛРЖ-ға:
3x4 см мөлшеріндегі екі фотосуретті;
қаруды тіркегені (қайта тіркегені) үшін мемлекеттік баж төлегені туралы түбіртекті;
қаруды сатып алу көзін көрсететін құжатты (рұқсаттың немесе өтініштің телнұсқасын);
қаруды дүкеннен алғаш рет сатып алу кезінде және одан кейінгі әрбір 5 жылда ІІО-да қайта тіркеу кезінде сатып алынған шолақ аңшы қаруынан оқты және гильзаларды бақылау мақсатында атып көру туралы актіні ұсынады.
Өзін-өзі қорғауға арналған ұзын тегіс ұңғылы атыс қаруы, оның ішінде жарақат салатын патрондары бар қару денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның тиісті нормаларына сәйкес аңшылық билеті болмай-ақ, оны алып жүру құқығынсыз тіркеледі.
Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілері, арнайы органдардың арнаулы атағы бар қызметкерлері азаматтық қаруды тіркеуі (оны сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсат алуы) үшін қаруды иеленуге көру қабілетінің бұзылуына, психикалық ауруына, алкоголизмге, нашақорлыққа немесе уытқұмарлыққа байланысты қарсы көрсетілімдердің жоқтығы туралы медициналық қорытынды талап етілмейді.
Қазақстан Республикасының аумағында кемінде бір жыл мерзімге тұру үшін ішкі істер органдарында белгіленген тәртіппен тіркелген шетелдіктер газды тапаншалар мен револьверлерді, ұңғысыз атыс қаруын өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің қолдаухаты бойынша жалпы негізде тіркейді (оларды сақтауға және алып жүруге рұқсат алады);
2) Қазақстан Республикасының азаматы қайта тіркеу (азаматтық қаруды сақтауға немесе сақтауға және алып жүруге рұқсаттың жарамдылық мерзімін ұзарту) үшін ЛРЖ-ға Ереженің талаптарына сәйкес құжаттарды ұсынады;
3) Ереже талаптарына сәйкес сатып алынған қызметтік қаруды тіркеу (оны сақтауға рұқсат алу) үшін заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ЛРЖ-ға:
заңды тұлға басшысының немесе дара кәсіпкердің өтінішін (қолдаухатын);
қаруды сатып алу көзін көрсететін құжатты (ЛРЖ беретін лицензияның телнұсқасын);
қаруды тіркегені үшін мемлекеттік баж төлегені туралы түбіртекті;
қаруды сақтауға арналған үй-жайдың жарамдылығы туралы ІІО, мемлекеттік өртке қарсы қызмет, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары мен мекемелерінің өкілдері жасаған актіні (қаруды сақтауға арналған жаңа объектіні ашу кезінде ұсынылады) ұсынады.
Қажетті құжаттарды қабылдауға және рұқсат беру бланкілерін беруге жауапты адамның орналасқан жері туралы ақпарат ІІД-нің ресми сайттарында орналасқан;
4) Ереженің 2, 3, 4, 4-1 (құпия), 4-2 (құпия), 6, 7, 7-1, 7-2, 8, 9, 10, 10-2, 10-3 (құпия) және 10-4-қосымшаларында көрсетілген заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер қызметкерлерінің қызметтік және азаматтық қаруды тіркеуі (оларды сақтауға және алып жүруге рұқсат алуы) үшін қажетті құжаттар тізбесі:
заңды тұлға басшысының немесе дара кәсіпкердің өтініші (қолдаухаты);
қаруды тіркеуге үміткер адамдардың тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы мен жері көрсетілген тізімі;
заңды тұлға басшысының немесе дара кәсіпкердің адамды лауазымға тағайындау туралы және қызметтік қаруды жеке бекіту туралы бұйрығының көшірмесі;
қаруды тіркеуге үміткер адамның жеке куәлігінің көшірмесі;
3х4 см мөлшеріндегі екі фотосурет;
күзетшілерді (күзет қызметі субъектілері үшін) даярлау (қайта даярлау) жөніндегі мамандандырылған оқу орталықтары беретін күзетші ретіндегі жұмысқа даярлықтан еткенін растайтын куәлік;
«Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы (күзет қызметі субъектілерін қоспағанда) берген қару ұстау қауіпсіздігі ережесін білуін тексеру туралы анықтама;
қаруды тіркегені үшін мемлекеттік баж төлегені туралы түбіртек.
13. Өтініш беруші мемлекеттік қызметті алуға өтінішті осы стандарттың 1-қосымшасына сәйкес ЛРЖ-ға тапсырады. Өтінішті толтыру үлгілері ЛРЖ-ның бөлімшелерінде орналасқан стенділерде бар.
14. Осы стандарттың 12-тармағында көрсетілген құжаттар осы стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген мекен-жайлар бойынша аумақтық ІІО-ның, ІІД-нің кеңсесіне тапсырылады.
Кеңсе қызметкері өтініш берушінің құжаттарын қабылдайды және тіркейді.
15. Өтініш берушіге осы стандарттың 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдау туралы талон беріледі.
ЛРЖ қызметкері өтініш беруші ұсынған құжаттардың толықтығын тексереді, сатып алынған қаруды тіркейді (оны сақтауға немесе сақтауға және алып жүруге рұқсатты ресімдейді) және/немесе қайта тіркейді және ІІО, ІІД, ІІМ басшылары қол қойғаннан кейін рұқсатты өтініш берушіге береді.
16. Қаруды сақтауға, сақтауға және алып жүруге рұқсаттарды ЛРЖ-ның осы рұқсаттарды ресімдеген қызметкері өтініш берушінің өзіне не сенімхат бойынша уәкілетті адамға береді.
17. Мыналар:
1) өтініш берушінің осы стандарттың 12-тармағында көрсетілген құжаттардың толық тізбесін ұсынбауы;
2) мемлекеттік қызмет көрсетуден ерікті түрде бас тарту;
3) қоғамдық тәртіпке немесе белгіленген басқару тәртібіне қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайтадан жасауы;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, рұқсат алу мүмкіндігін жоятын мән-жайлардың туындауы;
5) азаматтық және қызметтік қару иесінің көрсетілген қарудың баллистикалық және басқа да техникалық сипаттамаларының өзгеруіне әкеп соққан қаруды конструкциялық өзгертуі;
6) азаматтық және қызметтік қарудың азаматтық және қызметтік қару мен олардың патрондары айналымы техникалық регламенттерге, сондай-ақ криминалдық талаптарға сәйкес келмеуі;
7) егер адамның:
жасы 18-ге толмаса (азаматтық қаруды сақтауға, сақтау мен алып жүруге рұқсатты ресімдеу кезінде);
жасы 19-ге толмаса (күзет қызметі субъектілері қызметкерлерінің қызметтік қаруды сақтауға және алып жүруге рұқсатты ресімдеуі кезінде);
қасақана қылмыс жасаған үшін жойылмаған немесе заңнамада белгіленген тәртіппен алынбаған соттылығы болса;
тұрақты тұратын жері болмаса;
қаруды сақтау үшін тиісті жағдайлары болмаса (сейфтің немесе металл шкафтың немесе бөтен адамдардың қаруды алуға мүмкіндігін болдырмайтын өзге құрылыстың жоқтығы);
ЛРЖ-ға қаруды ұстау қауіпсіздігі ережесін білуін тексеруден өткенін растайтын құжаттарды ұсынбаса, мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер болып табылады.
3. Жұмыс қағидаттары
18. ЛРЖ бөлімшелерінің қызметі адамдардың конституциялық құқықтарын, қызметтік борышын орындау кезінде заңдылықты және ІІО қызметкерінің ар-намыс кодексін сақтауға негізделеді және сыпайылық, толық ақпарат ұсыну, оны сақтауды қамтамасыз ету, қорғау және құпиялылық кағидаттарында жүзеге асырылады.
4. Жұмыс нәтижелері
19. ЛРЖ бөлімшелері жұмысының нәтижелері осы стандарттың 2-қосымшасына сәйкес сапа және қол жетімділік көрсеткіштерімен өлшенеді.
20. Осы мемлекеттік қызметті көрсететін мемлекеттік органның және оның аумақтық мекемелерінің жұмысы бағаланатын мемлекеттік қызметтің сапасы мен қол қолжетімділік көрсеткіштерінің мақсатты мағынасын арнайы құрылған жұмыс топтары жыл сайын бекітеді.
5. Шағымдану тәртібі
21. ЛРЖ қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне заңнамада белгіленген тәртіппен осы стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген ІІО-ның, ІІД-нің, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің, ІІМ-нің жоғары тұрған басшыларына шағымдануға болады.
22. Шағымдар жазбаша түрде почта, электрондық почта арқылы не ІІО-ның, ІІД-нің, ІІМ-нің кеңселері арқылы жұмыс күндері сағат 9-00 бастап 18-00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13-00-ден 14-30-ға дейін, сондай-ақ сенбіде сағат 9-00 бастап сағат 13-00-ге дейін қолма-қол қабылданады.
23. Келіп түскен шағым ІІО-ның, ІІД-нің, ІІМ-нің кеңсесінде тіркеледі және заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады.
Шағымды қарау нәтижелері туралы өтініш берушіге почта немесе электрондық почта арқылы жазбаша түрде хабарланады.
6. Байланыс ақпараты
24. Ұсынылатын мемлекеттік қызметке жауапты ІІО, ІІД ЛРЖ бөлімшелері басшыларының мекен-жайлары аумақтық ІІО-ның, ІІД-нің кезекші бөлімдерінде болады, сондай-ақ осы стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген.
25. ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің мекен-жайы: 010000, Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 1, интернет-ресурсы: www.mvd.kz, қабылдау бөлмесінің телефоны (7172) 71-40-75.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 26 қазандағы
№ 1668 қаулысымен бекітілген
Мемлекеттік қызмет
көрсету стандартына
1-қосымша