Бюджеттік мониторинг жүргізу ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2009 жылғы 16 ақпандағы № 68 Бұйрығы
Осы редакция 2010 жылғы 28 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 112, 113-баптарына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Бюджеттік мониторинг жүргізу ережесі (бұдан әрі - Ереже) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік бюджеттің атқарылуын талдау және оның әдіснамасы департаменті (Қалиева А.Н.) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
3. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және жергілікті атқарушы органдар бюджеттік мониторинг жүргізген кезде осы Ережені басшылыққа алсын.
4. «Бюджеттік бағдарламаларды іске асыру туралы талдамалық есепті жасау және табыс ету жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2007 жылғы 24 шілдедегі № 263 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2007 жылғы 17 тамыздағы № 4881 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ақпараттық технологиялар департаменті (Күнтубаев Д.Ж.) 2009 жылғы 17 сәуірдегі мерзімге дейін осы Ереженің қосымшаларын ескере отырып, «Бюджеттік процесс мониторингі» бағдарламалық қамтамасыз етуін пысықтасын және оның бюджеттік мониторинг жүргізу үшін республикалық және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерінде орнатылуын қамтамасыз етсін.
6. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.