Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің
2010 жылғы 14 қыркүйектегі
№ 558 қаулысына 3 қосымша
Шығыс Қазақстан мемлекеттік облыстық коммуналдық меншік
объектілерін сенімді басқаруға беру жөніндегі
нұсқаулық
Осы Нұсқаулық Шығыс Қазақстан мемлекеттік облыстық коммуналдық меншік объектілерін сенімді басқаруға беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңдылығын қолдануды нақтылайды.
1. Осы Нұсқаулықта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
Сенімгерлік басқарушы Уәкілетті органмен сенімгерлік басқару шартын жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
Уәкілетті орган - мемлекеттік облыстық коммуналдық меншікті басқаруға әкімдік уәкілдік берген, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы орган;
Объект - мүлік кешені немесе облыстық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын немесе мемлекеттік мекеменің мүлкі, акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакеті, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мемлекеттің қатысу үлесі, сондай-ақ сенім білдірілген өзге мемлекеттік мүлік;
2. Объектіні сенімді басқаруды тағайындаушы Уәкілетті орган болып табылады.
3. Объектіні сенімді басқару шарт бойынша мәміле негізінде туындайды (тағайындалады).
Объектілерді заңды тұлғалардың жарғылық капиталын төлеуге мемлекеттің қатысуымен беруге дейін Объектілер кейін сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға берілуі мүмкін.
Объектілерді кейіннен сатып алу құқығынсыз сенімді басқаруға беру тендер өткізбей жүзеге асырылады.
4. Кейін сатып алу құқығымен немесе рентабельді емес мемлекеттік кәсіпорындарды оңалту үшін Объектіні сенімді басқаруды құрған жағдайда тендерді өткізу міндетті болып табылады.
5. Объектіні сенімді басқаруға кейін сатып алу құқығымен немесе құқығынсыз беру туралы шешімді облыстық әкімдік не болмаса Уәкілетті орган қабылдайды.
Рентабельді емес облыстық коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар басқарушылардың сенімді басқаруына тендерлерді өткізудің мерзімдерін көрсете отырып, облыстық әкімдіктің шешімі бойынша беріледі.