Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (Астана қ., 2006 жылғы 4 шілдеде) (2022.24.10. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы
білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы
келісім
(Астана қ., 2006 жылғы 4 шілдеде)

(2022.24.10. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

 

ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 7 шілдедегі № 704 Қаулысымен бекітілді

2010 жылғы 31 шілдеде күшіне енді

 

2022 ж. 26 мамырдағы Хаттамамен Келісімнің атауындағы және одан әрі бүкіл мәтін бойынша «Қырғыз Республикасының Үкіметі» деген сөздер тиісті септіктер мен септеулердегі «Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті» деген сөздермен ауыстырылды (2022 ж. 24 қазанда күшіне енді) (бұр.ред.қара)

 

 

Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті,

халықаралық нормаларды негізге ала отырып, екі елдің ұлттық заңнамаларын назарға ала отырып,

білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мән бере отырып,

Тараптардың арасында қалыптасқан оңтайлы білім беру байланыстарын және білім беру саласындағы өзара мүдделі басым ынтымақтастықты есепке ала отырып,

төмендегілер туралы келісті:

 

 

1-бап

 

Тараптар мынадай салаларда ынтымақтастықты жүзеге асырады:

- білім беру жүйесі мен білім беру саласында жүргізіліп жатқан реформалар туралы ақпараттармен алмасу;

- оқу және оқу-әдістемелік, аудио және видео материалдармен алмасу;

- білім алушылармен, педагогикалық және ғылыми-педагогикалық қызметкерлермен алмасу;

- білім беру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілермен алмасу;

- білім беретін ұйымдардағы аттестаттау және аккредиттеу

- мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге ықпал ету;

- барлық деңгейдегі Тарап мемлекеттерінің білім беретін ұйымдарының арасында ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге ықпал ету.

 

 

2-бап

 

Тараптар мамандармен, ғылыми-педагог кадрлармен алмасу, даярлау және қайта даярлау, біліктілігін арттыру, бірлескен ғылыми зерттеулерді және іс-шараларды жүргізуде ынтымақтастықты дамытады, оларды іске асыру Тараптар мемлекеттерінің мүдделі ұйымдарының арасында тікелей шарттарды жасасу негізінде жүзеге асырылады, онда олардың құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі анықталатын болады.

 

 

2022 ж. 26 мамырдағы Хаттамамен 3-бап жаңа редакцияда (2022 ж. 24 қазанда күшіне енді) (бұр.ред.қара)

3-бап

 

1. Қазақстан тарапы қырғыз тарапына Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жыл сайын мынадай қағидат бойынша 50 орынға дейін оқытуды ұсынады:

- Қырғыз Республикасының азаматтарына «ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», «ауыл шаруашылығы және биоресурстар» - 15 адам (бакалавриат - 10, магистратура - 5), «денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» - 5 адам, «үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламасы (6 жыл оқу) және резидентура (5 жылға дейін оқу)», «педагогикалық ғылымдар», «өнер және гуманитарлық ғылымдар», «әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат», «бизнес, басқару және құқық» - 10 адам (бакалавриат - 5, магистратура - 5) білім беру салалары бойынша;

- Қырғыз Республикасының азаматтары болып табылатын ұлты қазақ адамдарға «ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары», «ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «педагогикалық ғылымдар», «өнер және гуманитарлық ғылымдар», «әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат», «бизнес, басқару және құқық» білім беру салалары бойынша бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 20 оқу орнына дейін (бакалавриат - 10, магистратура - 10)».

2. Қырғыз тарапы қазақстан тарапына техникалық мамандықтар бойынша - 4 адамды (бакалавриат - 2, магистратура - 2), медициналық мамандықтар бойынша - 3 адамды (специалитет/ординатура - 3), гуманитарлық-экономикалық мамандықтар бойынша - 3 адамды (бакалавриат - 2, магистратура - 1) оқытуды ұсынады.

3. Қазақстан тарапы жыл сайын 30 наурызға дейін қырғыз тарапына жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының атауларын береді.

4. Қырғыз тарапы жыл сайын 30 наурызға дейін қазақстан тарапына жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарының атауларын береді.

5. Жіберуші Тарап жыл сайын 30 мамырдан кешіктірмей қабылдаушы Тарапқа оқуға кандидаттардың қажетті құжаттарын ұсынады.

6. Қазақстан тарапы жыл сайын 1 шілдеге дейін қырғыз тарапына кандидаттардың жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдануы туралы растауды жібереді.

7. Қырғыз тарапы жыл сайын 1 шілдеге дейін қазақстан тарапына жоғары кәсіптік білім беретін білім беру ұйымдарына кандидаттардың қабылдануы туралы растауды жібереді.

8. Бакалавриат, магистратура, резидентура, специалитет/ординатура бағдарламалары бойынша оқу мерзімі қабылдаушы Тараптың заңнамасына сәйкес айқындалады.

 

 

4-бап

 

Тараптар Тарап мемлекеттерінің азаматтарына орта білім алуға тең құқықты және оған қол жеткізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ ана тілін үйрену үшін жағдай жасайды.

 

 

5-бап

 

Осы Келісімді іске асырудың қаржылық шарттарын Тараптар мынадай ретте айқындайды:

- осы Келісіммен көрсетілген алмасу бағдарламасы бойынша бағытталған тұлғалардың көліктік шығыстары бағыттаушы немесе іссапарға жіберуші ұйымдардың өз қаражаты есебінен жүзеге асады;

- қабылдаушы Тарап білім алушыларды оқуға, кітапханаларды (оқу-құралдарымен, ғылыми-техникалық құжаттамалармен, зерттеу жабдықтарымен) пайдалануға жұмсалатын төлемнен босатады, сондай-ақ ұлттық заңнамаға сәйкес оларға стипендия мен жатақхана береді;

- қабылдаушы Тарап денсаулық сақтау саласындағы қолданыстағы ұлттық заңнамалар шеңберінде алмасуға қатысушыларға медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді, жіберуші Тарап оларды жазатайым уақиғадан сақтандыру полисінің бар болуын қамтамасыз етеді;

- Тараптар білім алушы отбасы мүшелерінің елге келуіне байланысты шығыстарды өтемейді, сондай-ақ олардың елде тұруы мен жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етпейді.

Бакалаврлармен, магистранттармен алмасу шарттары жеке хаттамаларда нақтыланады.

 

 

6-бап

 

Осы Келісім олар қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттерін қозғамайды.

 

 

7-бап

 

Осы Келісімге, Тараптардың өзара келісімі арқылы осы Келісімнің ажырамас бөліктері болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

 

 

8-бап

 

Осы Келісімде қарастырылған іс-шараларды іске асыру Тарап мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес жүзеге асырылатын болады.

 

 

9-бап

 

Осы Келісімді қолдану немесе талқылау жөнінде Тараптар арасында туындайтын даулар Тараптар арасындағы келіссөздер мен консультациялар жолымен шешіледі.

 

 

10-бап

 

Осы Келісім әрбір Тараптың оның күшіне енуі ушін қажет мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама алған күнінен бастап күшіне енеді.

Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және өз әрекетін тоқтатуы туралы басқа Тараптан жазбаша түрде тиісті хабарлама алғаннан күннен алты ай өткенге дейін күшінде болады.

 

2006 жылдың 4 шілдесінде Астана қаласында екі түпнүсқада, қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде жасалды, барлық мәтіннің күші бірдей.

Осы Келісімнің ережелерін талқылау кезінде және келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге сүйенеді.

 

 

Қазақстан Республикасының

Үкіметі үшін

Қырғыз Республикасының

Үкіметі үшін

 

 

Осымен 2006 жылғы 4 шілдесінде Астана қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімнің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.

 

 

Қазақстан Республикасы

Сыртқы істер министрлігінің

Халықаралық-құқық департаментінің

Басқарма бастығы

 

 

 

Ж. Бұхбантаев