2. Егер қосылған құн салығы есепке жатқызылудан алып тасталғаннан кейін қосылған құн салығын төлеуші тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер үшін ақы төлеген жағдайда, осы аталған тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетілген бойынша салық сомасы ақы төленген сол салық кезеңіндегі есепке жатқызылуда қалпына келтірілуге жатады.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес түзету жүргізілген міндеттемелерді қоспағанда, міндеттемелерді есептен шығару кезінде, тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер бойынша бұрын есепке жатқызылған қосылған құн салығы осы Кодекстің 88-бабының 1-тармағында көрсетілген жағдайлар басталған кезеңде есепке жатқызылудан алып тастауға жатады.
4. Қосылған құн салығын төлеуші-өнім беруші банкрот деп танылған жағдайда, осы баптың 1-тармағына сәйкес түзету жүргізілген қосылған құн салығын қоспағанда, бұрын есепке жатқызылған қосылған құн салығын есептен шығарып тастау банкрот деп танылған қосылған құн салығын төлеушіні-өнім берушіні Заңды тұлғалардың мемлекеттік тізілімінен шығару туралы әділет органдарының шешімі шығарылған салық кезеңінде жүргізіледі.
2009.04.07. № 167-ІV ҚР Заңымен 260-бап өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 260-бап жаңа редакцияда (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
260-бап. Қосылған құн салығы салынбайтын өткізу бойынша айналымдар болған кезде қосылған құн салығын есепке жатқызу тәртібі
1. Салық салынбайтын айналымдардың мақсаттары үшiн пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер бойынша өнiм берушiге төленуге жататын және импорт бойынша қосылған құн салығы, осы Кодекстiң 257-бабы 1-тармағының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, есепке жатқызылмайды.
2. Салық салынатын және салық салынбайтын айналымдар болған кезде қосылған құн салығын төлеушiнiң таңдауы бойынша барабарлық немесе бөлек әдiспен есепке жатқызылады.
Есепке жатқызылған қосылған құн салығы сомасын анықтаудың таңдап алынған әдiсi күнтiзбелiк жыл iшiнде өзгертiлмеуге тиiс.
3. Осы Кодекстiң 249-бабының 1-тармағына сәйкес өткізу бойынша айналымдар салық салудан босатылатын объектiлер құрылысын жүзеге асыратын қосылған құн салығын төлеушi салық салынатын айналымдардың және осы Кодекстiң 249-бабының 1-тармағына сәйкес салықтан босатылатын айналымдардың мақсаттары үшiн пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомаларын есепке жатқызудың бөлек әдiсiн қолдануға мiндеттi.
4. Қосылған құн салығын төлеушiде:
салық салынатын айналымдар;
осы Кодекстiң 249-бабының 1-тармағына сәйкес салық салудан босатылатын айналымдар;
басқа да салық салынбайтын айналымдар болған жағдайда, қосылған құн салығын төлеушi осы Кодекстiң 249-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығынан босатылатын айналымдарды қоспағанда, салық салынатын айналымдар мен салық салынбайтын айналымдар бойынша есепке жатқызудың барабарлық әдiсiн қолдануға құқылы.
5. Егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, салық кезеңiнде есепке жатқызудың барабарлық және бөлек әдiстерiн бір мезгiлде пайдаланатын қосылған құн салығын төлеушiлер айналымның жалпы сомасындағы салық салынатын айналымның үлес салмағын айқындаған кезде есепке жатқызудың бөлек әдiсi қолданылатын айналымдарды ескермейдi.
Бір мезгiлде салық салынатын және салық салынбайтын айналымдардың мақсаттары үшiн пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер бойынша есепке жатқызудың барабарлық әдiсiн қолданған кезде айналымның жалпы сомасындағы салық салынатын айналымның үлес салмағын айқындау үшiн салық салынатын және салық салынбайтын айналымдардың жалпы сомасы ескерiледi.
6. Осы бапқа сәйкес есепке жатқызылуға жатпайтын қосылған құн салығы осы Кодекстiң 100-бабының 12-тармағында белгiленген тәртiппен ескерiледi.
Барабарлық әдіс бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығы салық салынатын айналымның жалпы айналым сомасындағы үлес салмағына қарай айқындалады.
1. Бөлек есептеу әдісі бойынша есепке жатқызылған қосылған құн салығын анықтау кезінде, қосылған құн салығын төлеуші салық салынатын және салық салынбайтын айналымдар мақсаттарында пайдалану үшін алған тауарлар, жұмыстар, қызмет көрсетулер бойынша шығыстар мен қосылған құн салығының сомасы бойынша бөлек есеп жүргізеді.
2. Есепке жатқызудың барабарлық әдісін пайдаланатын банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, микрокредиттік ұйымдардың кепілдегі мүлікті (тауарларды) алуға және өткізуге байланысты айналымдар бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке алу бойынша бөлек есептеу әдісін қолдануға құқығы бар.
3. Қаржы лизингіне мүлікті берген кезде, есепке жатқызудың барабарлық әдісін пайдаланатын лизинг берушінің мүлікті қаржы лизингіне беруге байланысты айналымдар бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке алу бойынша бөлек есептеу әдісін қолдануға құқығы бар.
4. Лизинг берушінің қаржы лизингіне беруге жататын мүлікті сатып алуға байланысты шығыстары салық салынатын айналым мақсаттары үшін шеккен шығыстар ретінде қаралады.
2009.12.02. № 133-ІV ҚР Заңымен бап 5-тармақпен толықтырылды
5. Есепке жатқызудың барабар әдісін пайдаланатын ислам банктерінің Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес коммерциялық кредит бере отырып, сауда делдалы ретінде сауда қызметін қаржыландыру шеңберінде мүлікті сатып алумен және берумен байланысты айналымдар бойынша қосылған құн салығы сомаларын есепке алудың бөлек әдісін қолдануға құқығы бар.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді)
6. Есепке жатқызудың бөлек әдiсiн пайдаланатын қосылған құн салығын төлеушiлердiң бір мезгiлде салық салынатын және салық салынбайтын айналымдар мақсаттарында пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомасы бөлiгiнде барабарлық әдiстi қолдануға құқығы бар.
263-бап. Шот-фактура
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, қосылған құн салығын төлейтін барлық төлеушілер үшін міндетті құжат шот-фактура болып табылады.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
2. Қосылған құн салығын төлеуші тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бойынша айналымдарды жүзеге асырған кезде, осы бапта өзгеше белгіленбесе, аталған тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді алушыға шот-фактураны жазып беруге міндетті.
3. Қосылған құн салығын төлеуші шот-фактурада:
1) қосылған құн салығы салынатын айналымдар бойынша - қосылған құн салығының сомасын;
2) қосылған құн салығынан босатылған айналымдар бойынша «ҚҚС-сыз» белгісін көрсетеді.
4. Егер өнім беруші осы Кодекстің 228-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығын төлеуші болып табылмаса, осы Кодекстің 256-бабының 2-тармағына сәйкес берілетін шот-фактура немесе басқа да құжат «ҚҚС-сыз» белгісімен жазылады.
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Осы Кодекстің 256-бабына сәйкес қосылған құн салығын есепке жатқызу үшін негіздеме болып табылатын шот-фактурада:
2009.04.07. № 167-ІV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) шот-фактураның араб цифрларымен көрсетілетін реттік нөмірі;
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
2) шот-фактураның жазып берiлген күні;
2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1) тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді берушi мен алушының почталық индексі көрсетілмеген мекенжайы;
2009.04.07. № 167-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді берушiлер немесе алушылар болып табылатын дара кәсіпкерлерге қатысты - қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлікте көрсетілген салық төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса) және (немесе) атауы;
тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді берушiлер немесе алушылар болып табылатын заңды тұлғаларға қатысты - заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлікте көрсетілген атауы. Бұл ретте, ұйымдық-құқықтық нысанын көрсету бойынша қалыптасқан, оның ішінде іскерлік айналымдағы қалыптасуына сәйкес аббревиатуралар қолданылуы мүмкін;
2009.04.07. № 167-ІV ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1) осы баптың 18-тармағында көзделген жағдайларда өнім берушінің комитент немесе комиссионер мәртебесі;
4) тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді беруші мен алушының сәйкестендіру нөмірі;
2008.10.12 № 100-IV ҚР Заңының 47-бабын қара
2009.04.07. № 167-ІV ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) өнім беруші-қосылған құн салығын төлеушінің қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылғаны туралы куәлігінің нөмірі;
6) өткізілетін тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің атауы;
7) салық салынатын айналымның мөлшері;
8) қосылған құн салығының ставкасы;
9) қосылған құн салығының сомасы;
10) қосылған құн салығы ескеріле отырып, тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құны көрсетілуге тиіс.
Тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді беруші немесе алушы болып табылатын заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі:
осы тармақтың 3), 3-1) және 4) тармақшаларының талаптарын орындау мақсатында заңды тұлғаның осындай құрылымдық бөлімшесінің немесе өзі құрылымдық бөлімшесі болып табылатын, қосылған құн салығын төлеуші - заңды тұлғаның деректемелерін көрсетеді;
осы тармақтың 5) тармақшасының талаптарын орындау мақсатында өзі құрылымдық бөлімшесі болып табылатын заңды тұлғаның - қосылған құн салығын төлеушінің қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылғаны туралы куәліктің нөмірін көрсетеді.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
6. Акцизделетін тауарларды өткізген жағдайда шот-фактурада акциз сомасы қосымша көрсетіледі.
Комиссия шартының талаптарына сай келетін жағдайларда тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу кезінде оны ұсынушының:
комитент комиссионерге шот-фактураны жазған кезде - «комитент»;
комиссионер тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді сатып алушыға шот-фактураны жазған кезде - «комиссионер» мәртебесі көрсетіле отырып, шот-фактура жазылады.
Осы Кодекстiң 78-бабында белгiленген талаптар сақталмаған жағдайда лизинг берушi «Салық кодексiнiң 78-бабы сақталмаған» деген белгiсi бар шот-фактура немесе қосымша шот-фактура жазып бередi.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара); 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен (2011 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2011.21.07. № 467-ІV ҚР Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7-тармақ өзгертілді
7. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, шот-фактура айналым жасалған күннен бұрын жазылмайды және өткізу бойынша айналым жасалған күннен кейiнгi бес күннен кешiктiрiлмей жазып берiледi.
Қосылған құн салығын төлеушi:
электр энергиясын, суды, газды, байланыс қызметiн көрсетудi, коммуналдық қызмет көрсетудi, темір жол тасымалдарын, көлiк-экспедиторлық қызмет көрсетудi, кредит (қарыз, микрокредит) беру бойынша қызмет көрсетудi, сондай-ақ қосылған құн салығы салынатын банк операцияларын өткізу кезiнде - оның қорытындысы бойынша шот-фактура жазып берiлетiн айдан кейiнгi айдың 20-күнiнен кешiктiрмей күнтiзбелiк айдың қорытындылары бойынша;
есептелген сыйақы сомасы бөлiгiнде мүлiктi қаржы лизингiне беру кезiнде оның қорытындысы бойынша шот-фактура жазып берiлетiн тоқсаннан кейiнгi айдың 20-шы күнiнен кешiктiрмей күнтiзбелiк тоқсанның қорытындылары бойынша;
осы Кодекстің 276-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдарға бір немесе бір жылдан астам мерзімге жасалған шарттар бойынша тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу кезінде - оның қорытындысы бойынша шот-фактура жазып берiлетiн айдан кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрмей күнтiзбелiк айдың қорытындылары бойынша шот-фактураны жазып беруге құқылы.
2009.04.07. № 167-ІV ҚР Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен (2011 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 8-тармақ жаңа редакцияда
8. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, шот-фактура:
заңды тұлғалар үшін - заңды тұлғаның атауы жазылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетілген мөрімен, сондай-ақ басшысы мен бас бухгалтерінің қолтаңбаларымен;
дара кәсіпкерлер үшін - дара кәсіпкердің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және (немесе) атауы жазылған мөрімен (ол болған кезде), сондай-ақ дара кәсіпкердің қол таңбасымен куәландырылады.
Шот-фактура салық төлеушінің шешімімен оған уәкілеттік берілген қызметкердің қолтаңбасымен куәландырылуы мүмкін.
Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі ол жазып берген шот-фактураны заңды тұлғаның атауы жазылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетілген, осындай құрылымдық бөлімшесінің мөрімен салық төлеушінің шешімі бойынша куәландыруға құқылы.
6-абзац 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
Жай серіктестікке (консорциумға) қатысушылардың уәкілетті өкілі жазып берген шот-фактура осы Кодекстің 308-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда, уәкілетті өкілдің атауы жазылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетілген мөрімен, сондай-ақ осындай уәкілетті өкіл басшысының және бас бухгалтерінің қолтаңбаларымен куәландырылады;
9. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, шот-фактурада салық салынатын айналымның мөлшері тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің әрбір атауы бойынша жеке көрсетіледі.
Егер мұндай шот-фактураға осы баптың 5-тармағының 6) - 10) тармақшаларында көрсетілген деректер қамтылған құжат қоса берілсе, айналымның жалпы мөлшерін көрсетуге жол беріледі. Бұл ретте шот-фактурада құжаттың нөмірі мен күніне сілтеме, сондай-ақ оның атауы болуға тиіс.
10. Лизинг беруші өзі беретін лизинг нысанасына жазатын шот-фактурада салық салынатын айналым мөлшері, сыйақы және қосылған құн салығы сомалары енгізілместен, қаржы лизингінің шартына сәйкес барлық лизинг төлемдерінің жалпы сомасы негізінде көрсетіледі.
2009.10.07. № 178-ІV ҚР Заңымен 11-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
11. Интернет-ресурста орналастырылғандарды қоса алғанда, мерзімді баспа басылымдарын және бұқаралық ақпарат құралының өзге де өнімін өткізген жағдайда, шот-фактура өткізу бойынша айналым жасалған күннен кейін бес күннен кешіктірілмей жазылады.
12. Сыртқы сауда келісімшарттары бойынша тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу жағдайларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құны және қосылған құн салығының сомасы шот-фактурада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен көрсетіледі.
13. Шот-фактура екі дана етіп жазылады, олардың біреуі тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді алушыға беріледі.
2009.30.12 № 234-IV Заңымен 14-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
14. Бұрын жазып берiлген шот-фактураға тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушiнi және (немесе) сатып алушыны ауыстыруға әкеп соқпайтын өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болған жағдайда, оларды берушi қателердi түзету мақсатында бұрын жазып берiлген шот-фактураның күшiн жояды және ол мынадай талаптарға:
1) бұрынғы нөмiрлерi мен жазып берiлген күнi көрсетiле отырып, осы Кодекстiң 263-бабы 5-тармағының талаптарына сәйкестiгiне;
2) шот-фактурада бұрын жазып берiлген шот-фактураны түзету күнiнiң көрсетiлуiне;
3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi алушының түзетiлген шот-фактураны алғаны туралы мынадай растаулардың бірiнiң болуына:
тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi алушының мұндай шот-фактураны осы баптың 8-тармағына сәйкес қол қоюымен және мөрiмен куәландырылуының болуына;
мұндай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушiнiң тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi алушының мекенжайына тапсырыс хатпен жiберуiне және оны алғаны туралы хабарламаның болуына сәйкес келуге тиiс түзетiлген шот-фактура жазып бередi.
Осы Кодекстiң 265-бабында көзделген жағдайларда, осы тармақтың ережесi қолданылмайды.
Осы тармақты қолдану мақсатында бұрын жазып берiлген шот-фактурадағы:
тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушiнiң және (немесе) сатып алушының сәйкестендiру нөмiрiн;
берушiнiң қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiне қойылғаны туралы куәлiктiң нөмiрiн өзгерту және (немесе) толықтыру тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушiнi және (немесе) сатып алушыны ауыстыру болып танылмайды.
2009.30.12 № 234-IV Заңымен 15-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
15. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, шот-фактура жазып беру мынадай жағдайларда:
1) есеп айырысу бухгалтерлік есеп жүргізген кезде негіз болып табылатын бастапқы есепке алу құжаттарын қолдана отырып, халыққа коммуналдық қызмет көрсетулер, байланыстық қызмет көрсетулер үшін банктер арқылы жүзеге асырылған;
2) жолаушы тасымалдау жол билетімен, оның ішінде әуе көлігінде берілетін электрондық билеттермен ресімделген;
2009.30.12 № 234-IV Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3) осы Кодекстiң 276-бабының 1-тармағында аталған адамдарға тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi өткізу жағдайларын қоспағанда, халыққа тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi қолма-қол есеп айырысу арқылы өткiзген жағдайда сатып алушыға бақылау-кассалық машинаның чегi берiлген;
4) осы Кодекстің 250-бабында көзделген қызмет көрсетулер кезінде талап етілмейді.
2009.30.12 № 234-IV Заңымен 16-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
16. Осы баптың 15-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген жағдайларда тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi алушы осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi берушiге шот-фактура жазып беру туралы талаппен өтiнiш бiлдiруге құқылы, ал оларды берушi осы баптың ережелерiн ескере отырып, бұл талапты орындауға мiндеттi.
Бұл ретте шот-фактура жазып беру:
1) осы баптың 15-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда - өткізу бойынша айналым жасалған күнi тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi өткiзген жерi бойынша;
2) осы баптың 15-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда - егер осы тармақшада өзгеше көзделмесе, айналым жасалған күннен ерте емес және өткізу бойынша айналым жасалған күннен кейiн бес күннен кешiктiрiлмей, көрсетiлетiн қызметтердi берушiнiң орналасқан жерi бойынша жүзеге асырылады. Егер көрсетiлетiн қызметтердi алушы осы тармақшада көрсетiлген мерзiмде шот-фактура жазып беру туралы талаппен өтiнiш бiлдiрмеген болса, онда ол көрсетiлген мерзiм аяқталғаннан кейiн көрсетiлетiн қызметтердi берушiге осы талаппен өтiнiш бiлдiруге құқылы. Бұл ретте, көрсетiлетiн қызметтердi берушi шот-фактураны жазып беру күнiмен бірге айналым жасалған күнi қолданыста болған ставка бойынша есептелген салықты көрсете отырып, өткізу бойынша айналымның жасалған күнiн көрсетедi.
Тауарларды экспорт режимiнде әкеткен жағдайда шот-фактура өткізу бойынша айналым жасалған күннен кешiктiрiлмей жазып берiледi.
17. Бірлескен қызмет туралы шарттардың шеңберінде өткізу (сатып алу) кезінде шот-фактураларды жазып беру ерекшеліктері осы Кодекстің 235-бабында белгіленген.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 18-тармақ өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
18. Комиссия шартына сәйкес келетін талаптармен өткізілетін тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді сатып алушыға шот-фактураларды жазып беруді комиссионер жүзеге асырады. Комиссионер жазып беретін шот-фактурадағы тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бойынша айналым мөлшері комиссионер тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетулерді сатып алушыға өткізуді жүзеге асыратын олардың құны негізінде көрсетіледі.
Комиссионер шот-фактураны мыналардың деректерін ескере отырып, жазып береді:
қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын комитент комиссионерге жазып берген шот-фактура. Бұл жағдайда комитент комиссионерге жазып берген шот-фактурада көрсетілген салық салынатын (салынбайтын) айналым сомасы комиссионер сатып алушыға жазып беретін шот-фактурадағы салық салынатын (салынбайтын) айналымға қосылады;
қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын комитент ұсынған тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құнын растайтын құжат. Бұл жағдайда мұндай құжатта көрсетілген тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құны комиссионер сатып алушыға жазып беретін шот-фактурадағы салық салынбайтын айналымға қосылады.
Комитент комиссионерге жазып беретін шот-фактурадағы салық салынатын айналым мөлшері өткізу мақсатында комиссионерге ұсынылған тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердің құны негізінде көрсетіледі.
Комиссионер комитентке жазып беретін шот-фактурадағы салық салынатын айналым мөлшері комиссионердің комиссиялық сыйқасының сомасы негізінде көрсетіледі.
2009.04.07. № 167-ІV ҚР Заңымен 19-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 19-тармақ жаңа редакцияда (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
19. Тапсырма шартына сәйкес келетiн талаптармен өткiзiлетiн тауарларды, жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi сатып алушыға шот-фактураны жазып берудi сенім бiлдiрушi (осы Кодекстiң 233-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда - сенім бiлдiрiлген адам) осы бөлiмде көзделген тәртiппен жүзеге асырады.
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 20-тармақпен толықтырылды (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді)
20. Осы Кодекстiң 78-бабында белгiленген талаптар сақталмаған жағдайда лизинг берушi көрсетiлген сақталмаушылық болған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей:
мүлiктi қаржы лизингiне беру бойынша - қосымша шот-фактура жазып беруге мiндеттi, онда қосылған құн салығы көрсетiле отырып, сыйақы сомасы қосылмаған босатылған айналымдардың терiс мәнi және салық салынатын айналымдардың оң мәнi қамтылуға тиiс;
мүлiктi қаржы лизингiне беру бойынша сыйақының есепке жазылған сомалары бөлiгiнде - қосымша шот-фактуралар жазып беруге мiндеттi, оларда қосылған құн салығы көрсетiле отырып, босатылған айналымдардың терiс мәнi және салық салынатын айналымдардың оң мәнi қамтылуға тиiс.
2010.30.06. № 297-ІV ҚР Заңымен 21-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
21. Оператор осы Кодекстің 271-1-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізген (сатып алған) кезде шот-фактура оператордың жеткізуші (сатып алушы) ретіндегі деректемелерін көрсете отырып, осы баптың талаптарына сәйкес жазып беріледі.
264-бап. Экспедиторлардың шот-фактуралар жазып беру ерекшеліктері
2009.16.11. № 200-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2009 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
1. Егер жөнелтушілер немесе алушылар үшін жүктерді тасымалдауға көлік экспедициясы шартына сәйкес жүргізілсе, аталған жүктерді тасымалдауға арналған шот-фактуралар жазып беруді экспедитор жүзеге асырады.
Экспедитор шот-фактураны экспедитор мен жүк жөнелтушінің немесе алушының арасында жасалған көлік экспедициясы шартының шеңберінде қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын тасымалдаушылар және басқа да жұмыстарды, қызмет көрсетулерді ұсынушылар жазып берген шот-фактуралардың негізінде жазып береді.