Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда байқау кеңесін құру қағидасын, байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптарды, сондай-ақ Байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 маусымдағы № 686 Қаулысы
Осы редакция 2012 жылғы 16 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 148-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған:
1) Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда байқау кеңесін құру қағидасы;
2) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардағы байқау кеңесінің құрамына сайланатын адамдарға қойылатын талаптар;
3) Байқау кеңесінің мүшелерін конкурстық іріктеу және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Үкіметінің
2011 жылғы 22 маусымдағы
686 қаулысымен
бекітілген
Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда байқау кеңесін құру
қағидасы
1. Жалпы ережелер
Осы Қағида «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 148-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және білім беру мен денсаулық сақтау салаларында байқау кеңесі бар шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынды құру тәртібін, сондай-ақ білім беру және денсаулық сақтау салаларында жұмыс істейтін шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда байқау кеңесін енгізу тәртібін айқындайды.