ҚР Президентінің 2013 жылғы 15 қаңтардағы № 465 Жарлығымен күші жойылды
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2011 жылғы 14 желтоқсандағы
№ 196 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
«Банк операцияларын жүргізуге арналған үй-жайлардың дайындық дәрежесі туралы қорытындылар беру»
мемлекеттік қызметтер стандарты
1. Жалпы ережелер
1. Банк операцияларын жүргізуге арналған үй-жайлардың дайын болу дәрежесі туралы қорытынды беру жөніндегі мемлекеттік қызметтерді (бұдан әрі - мемлекеттік қызметтер) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдары көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі аумақтық филиалының мемлекеттік қызметтер көрсететін бөлімшелерінің мекенжайы мен байланыс деректері осы Стандарттың 1-қосымшасында көрсетілген.
2. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің нысаны: автоматтандырылмаған.
3. Мемлекеттік қызметтер «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңы 8-бабының л-4) тармақшасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың үй-жайларын күзету мен жайластыруды ұйымдастыру жөніндегі талаптарды бекіту туралы» 2007 жылғы 28 мамырдағы № 56 қаулысы негізінде көрсетіледі.
4. Мемлекеттік қызметтер туралы ақпарат және осы Стандарттың мәтіні Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдарында тұтынушылар үшін қолжетімді орында, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында (www.natinalbank.kz) орналастырылған.
5. Банк операцияларын жүргізуге арналған үй-жайлардың дайындық дәрежесі туралы қорытынды (бұдан әрі - қорытынды) беру не қызметтер көрсетуден бас тарту туралы қағаз тасымалдауыштағы дәлелді жауап көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің нәтижесі болып табылады.
6. Мемлекеттік қызметтер заңды тұлғаларға: екінші деңгейдегі банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға (бұдан әрі - тұтынушы) көрсетіледі.