Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2012 жылғы 29 наурыздағы
№ 182 бұйрығына
5-қосымша
Қылмыстық-атқару жүйесінің тергеу изоляторындағы адамдарды күзету мен қадағалауды жүзеге асыру
қағидасы
(2016.09.04. берілген өзгерістермен)
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің тергеу изоляторларында ұсталатын тұлғаларға күзет және қадағалауды жүзеге асыру Қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 наурыздағы «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде ұстау тәртібі мен шарттары туралы» Заңының 33-бабына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (бұдан әрі - Комитет) тергеу изоляторларында ұсталатын тұлғаларға - сотталғандар мен қылмыстар жасағаны үшін күдіктілерге (бұдан әрі - күдіктілер мен айыпталушылар) күзет және қадағалауды жүзеге асырудың тәртібін айқындайды.
2. Тергеу изоляторларын қадағалау және күзету мыналарды:
1) кезекші ауысымның қызмет атқаруын ұйымдастыруды;
2) сыртқы күзетті ұйымдастыруды;
3) ішкі бекеттерде қадағалау мен күзетті ұйымдастыруды;
4) жинақталған бөлімше мен резервтік топтың бақылаушыларының жұмысын ұйымдастыруды;
5) ауысым, кезекшілікті қабылдау-тапсыру бойынша нұсқамалық жүргізуді;
6) режим бөлімшесі жеке құрамының қызметті атқаруын ұйымдастыруды;
7) өткізу режимі барысында қадағалау мен күзетті ұйымдастыруды;
8) күзеттің, дабылдың және байланыстың техникалық құралдарын қолдануды;
9) қызметтік иттерді пайдалану тәртіптерін;
10) қауіпсіздік шаралары, қол күшін, арнайы құралдарды, газ және атыс қару-жарақтарын қолдану негіздерін;
11) күрделі жағдайларда қадағалау мен күзетті қамтамасыз етуді;
12) күдіктілер мен айыпталушыларды айдауылдауды қамтиды.