Жүргізушілердің еңбегі мен тынығуын ұйымдастыру, сондай-ақ тахографтарды қолдану қағидасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 11 мамырдағы № 493 Қаулысы
Осы редакция 2012 жылғы 5 қыркүйекте енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі Заңының 12-бабының 12) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жүргізушілердің еңбегі мен тынығуын ұйымдастыру, сондай-ақ тахографтарды қолдану қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
К. Мәсімов |
Үкіметінің
2011 жылғы 11 мамырдағы
№ 493 қаулысымен
бекітілген
Жүргізушілердің еңбегі мен тынығуын ұйымдастыру, сондай-ақ тахографтарды қолдану
қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Жүргізушілердің еңбегі мен тынығуын ұйымдастыру, сондай-ақ тахографтарды қолдану қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шілдедегі Заңына және «Қазақстан Республикасының 1970 жылғы Халықаралық автомобиль тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдары экипаждарының жұмысына қатысты Еуропа келісіміне (КҚЕК) қосылуы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 12 мамырдағы № 2272 Жарлығына сәйкес әзірленді және жолаушылар мен жүктерді автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілердің еңбегі мен тынығуын ұйымдастырудың және осы құрылғылармен жабдықталуға тиісті автокөлік құралдарында тахографтарды қолдану тәртібін анықтайды.