«Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 26 қарашадағы № 56-V Заңы (2026.19.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

6) өкілдер кеңесі мүшесінің (мүшелерінің) осы баптың 7-тармағында көзделген негіздер бойынша микроқаржы омбудсманының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтінішхатын қарау;

7) микроқаржы омбудсманының шешімдерін есепке алу, қарау, қабылдау жəне орындау тəртібін уəкілетті органмен келісу бойынша бекіту;

8) осы Заңға сəйкес, микроқаржы омбудсманының қызметін жүзеге асыруға байланысты өзге де мəселелер.

6. Егер өкілдер кеңесінің отырысына қатысқан өкілдер кеңесінің мүшелері жиынтығында жалпы дауыс санының елу жəне одан да көп пайызын иеленсе, осы отырыс - заңды, ал кворум талаптары сақталды деп танылады.

Микроқаржы омбудсманы кеңес отырысына қатысқан өкілдер кеңесі мүшелерінің көпшілік дауысымен сайланады. Өкілдер кеңесінің əрбір мүшесінің дауыс беру кезінде бір дауысы болады. Дауыстар тең болған кезде уəкілетті орган өкілінің дауысы шешуші болып табылады.

Микроқаржы омбудсманын сайлау мəселесі бойынша дауыс беру жасырын тəсілмен жүзеге асырылады. Дауыс беруге арналған бюллетеньде мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:

1) микроқаржы омбудсманы лауазымына сайлау үшін ұсынылған кандидаттың тегі, аты, əкесінің аты (егер ол жеке басты куəландыратын құжатта көрсетілсе);

2) кандидаттың осы Заңның 29-2-бабының 1-тармағында белгіленген талаптарға сəйкестігін растайтын ақпарат;

3) кандидаттың микроқаржы ұйымында жəне (немесе) коллекторлық агенттікте, уəкілетті органда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде қызмет атқаруы туралы, микроқаржы ұйымына жəне (немесе) коллекторлық агенттікке үлестес болу белгілерінің болуы-болмауы туралы, уəкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басшысы немесе олардың орынбасарлары, сондай-ақ уəкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымдық бөлімшесінің басшысы лауазымында жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) жəне (немесе) жекжаттары туралы мəліметтер;

4) мəселе бойынша «жақтаймын» немесе «қарсымын» деген сөздермен білдірілген дауыс беру нұсқалары.

7. Микроқаржы омбудсманының өкілдер кеңесі микроқаржы омбудсманының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды мынадай негіздер бойынша жүзеге асырады:

1) микроқаржы омбудсманының осы Заңның 29-2-бабының 1-тармағында белгіленген талаптарға сай келмеуінің анықталуы;

2) микроқаржы ұйымында, коллекторлық агенттікте, уəкілетті органда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде кез келген қызметті атқару, микроқаржы омбудсманының микроқаржы ұйымымен жəне (немесе) коллекторлық агенттікпен үлестес болу белгілерінің болуы, жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) жəне (немесе) жекжаттарының уəкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басшысы немесе олардың орынбасарлары, сондай-ақ уəкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымдық бөлімшесінің басшысы лауазымын атқаруы;

2025.30.06. № 205-VIII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2025 ж. 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3) осы Заңның талаптарын бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш жəне одан да көп рет) бұзу.

Микроқаржы омбудсманының өкілеттігін өз бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтату өкілдер кеңесін жазбаша хабардар ету негізінде жүзеге асырылады.

Өкілдер кеңесіне жазбаша хабарлама микроқаржы омбудсманының ішкі қағидаларында белгіленген тəртіппен өкілеттігі тоқтатылғанға дейін кемінде бір ай бұрын ұсынылады.

 

29-2-бап. Микроқаржы омбудсманына қойылатын талаптар

1. Мынадай:

1) жоғары экономикалық жəне (немесе) заң білімі жоқ;

2) мінсіз іскерлік беделі жоқ;

3) қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсыну жəне (немесе) қаржылық көрсетілетін қызметтерді реттеу саласындағы жұмыс өтілі бес жылдан аз;

4) уəкілетті орган банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу, банк акцияларын мəжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымын лицензиядан айыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен қаржы ұйымын мəжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы шешім қабылдағанға дейін бір жылдан аспайтын кезеңде бұрын қаржы ұйымының басшы қызметкері болған адам микроқаржы омбудсманы ретінде сайлау үшін ұсынылмайды. Осы талап уəкілетті орган банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу, банк акцияларын мəжбүрлеп сатып алу, қаржы ұйымын лицензиядан айыру, сондай-ақ қаржы ұйымын мəжбүрлеп тарату немесе оны банкрот деп тану туралы шешім қабылдағаннан кейін үш жыл бойы қолданылады;

5) сот Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тəртіппен əрекетке қабілетсіз немесе əрекет қабілеті шектеулі деп таныған;

2025.30.06. № 205-VIII ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2025 ж. 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6) психикалық мінез-құлқының, оның ішінде психикаға белсенді əсер ететін заттарды тұтынудан туындаған бұзылушылығы (аурулары) бойынша психикалық денсаулық сақтау қызметі ұйымдарында динамикалық байқауда тұрған;

2025.30.06. № 205-VIII ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды (2025 ж. 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді)

7) мемлекеттік тілді білмейтін адам микроқаржы омбудсманы ретінде сайлау үшін ұсынылмайды.

2. Микроқаржы омбудсманы микроқаржы ұйымында жəне (немесе) коллекторлық агенттікте кез келген лауазымды атқаруға, уəкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басшысы немесе олардың орынбасарлары, сондай-ақ уəкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құрылымдық бөлімшесінің басшысы лауазымында жұмыс істейтін жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) жəне (немесе) жекжаттарының болуына құқылы емес.

 

29-3-бап. Микроқаржы омбудсманының шешімдер қабылдау тəртібі

1. Микроқаржы омбудсманы шешімді жеке-дара қабылдайды жəне оны дауға қатысушы тараптардың назарына жазбаша нысанда жеткізеді.

Микроқаржы омбудсманы шешімдер қабылдаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын жəне жасалған шарттардың талаптарын басшылыққа алады.

2. Микроқаржы омбудсманы мынадай:

1) сот қарауға қабылдаған жəне (немесе) олар бойынша заңды күшіне енген сот актісі бар;

2) жүгінуші адам микрокредит беру туралы шарт шеңберінде туындаған жағдайды реттеу мақсатында өзінің микроқаржы ұйымына, микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) берілген тұлғаға жүгінуінің жазбаша дəлелдемесін ұсынбаған;

3) істің жаңа мəн-жайлары болмаған кезде қайтадан жіберілген жолданымдарды қарамайды.

3. Микроқаржы омбудсманының шешімін қарыз алушы - жеке тұлға қабылдаған жағдайда ол микроқаржы ұйымы, қарыз алушы - жеке тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) берілген тұлға үшін міндетті болады.

Микроқаржы омбудсманы осы Заңның 29-1-бабының 1 жəне 2-тармақтарында көзделген жағдайларда жеке тұлғалардың жолданымдарын қарауды жəне шешімдер қабылдауды өтеусіз жүзеге асырады.

Жолданымды қарау нəтижелері мүдделі тараптар немесе олардың өкілдері қол қоятын хаттамамен ресімделіп, жеке тұлғаның жəне микроқаржы ұйымының, қарыз алушымен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) берілген тұлғаның назарына жеткізіледі.

Хаттамада мыналар қамтылуға тиіс:

1) қол қойылған күні мен орны;

2) микроқаржы омбудсманының тегі, аты, əкесінің аты (егер ол жеке басты куəландыратын құжатта көрсетілсе);

3) өтініш беруші - жеке тұлғаның тегі, аты, əкесінің аты (егер ол жеке басты куəландыратын құжатта көрсетілсе), байланыс телефонының нөмірі, микроқаржы ұйымының, қарыз алушы - жеке тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) берілген тұлғаның атауы, олардың мекенжайлары мен деректемелері;

4) даудың нысанасы немесе жеке тұлғаның мəлімделген талабы;

5) микроқаржы омбудсманы анықтаған істің мəн-жайлары;

6) микроқаржы омбудсманының өтініш беруші - жеке тұлғаның өтінішін толық не ішінара қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі;

7) микроқаржы омбудсманының шешімін орындау мерзімі;

8) микроқаржы ұйымының, қарыз алушы - жеке тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) берілген тұлғаның шешімді орындау нəтижелері туралы хабар беру мерзімі.

4. Қарыз алушы - жеке тұлғалардың микрокредит беру туралы шарттар жөніндегі міндеттемелерді орындау талаптарын өзгертуге қатысты жолданымдары бойынша микроқаржы омбудсманы тараптардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуіне жəне микрокредит беру туралы шарт жөніндегі міндеттемелерді орындау талаптарын өзгерту туралы тараптар келіскен шешімнің қабылдануына жəрдемдеседі.

Микроқаржы омбудсманының шешімімен келіспеген жағдайда мүдделі тарап сотқа жүгінуге құқылы.

5. Микроқаржы ұйымы, қарыз алушымен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) берілген тұлға микроқаржы омбудсманының шешімін ол белгілеген мерзімде орындамаған жағдайда микроқаржы омбудсманы бұл туралы уəкілетті органға бес жұмыс күнінен кешіктірмей хабар беруге міндетті.

Егер тараптардың келісімі бойынша өзге мерзім белгіленбесе, микроқаржы ұйымының, қарыз алушымен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) берілген тұлғаның микроқаржы омбудсманының шешімін орындау мерзімі күнтізбелік отыз күнді құрайды.

 

29-4-бап. Микроқаржы омбудсманының қызметі

1. Микроқаржы омбудсманының қызметі, оның ішінде дауларды шешу бойынша жолданымдарды қарау жəне шешімдер қабылдау тəртібі мен мерзімдері микроқаржы омбудсманының ішкі қағидалары негізінде жүзеге асырылады.

2. Жүктелген функцияларды тиісінше орындау мақсатында микроқаржы омбудсманының қызметі микроқаржы ұйымдарының, қарыз алушымен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) берілген коллекторлық агенттіктердің міндетті жарналары есебінен қаржыландырылады.

Міндетті жарналар төленбеген, уақтылы төленбеген не толық көлемде төленбеген жағдайда микроқаржы омбудсманы жеті жұмыс күні ішінде уəкілетті органды микроқаржы ұйымының, қарыз алушымен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша құқық (талап ету) берілген коллекторлық агенттіктің осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген өз міндеттемелерін тиісінше орындамағаны туралы хабардар етуге міндетті.

3. Микроқаржы омбудсманы өкілдер кеңесімен келісу бойынша ұйымдық құрылымы мен штаты бар офис құрады.

4. Микроқаржы омбудсманының ішкі қағидаларында:

1) ревизиялық комиссияның жəне басқа да тұрақты жұмыс істейтін органдардың (бар болса) құрылымы, міндеттері мен өкілеттіктері;

2) микроқаржы омбудсманының құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі;

3) дауларды шешу тəртібі;

4) микроқаржы омбудсманының қызметін жүзеге асыруға байланысты өзге де мəселелер айқындалуға тиіс.

2025.30.06. № 205-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2025 ж. 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5. Микроқаржы омбудсманы дауларды шешу барысында алынған ақпаратқа қатысты құпиялылықты сақтауға жəне оны үшінші тұлғаларға жария етпеуге міндетті.

Микроқаржы омбудсманы өз қызметін жүзеге асыру барысында алынған мəліметтерді жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

Микроқаржы омбудсманы осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптарды бұзған жағдайда, өкілдер кеңесі микроқаржы омбудсманының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мəселені қарауға құқылы.

6. Микроқаржы омбудсманының интернет-ресурсында мынадай ақпарат орналастырылады:

1) офистің, оның ішінде бөлімшелер мен өкілдіктердің толық атауы, мекенжайы (тұрған жері), телефон нөмірлері, жұмыс режимі;

2) микроқаржы омбудсманын сайлау туралы мəліметтер;

3) микроқаржы омбудсманының өкілдер кеңесінің құрамына кіретін қауымдастықтардың (одақтардың) тізбесі;

4) микроқаржы омбудсманы ұсынатын көрсетілетін қызмет түрлері туралы мəліметтер;

5) микроқаржы омбудсманының шешімдерін есепке алу, қарау, қабылдау жəне орындау тəртібі;

6) микроқаржы омбудсманы жұмысының қорытындылары туралы ай сайынғы ақпарат;

7) микроқаржы омбудсманы қызметінің қорытындылары туралы жылдық есептер;

8) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға арналған, ақпараттық жəне түсіндірме материалдары мен сот практикасының материалдары жарияланатын бөлім;

9) микроқаржы нарығына қатысушылармен жасалған келісімдер мен меморандумдардың тізбесі.

7. Микроқаржы омбудсманы тұрған жері өзгерген жағдайда бұл туралы қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын екі мерзімді баспасөз басылымында қазақ жəне орыс тілдерінде бір ай мерзімнен кешіктірмей жəне микроқаржы омбудсманының интернет-ресурсында он жұмыс күні ішінде хабарландыру жариялау арқылы хабарлауға міндетті.

8. Микроқаржы омбудсманы өкілдер кеңесінің шешімі бойынша:

1) қарыз алушы - жеке тұлғалардың жолданымдарын есепке алуды автоматтандыру жəне өңдеу бойынша арнайы бағдарламалық қамтылымның қолданылуын;

2) қарыз алушы - жеке тұлғаларға консультациялық қызметтер көрсету үшін микроқаржы омбудсманының офисінде колл-орталықтың не жедел желінің ендірілуін;

3) келіспеушіліктерді реттеу мақсатында шарт негізінде кредиттік бюроның ақпараттық базасынан қарыз алушы - жеке тұлғаның кредиттік есебін жедел алуды қамтамасыз етуге тиіс.

Микроқаржы омбудсманы қарыз алушы - жеке тұлғалардың жолданымдарына талдау жасау нəтижелері бойынша уəкілетті органға Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасын, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының жəне (немесе) коллекторлық агенттіктердің қызметін жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды жіберуге құқылы.

9. Уəкілетті орган:

1) микроқаржы омбудсманының ішкі қағидаларын келісуді жүзеге асырады;

2) қарыз алушы - жеке тұлғалардың микроқаржы омбудсманының əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) шағымдарын қарайды;

3) өкілдер кеңесіне микроқаржы омбудсманының əрекеттерінде (əрекетсіздігінде) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзушылық анықталған жағдайларда микроқаржы омбудсманының қызметі туралы ұсынымдарды жібереді;

4) осы Заңға сəйкес микроқаржы омбудсманының қызметіне байланысты өзге де функцияларды жүзеге асырады.

 

 

2026.16.01. № 259-VIII ҚР Заңымен 4-2-тараумен толықтырылды (2026 ж. 19 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)

4-2-тарау. МИКРОҚАРЖЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗІН-ӨЗІ РЕТТЕЙТІН ҰЙЫМДАР

 

29-5-бап. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымды құру

1. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым деп микроқаржы ұйымдарының немесе кредиттік серіктестіктердің немесе ломбардтардың міндетті мүшелігіне (қатысуына) негізделген, өз мүшелерінің (қатысушыларының) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын сақтауы бөлігінде олардың қызметін бақылау үшін құрылған, микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдар тізіліміне енгізілген өзін-өзі реттейтін ұйым танылады.

2. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым коммерциялық емес ұйым болып табылады жəне қауымдастық (одақ) нысанында құрылады жəне өз қызметін осы Заңның 3-бабының 1-тармағында көрсетілген микроқаржылық қызметтің бір түріне қатысты жүзеге асырады.

3. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметі осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен, микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның жарғысымен, стандарттарымен жəне қағидаларымен, сондай-ақ уəкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметін жүзеге асыру тəртібімен реттеледі.

Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қызметін жүзеге асыру тəртібі мыналарды:

1) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның бюджетті жасауына қойылатын талаптарды;

2) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның басшы қызметкерлері туралы мəліметтерді;

3) өзін-өзі реттейтін ұйымдардың тізілімінен шығарылған микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның өз қызметі барысында пайда болған, сондай-ақ мүшелердің (қатысушылардың) қызметіне қатысты құжаттар мен мəліметтерді микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін басқа ұйымға немесе уəкілетті органға беру тəртібін белгілейді.

4. Микроқаржы ұйымдары, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар бір мезгілде микроқаржылық қызмет саласындағы екі жəне одан көп өзін-өзі реттейтін ұйымдардың мүшелері (қатысушылары) бола алмайды.

5. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым құрамында мүшелері (қатысушылары) ретінде микроқаржы ұйымдарының немесе кредиттік серіктестіктердің немесе ломбардтардың жалпы санының кемінде жиырма бір пайызын біріктіруге тиіс. Микроқаржы ұйымдарының, кредиттік серіктестіктер мен ломбардтардың жалпы саны уəкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылатын ақпараттың негізінде айқындалады.

6. Мүшелік (қатысу) шарттарында біріктіруші микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның атауында:

микроқаржы ұйымдарының атауында «микроқаржы ұйымдарының өзін-өзі реттейтін ұйымы» деген сөздер болуға тиіс;

кредиттік серіктестіктердің атауында «кредиттік серіктестіктердің өзін-өзі реттейтін ұйымы» деген сөздер болуға тиіс;

ломбардтардың атауында «ломбардтардың өзін-өзі реттейтін ұйымы» деген сөздер болуға тиіс.

Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның атауында «ұлттық», «мемлекеттік», «республикалық» немесе «орталық» деген сөздерді кез келген тілде толық немесе қысқартылған түрде пайдалануға тыйым салынады.

Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның атауы ретінде микроқаржы ұйымдарының атауымен бірдей немесе оған айырғысыз дəрежеге дейін ұқсас белгілерді пайдалануға жол берілмейді.

7. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым «Өзін-өзі реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан əрі - Өзін-өзі реттеу туралы заң) 9-бабы 4-тармағының үшінші бөлігінде белгіленген мерзімдерде уəкілетті органға мынадай мəліметтер мен құжаттарды ұсынады:

1) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның жалпы жиналысы бекіткен жарғының көшірмесі;

2) Өзін-өзі реттеу туралы заңда, осы Заңда белгіленген талаптарға сəйкес əзірленген жəне микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның алқалы басқару органы бекіткен микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары;

3) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымда өз мүшелерінің (қатысушыларының) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар алдындағы мүліктік жауапкершілікті қамтамасыз етудің бір немесе бірнеше тəсілдердің бар екенін растайтын мəліметтер мен құжаттар;

4) атқарушы басқару органының басшысы қол қойған, микроқаржы ұйымдарының немесе кредиттік серіктестіктердің немесе ломбардтардың жалпы санының кемінде жиырма бір пайызын қамтитын микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) тізілімінен үзінді көшірме;

5) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның осы Заңға сəйкес өз өкілеттіктерін орындау мүмкіндігін растайтын бюджеті.

Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның бюджетті жасауына қойылатын талаптар уəкілетті органның осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді;

6) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның басшы қызметкерлерінің «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау жəне қадағалау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 9-4-бабында белгіленген талаптарға сəйкестігін растайтын мəліметтер мен құжаттар.

Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның басшы қызметкерлері туралы мəліметтер уəкілетті органның осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актісіне сəйкес ұсынылады.

Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның басшы қызметкерлері болып алқалы басқару органының басшысы, оның орынбасары жəне мүшелері, атқарушы басқару органының басшысы, оның орынбасары жəне атқарушы басқару органының мүшелері танылады.

 

29-6-бап. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттары

1. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары Өзін-өзі реттеу туралы заңның 20-1-бабында көзделген талаптардан басқа, мыналарды қамтуға тиіс:

1) кіру жарналары мен мүшелік жарналардың мөлшері жəне (немесе) оларды есептеу тəртібі, төлеу тəртібі;

2) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым қызметкерлерінің кəсіби əдебінің қағидалары;

3) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның өз интернет-ресурсында ақпаратты орналастыру тəртібі, оның тізбесі, нысандары мен мерзімдері;

4) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым өз бетінше айқындайтын өзге де ережелер.

2. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның стандарттары Өзін-өзі реттеу туралы заңның 20-2-бабында көзделген талаптардан басқа:

1) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауы;

2) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) тəуекелдерді басқару жүйесін басқаруы туралы ережелерді қамтуға тиіс.

Осы тармақшаның талабы мүшелері (қатысушылары) кредиттік серіктестіктер немесе ломбардтар болып табылатын микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдарға қолданылмайды;

3) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға жəне жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды сақтауы;

4) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) пруденциялық нормативтерді жəне сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді орындауы;

5) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) микроқаржылық қызметті жүзеге асыруы туралы ережелерді;

6) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым өз бетінше айқындайтын өзге де ережелерді қамтуға тиіс.

 

29-7-бап. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның құзыреті

1. Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның құзыретіне мыналар жатады:

1) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшелеріне (қатысушыларына) тексерулер ұйымдастыру мен жүргізудің микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым белгілейтін тəртібіне сəйкес, микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын сақтауы тұрғысынан оларға тексерулер жүргізу;

2) өз мүшелері (қатысушылары) ұсынатын қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың жолданымдарын микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидаларында белгіленген тəртіппен қарау;

Микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым осы тармақтың екінші бөлігіне сəйкес өз мүшелері (қатысушылары) ұсынатын қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушының жолданымын қарау микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның құзыретіне жатқызылған осындай жолданымды бір жұмыс күні ішінде жəне жолданым тіркелген күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде тіркеуді қамтамасыз етеді, көрсетілген жолданымның көшірмесін өзіне қатысты жолданым берілген микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның мүшесіне (қатысушыларына) жібереді.

Жолданымдарды қарау мерзімі олар тіркелген күннен бастап он бес жұмыс күнінен аспауға тиіс.

Жолданымды дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мəн-жайларды анықтау қажет болған жағдайда, қарау мерзімі он бес жұмыс күніне ұзартылуы мүмкін, бұл туралы өтініш берушіні мерзімді ұзарту туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етеді.