Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға баға белгілеу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 20 ақпандағы № 159 Қаулысы
Осы редакция 2013 жылғы 5 шілдеде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Бәсекелестік туралы» 2008 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 32-бабының 2-1-тармағына және «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 9-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға баға белгілеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
С. Ахметов |
Үкіметінің
2013 жылғы 20 ақпандағы
№ 159 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға баға белгілеу
қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға баға белгілеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының «Бәсекелестік туралы» (бұдан әрі - Заң) 2008 жылғы 25 желтоқсандағы және «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңдарына сәйкес әзірленді.
2. Осы Қағидаларды қолдану мақсатында мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) баға белгілеу - мемлекеттік монополия субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды қалыптастыру және қарау үдерісі;
2) мемлекеттік монополия субъектісі (бұдан әрі - субъект) - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған не Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік кәсіпорын;
3) негізделген баға - мемлекеттік монополия субъектісінің негізделген шығындарының және пайдасының негізінде айқындалған баға;