Темір жол көлігіндегі сигнализация туралы нұсқаулықты бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 18 сәуірдегі № 209 бұйрығы
Осы редакция 2014 жылғы 27 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Темір жол көлігі туралы» 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабы 2-тармағы 15 тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берілген Темір жол көлігіндегі сигнализация туралы нұсқаулық бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік және қатынас жолдары комитеті (Қилыбай Н.И.) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу үшін ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуына бақылау жасау Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінің вице-министрі Е.С. Дүйсенбаевқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық бірінші рет ресми жарияланғаннан он күнтізбелік күн өткеннен кейін күшіне енеді.
| Министр | Б. Камалиев |
Көлік және коммуникация
министрінің
2011 жылғы 18 сәуірдегі
№ 209 бұйрығымен
бекітілген
Темір жол көлігіндегі сигнализация туралы
нұсқаулық
1. Жалпы ереже
§ 1. Кіріспе
1. Осы Темір жол көлігіндегі сигнализация туралы нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) поездар қозғалысына және маневрлік жұмысқа қатысы бар бұйрықтар мен нұсқауларды беруге қажет, көрінетін сигналдарды және дыбыстық сигналдарды, сондай-ақ ол сигналдар берілетін сигналдық аспаптардың түрлерін белгілейді.
2. Сигнализация туралы нұсқаулықпен белгіленген сигналдар талаптарын орындау поездар қозғалысының және маневрлік жұмыстың үздіксіздігін және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
3. Темір жол көлігіндегі сигнализацияға жататын барлық нұсқаулықтар мен басқа нұсқаулар осы Нұсқаулықтың талаптарына қатаң сәйкес келуі керек.
4. Сигналдар қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ поездар қозғалысын және маневрлік жұмысты мүлтіксіз ұйымдастыру үшін қызмет етеді.