Педагог лауазымын және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салу туралы сот үкімін орындау қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 388 бұйрығы
(2021.13.07. берілген өзгерістермен)
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 72-бабының 1-тармағын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Педагог лауазымын және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салу туралы сот үкімін орындау қағидалары бекітілсін;
2. Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаменті (Ж.А. Жонтаева):
1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауды қамтамасыз етсін;
3) осы бұйрықты облыстар, Астана және Алматы қалалары білім басқармаларының назарларына жеткізсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау білім және ғылым вице-министрі Е.Н. Иманғалиевке жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.