Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді бірыңғай ұйымдастырушы жүзеге асыратын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 9 желтоқсандағы № 548 бұйрығы
(2015.15.09. берілген өзгерістермен)
ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 21 желтоқсандағы № 669 бұйрығымен күшi жойылды
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңының 7-бабы 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді бірыңғай ұйымдастырушы жүзеге асыратын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитеті (Қ.Н. Абдуллаев) заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден кейін оны бұқаралық ақпарат құралдары мен «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;
3) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында осы бұйрықтың орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.