Жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу регламентін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 2026 жылғы 28 қыркүйектегі № 158 бұйрығы
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 5-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу регламенті бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі |
С. Жумангарин |
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Ұлттық экономика министрі
2026 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 158 бұйрығымен
бекітілген
Жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу
регламенті
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу регламенті (бұдан әрі - Регламент) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 39-3-бабының 5-1-тармағына сәйкес әзірленді.
2-тарау. Жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу тәртібі
2. Жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің аумағында жергілікті қоғамдастық жиыны өткізіледі.