Ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде орман пайдаланушылар әзірлейтін өртке қарсы іс-шаралар жоспарларына қойылатын талаптарды бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 18-02/58 бұйрығы
Осы редакция 2025 ж. 15 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің 13-бабы 1-тармағының 18-39) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде орман пайдаланушылар әзірлейтін өртке қарсы іс-шаралар жоспарларына қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Министр | А. Мамытбеков |
«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрі
Қ. Қасымов
2015 жылғы 13 ақпан
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 30 қаңтардағы
№ 18-02/58 бұйрығымен
бекітілген
Ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде орман пайдаланушылар
әзірлейтін өртке қарсы іс-шаралар жоспарларына қойылатын
талаптар
1. Орман қоры учаскелері ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген орман пайдаланушылар жыл сайын өртке қарсы іс-шаралар жоспарларын (бұдан әрі - Жоспар) әзірлейді және оны іске асырады.
Жоспар:
1) өртке қарсы алдын алу іс-шараларын;
2) орман өрттерін сөндіру іс-шараларын қамтиды.