«Азаматтық қорғаныс жоспарларының және төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларының құрылымын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2014 жылғы 29 мамырдағы № 258 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 12 сәуірдегі № 102 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Азаматтық қорғаныс жоспарларының және төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларының құрылымын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2014 жылғы 29 мамырдағы № 258 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9554 болып тіркелген) бұйрығына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Азаматтық қорғаныс жоспарларының құрылымы осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.