12-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ҚОРЫ
57-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры, материалдық емес активтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі шоттарында шоғырландырылатын қаржылық активтері, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалатын мөлшерде жер қойнауын пайдаланушылардың арнаулы төлемдер мен салықтарды төлеу жөніндегі салықтық міндеттемелерді орындау есебіне заттай нысанда берілетін пайдалы қазбалар немесе оларды өткізуден түскен ақша түріндегі, сондай-ақ өзге де мүлік түріндегі мемлекет активтерін білдіреді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін пайдалану, талдау және болжау мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының таза активтерінің, яғни нысаналы талаптар сомасын қамтитын міндеттемелерді шегергендегі активтердің мөлшері пайдаланылады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры, материалдық емес активтерді қоспағанда, қаржылық активтерді және өзге де мүлікті жинақтау, экономиканың мұнай секторына тәуелділігін және қолайсыз сыртқы факторлардың ықпалын төмендету арқылы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге арналған.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры жинақтау және тұрақтандыру функцияларын жүзеге асырады.
Жинақтау функциясы, материалдық емес активтерді қоспағанда, қаржылық активтерді және өзге де мүліктің жинақталуын және тәуекелдің қалыпты деңгейінде ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры активтерінің кірістілігін қамтамасыз етеді.
Тұрақтандыру функциясы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтері өтімділігінің жеткілікті деңгейін ұстап тұруға арналған.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының тұрақтандыру функциясын жүзеге асыру үшін пайдаланылатын бөлігі кепілдік берілген трансфертті қамтамасыз ету үшін қажетті мөлшерде айқындалады.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры, материалдық емес активтерді қоспағанда:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының сақталуын;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры өтімділігінің жеткілікті деңгейін ұстап тұруды;
3) ұзақ мерзімді перспективада инвестициялық кірістер алуды қамтамасыз ету мақсатында рұқсат етілген қаржы құралдарына орналастырылады.
Материалдық емес активтерді қоспағанда, рұқсат етілген қаржы құралдарының және олармен жасалатын мәмілелердің тізбесін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп айқындайды.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша, сондай-ақ оның көлемдері мен пайдалану бағыттары бойынша шешімдерді Қазақстан Республикасының Президенті қабылдайды.
6. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдер және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының жұмсалуы ұлттық және шетел валюталарымен жүргізіледі.
7. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан алып қойылатын активтер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тәртіппен айырбасталуға немесе қайта айырбасталуға жатады.
8. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының операциялары бойынша есепке алу мен есептілік ұлттық валютамен жүзеге асырылады.
9. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қазақстан Республикасының Үкіметі арасында жасалатын сенімгерлік басқару туралы шарт негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының бухгалтерлік есебін жүргізу мен қаржылық есептілігін жасау тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқару нәтижелері бойынша жылдық қаржылық есептілік осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.
10. Активтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына есепке жатқызу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану тәртібін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есептің нысандары мен оны жасау қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
58-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру көздері
1. Мыналар Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру көздері болып табылады:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдер;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқарудан түсетін инвестициялық кірістер;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де түсімдер мен кірістер.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдер:
1) мұнай секторы ұйымдарының тікелей салықтарынан (жергілікті бюджеттерге есепке жатқызылатын салықтарды қоспағанда) тұрады, оларға мыналар жатады:
корпоративтік табыс салығы;
шикі мұнайға, газ конденсатына акциздер;
үстеме пайда салығы;
бонустар;
пайдалы қазбаларды өндіру салығы;
экспортқа рента салығы;
Қазақстан Республикасының жасалған келісімшарттар бойынша өнімді бөлу бойынша үлесі;
жер қойнауын пайдалануға балама салық;
өнімді бөлу туралы келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемі.
Осы тармақшаның ережесі салықтық тексерулер нәтижелері бойынша тікелей салықтар түсімдеріне қолданылмайды;
2) мұнай секторының ұйымдары жүзеге асыратын операциялардан түсетін басқа да түсімдерден (жергілікті бюджеттерге есепке жатқызылатын түсімдерді қоспағанда), оның ішінде мұнай келісімшарттары талаптарының бұзылғаны үшін түсетін түсімдерден (жергілікті бюджеттерге есепке жатқызылатын түсімдерді қоспағанда);
3) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдерден;
4) республикалық меншікті жекешелендіруден түсетін түсімдерден;
5) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін түсімдерден;
6) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымның активтерді сатуынан түсетін түсімдерден;
7) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттер есебінен республикалық бюджеттен 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін бөлінген бюджеттік кредиттерді өтеуден түсетін түсімдерден тұрады.
3. Мыналар мұнай секторының ұйымдарына жатады:
1) шикі мұнай, газ конденсатын өндірумен айналысатын заңды тұлғалар;
2) шикі мұнайды, газ конденсатын барлауға келісімшарттар жасасқан заңды тұлғалар;
3) жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда берген пайдалы қазбаларды мемлекет атынан алушы.
Келесі қаржы жылына арналған мұнай секторы ұйымдарының тізбесі бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен мен жер қойнауын пайдалану, мұнай келісімшарттарын жасасу және орындау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын жүзеге асыратын құзыретті органмен бірлесіп, ағымдағы қаржы жылының желтоқсанында бекітіледі.
4. Материалдық емес активтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқарудан түсетін инвестициялық кірістер Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қаржы құралдарына орналастырудан құралады.
5. Мұнай секторының ұйымдарына шығындарды өтеу шартымен іс-шаралар мен жобаларды қаржыландыру мақсатында құқықтық актілерді қабылдауға тыйым салынады.
59-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт түрінде;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферттер түрінде;
3) нысаналы талаптарды төлеу және нысаналы жинақтарды аударуға, есепке жатқызу мен төлеуге байланысты банктік көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды жабу түрінде;
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқаруға және жыл сайын аудит жүргізуге байланысты шығыстарды жабуға жұмсалады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын жұмсау:
осы Кодекстің 47-бабы 1-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейтін құжаттарда белгіленген нысаналы бағдарлармен;
нысаналы талаптар көлемімен шектеледі.
2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын:
жеке және заңды тұлғаларға кредит беруге;
мемлекеттік және мемлекеттік емес қарыздар бойынша борыштық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде;
қазақстандық эмитенттерді ішкі қаржы құралдарына орналастыруға;
ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде тартылатын қарыздарды субсидиялауға бағытталатын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттерді қоспағанда, республикалық бюджеттің ағымдағы шығыстарын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттер түрінде қаржыландыруға және (немесе) қоса қаржыландыруға пайдалануға болмайды.
Осы тармақтың ережелері Ұлттық әл-ауқат қорының және даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде құрылған Ұлттық басқарушы холдингтің жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды іске асыру үшін эмиссияланатын борыштық бағалы қағаздарын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен сатып алуға қолданылмайды.
Ұлттық әл-ауқат қорының және даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде құрылған Ұлттық басқарушы холдингтің борыштық бағалы қағаздарын сатып алу арқылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын жалпы ел үшін маңызы бар жобалар осындай жобаларды қаржыландырудың балама көздерінің бар-жоғы тұрғысынан қаралуға және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және бекітетін тәртіппен сараптамаға жатады.
Ұлттық әл-ауқат қорының және даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде құрылған Ұлттық басқарушы холдингтің борыштық бағалы қағаздарын сатып алу арқылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын жалпы ел үшін маңызы бар жобалар сараптама қорытындыларымен бірге Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің қарауына жатады.
Ұлттық әл-ауқат қорының және даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде құрылған Ұлттық басқарушы холдингтің борыштық бағалы қағаздарын сатып алу арқылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен іске асырылатын жалпы ел үшін маңызы бар жобалардың тізбесі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың нысаналы, заңды және тиімді пайдаланылуын мониторингтеуді Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша құрылатын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссияның құрамын, ережесін және жұмыс тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
60-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін өтеусіз және қайтарымсыз түсімдер Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшерін осы Кодекстің 48-бабында айқындалған кепілдендірілген трансферт туралы бюджет қағидасына сәйкес және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің ұсынысын ескере отырып, абсолюттік тіркелген мәнде бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері және кесімді баға Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамында белгіленеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдендірілген трансферттің мөлшері республикалық бюджет туралы заңда бекітіледі.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке тартылатын кепілдендірілген трансферттің ай сайынғы көлемінің мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісілген тәртіппен мемлекеттік қазынашылық белгілейді.
61-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке берілетін нысаналы трансферттер
2025.17.07. № 213-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2025 ж. 29 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қаржыландырудың балама көздері болмаған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша осы Кодекстің 148-бабы 8-тармағының жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктеріне сәйкес айқындалатын аса маңызды объектілер мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыруға жіберілетін, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке түсетін түсімдер Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттер болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша жобалар және оларды қаржыландыру көлемдері Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің ұсынысы ескеріле отырып айқындалады және Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітіледі.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттерді бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тек олардың нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланады.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан нысаналы трансферттер түрінде бөлінген бюджет қаражатын пайдалану мен толық пайдаланудың ерекшеліктері осы Кодекстің 115-бабында реттеледі.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттерді пайдаланғаны үшін жауаптылық осы Кодекстің 41-бабында белгіленеді.
62-бап. Нысаналы талаптар және нысаналы жинақтар
1. Есепті жылдың алдындағы он сегіз жылдағы орташаланған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің елу пайызы есебінен жыл сайын есепке жазылатын, мемлекеттің он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары алдындағы міндеттемелері нысаналы талаптар болып табылады.
2. Өткен жылдардың нысаналы талаптарына жыл сайын есепті жылдың алдындағы он сегіз жылдағы орташаланған инвестициялық кіріс есепке жазылады.
3. Жыл сайын нысаналы талаптардың бір бөлігі ағымдағы күнтізбелік жылы он сегіз жасқа толған (толатын), есепті жылы қайтыс болған не заңды күшіне енген сот актісімен қайтыс болды деп жарияланған Қазақстан Республикасының азаматтарына төлемдер жүргізу үшін нысаналы жинақтарға аударылады.
Нысаналы жинақ шотынан нысаналы жинақтарды алушыға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұрагерлерге төленетін нысаналы жинақтардың сомасы нысаналы жинақтар төлемі болып табылады.
4. Нысаналы талаптарды, нысаналы жинақтарды және нысаналы жинақтар төлемін қалыптастыру және есепке алу, сондай-ақ нысаналы талаптарды есепке жазу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
63-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану мәселелерін қарау ерекшеліктері
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын пайдалану мәселелерін Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес:
Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры активтерінің жай-күйін;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жинақталған қаржылық активтерін инвестициялаудан түсетін инвестициялық кірісін;
кепілдендірілген трансферт туралы бюджет қағидасын;
осы Кодекстің 47-бабы 1-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейтін құжаттарда белгіленген нысаналы бағдарларды;
мәлімделетін бюджеттік инвестициялардан түсетін бюджеттік инвестициялардың экономикалық сараптамасының нәтижелерін;
нысаналы талаптар көлемдерін;
Ұлттық әл-ауқат қорының борыштық бағалы қағаздарын сатып алу жолымен Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты есебінен қаржыландыруға ұсынылатын жалпы ел үшін маңызы бар жобаларға сараптама нәтижелерін;
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың нысаналы, заңды және тиімді пайдаланылуын мониторингтеу нәтижелерін ескере отырып, бетпе-бет және (немесе) сырттай өткізілетін отырыстарда қарайды.
2026.11.06. № 306-VIII ҚР Заңымен 64-бап өзгертілді (2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
64-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану туралы жылдық есепті жасау, ұсыну және бекіту
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқаруға байланысты қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын аудит жүргізіледі.
Аудиторлық ұйымды таңдау Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен конкурстық негізде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жыл сайынғы аудитінің жүргізілуін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
Аудит жүргізу нәтижелері осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры аудитінің нәтижелерін қоса алғанда, жыл сайын есепті қаржы жылынан кейінгі жылдың 1 мамырына дейін жасайды.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану туралы жылдық есепті жыл сайын ағымдағы жылдың 1 маусымынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге ұсынады.
4. Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану туралы жылдық есепті бекіткеннен кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі оны ақпарат ретінде Қазақстан Республикасының Құрылтайында ұсынады.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану туралы жылдық есепті жасаудың нысандары мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша бекітеді.
6. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану туралы жылдық есеп осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.
7. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру мен пайдалану туралы жылдық есепті жасау шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры активтерінің жай-күйі туралы, жинақталған қаржылық активтерді инвестициялаудан түсетін инвестициялық кіріс туралы, нысаналы талаптарды есепке жазу және оларды төлеу туралы ақпаратты қалыптастырады, ол есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуіріне дейінгі мерзімде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға жіберіледі.
13-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БЮДЖЕТТЕН ТЫС ҚОРЛАРЫ
65-бап. Қазақстан Республикасының бюджеттен тыс қорлары туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасында бюджеттен тыс қорлар құрылады, олар мынадай өлшемшарттарға сәйкес келуге тиіс:
қатаң нысаналы бағыттылығы болады;
бюджетке енгізілмеген шығыстарды қаржыландыру үшін пайдаланылады;
қорлардың ақшасы мемлекеттік меншік болып табылады, бюджеттер мен басқа қорлардың құрамына кірмейді.
2. Бюджеттен тыс қорлардың қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасында реттеледі.
3. Бюджеттен тыс қорлардың аудитін «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы жүзеге асырады.
66-бап. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры
1. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры - әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды, асыраушысынан айырылған жағдайда отбасы мүшелерін - асырауындағыларды қоса алғанда, өздеріне қатысты әлеуметтік тәуекел жағдайы туындаған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік төлемдерді тағайындау мен жүзеге асыруды жүргізетін заңды тұлға.
2. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметі туралы есептілік Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының болжамды және нақты түсімдері мен шығыстары туралы ақпарат:
шоғырландырылған бюджеттің құрамына енгізіледі;
республикалық бюджет туралы заң жобасына қоса берілетін материалдардың құрамына енгізіледі;
шоғырландырылған бюджеттің атқарылуы туралы есептің құрамына енгізіледі;
республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамына енгізіледі;
осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.
67-бап. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры
1. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры - аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін сатып алу мен оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым.
2. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметі туралы есептілік Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасына, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2025.14.07. № 206-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының республикалық жəне жергілікті бюджеттермен өзара қатынасы заңды тұлғаларға берілетін трансферттер арқылы жүзеге асырылады.
Заңды тұлғаларға берілетін трансферттерді бөлу арқылы бюджеттен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына шығыстарды жоспарлау, бюджет қаражатының пайдаланылуы туралы есептілік жасау тәртібін, оның нысандары мен ұсынылу мерзімдерін, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдаланудың барысы мен нәтижелері туралы берілетін ақпаратқа қойылатын талаптарды денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бюджеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісу бойынша әзірлейді және бекітеді.
4. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының болжамды және нақты түсімдері мен шығыстары туралы ақпарат:
шоғырландырылған бюджеттің құрамына енгізіледі;
республикалық бюджет туралы заң жобасына қоса берілетін материалдардың құрамына енгізіледі;
шоғырландырылған бюджеттің атқарылуы туралы есептің құрамына енгізіледі;
республикалық бюджеттің атқарылуы туралы жылдық есептің құрамына енгізіледі;
осы Кодекстің 40-бабына сәйкес жариялануға жатады.
68-бап. Жәбірленушілерге өтемақы қоры
1. Жәбірленушілерге өтемақы қоры - Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы заңнамасында көзделген тәртіппен ақша түсімдерін есепке жатқызу және жәбірленушілерге өтемақы төлемін жүргізу үшін мемлекеттік қазынашылықта ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты.
2. Мыналар Жәбірленушілерге өтемақы қорына салықтық емес түсімдер болып табылады:
1) сот өндіріп алатын мәжбүрлі төлемдер;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 71, 78, 80, 81, 82, 90, 142, 156 және 165-баптарында көзделген процестік міндеттерді орындамағаны және сот отырысында тәртіп бұзғаны үшін, адвокатты, прокурор мен сотталушыны қоспағанда, жәбірленушіге, куәға, маманға, аудармашыға және өзге де адамдарға сот салатын ақшалай өндіріп алулар;