«Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі» 2025 жылғы 15 наурыздағы № 171-VIII Кодексі (2026.01.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

Қалыптасқан бағамдық айырма нәтижесінде не тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі өткізілген конкурстық рәсімдердің қорытындылары бойынша пайда болған, мемлекеттік не мемлекет кепілдік берген қарыз есебінен қаржыландырылатын жобалар бойынша пайдаланылмаған қаражат қарыздар бойынша қаражатты үнемдеу болып табылады.

Қарыз алушының қарыз шартының талаптарына сәйкес мемлекеттік не мемлекет кепілдік берген қарыз есебінен қаржыландырылатын жобалар бойынша игерілмеген қарыз қаражатының толық немесе ішінара сомасын жоюы қарыз қаражатының күшін жою болып табылады.

Тараптардың келісуімен қарыз шарты бойынша не шығарылған облигациялар бойынша олардың міндеттемелерді орындау мерзімдерін, қаржылық және өзге де талаптарын өзгерту қарызды қайта құрылымдау болып табылады.

Мемлекет уәкілеттік берген органдардың мемлекет атынан борышты қалыптастыру, өзгерту, оған қызмет көрсету және оны өтеу процесін есепке алу, талдау және бақылау жөніндегі қызметі борышқа мониторинг жүргізу болып табылады.

5. Қарыз шарты бойынша міндеттемені орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмейді.

Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып қабылданған және мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды тарту, пайдалану немесе өтеу талаптарын нашарлататын актілерінің заңдық күші болмайды.

Мемлекеттік борышты немесе мемлекет кепілдік берген борышты басқаруды қоса алғанда қарыз шарттарына, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарға, үкіметтік кепілдіктерге, кепілгерліктерге немесе олармен байланысты қызметке қатысты туындайтын даулар мен келіспеушіліктер, мүмкіндігінше, келіссөздер арқылы не қарыз шарттарында, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару қағидаларында белгіленген дауларды шешудің бұрын келісілген рәсімдеріне сәйкес шешіледі.

Шетелдік қарыз берушінің Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен дауларын қоса алғанда, осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделмеген басқа даулардың бәрін, егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының соттары шешеді.

6. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің қарыз алуы мемлекеттік қарыз алу болып табылады.

Мемлекеттік қарыздар қарыз алушыға қатысты:

1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыздары;

2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қарыздары;

3) жергілікті атқарушы органдар мен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының қарыздары болып бөлінеді.

Мемлекеттік қарыз алу, мемлекет кепілдік берген қарыз алу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің қарыз алуы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

7. Қазақстан Республикасының Үкіметін, жергілікті атқарушы органдарды, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің аппараттарын және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, Қазақстан Республикасы резиденттерінің қарыз алуы мемлекеттік емес қарыз алу болып табылады.

Қазақстан Республикасының резиденттері мемлекеттік емес қарыз алуды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектеулерді ескере отырып, кез келген мөлшерде, валютада және нысанда дербес жүзеге асырады.

Заңды тұлғалар мемлекеттік емес қарыздарды мемлекеттік кепілдіктермен тарта алады.

8. Несие капиталының нарықтарына қарай қарыздар:

1) Қазақстан Республикасының бейрезиденті қарыз беруші болатын сыртқы қарыздар;

2) Қазақстан Республикасының резиденті қарыз беруші болатын ішкі қарыздар болып бөлінеді.

9. Лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қарыз алу жөніндегі жауаптылығы осы Кодекстің 44-бабында айқындалады.

 

137-бап. Мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерін басқару

1. Мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерін басқару:

1) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерінің жай-күйін жыл сайынғы бағалауды жүзеге асыруын қамтиды.

Мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерінің жай-күйін бағалау бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады және мыналарды:

мемлекеттік сектордың борыштық міндеттемелерінің жай-күйі туралы мәліметтер мен оны талдауды (нарықтық құрылымы, валюталық құрылымы, кредиторлар (қарыз алушылар) бойынша, өтеу мерзімдері, сыйақы мөлшерлемелері бойынша құрылымы);

жинақталған және болжанатын борыш портфелі бойынша негізгі тәуекелдерді;

Қазақстан Республикасы Үкіметінің борышына, жергілікті атқарушы органның борышына жергілікті атқарушы органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы борышына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызмет көрсете алуын және өтей алуын талдауды;

осы баптың 3) тармақшасына сәйкес белгіленген лимиттердің сақталуы туралы ақпаратты қамтиды;

2) бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен және мемлекеттік қазынашылықпен бірлесіп, үкіметтік борышты өтеу және оған қызмет көрсету көлемі сәйкесінше белгіленетін көрсеткіштерді айқындай отырып, мемлекеттік борыштың, мемлекет кепілдік берген борыштың, экспортты қолдау бойынша мемлекет кепілдік берген борыштың, мемлекет кепілгерлігінің, квазимемлекеттік сектор субъектілері борышының, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекет міндеттемелерінің орта мерзімді кезеңге арналған болжамын жүзеге асыруын қамтиды;

3) нысаналы бағдарларын ескере отырып, бюджеттік саясат жөніндегі орталық уәкілетті органның республикалық бюджет туралы заңда бекітілетін:

үкіметтік борыштың;

жергілікті атқарушы органдар борышының;

мемлекеттік кепілдіктер берудің;

экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер берудің;

Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің;

жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелердің;

мемлекет кепілгерлігін берудің;

квазимемлекеттік сектор субъектілері сыртқы борышының лимиттерін айқындауын;

4) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте бекітілетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз алу көлемдерін, нысандары мен шарттарын, үкіметтік борышты өтеу және оған қызмет көрсету көлемдерін айқындауын;

5) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның өзі айқындаған тәртіппен мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алудың және борыштың, экспортты қолдау жөніндегі мемлекет міндеттемелерінің, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша міндеттемелердің, мемлекет кепілгерлігінің тоқсан сайынғы мониторингін жүзеге асыруын;

6) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен квазимемлекеттік сектор субъектілері борышының тоқсан сайынғы мониторингін жүзеге асыруын;

7) мемлекеттік қазынашылықтың Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен мемлекеттік қарыздарды тіркеуді және есепке алуды жүзеге асыруын;

8) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның рәсімдер мен операцияларды регламенттеу, белгіленген лимиттер мен талаптарды сақтау, құралдар мен нарықтарды әртараптандыру, түрлі туынды қаржы құралдарын қолдану әдістерін пайдаланып отырып, тәуекелдерді анықтауды, сәйкестендіруді, бағалауды және барынша азайтуды қоса алғанда, мемлекеттік борыштың, мемлекет кепілдік берген борыштың, мемлекет алдындағы борыштың тәуекелдерін басқаруды, сондай-ақ үшінші тұлғалар алдындағы борыштық міндеттемелері мемлекет кепілдіктерімен және кепілгерлігімен қамтамасыз етілген заңды тұлғалардың борышын басқаруда уақтылы ден қоюды және қажетті шараларды қабылдауды;

9) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік борыштың, квазимемлекеттік борыштың, мемлекет кепілдік берген борыштың ағымдағы жай-күйі туралы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары жөніндегі мемлекет міндеттемелері туралы, мемлекет кепілгерлігі, мемлекеттік борышты өтеу есебіне төленген ақша сомасы, берілген мемлекеттік кепілдіктер мен экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер туралы және мемлекеттік кепілдіктер мен экспортты қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары жөніндегі мемлекет міндеттемелері бойынша төленген ақша сомалары туралы мәліметтерді статистикалық ақпарат нысанында осы Кодекстің 40-бабына сәйкес тоқсан сайын ресми жариялауын;

10) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның осы Кодекстің 90-бабы 2-тармағының 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген деректер мен материалдарды қалыптастыруын және оларды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жіберуін қамтиды.

2. Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің борышына қолданылмайды.

 

138-бап. Мемлекеттік борыш

1. Өзара талаптарды ескермей, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің борышына немесе мәслихаттардың шешімдерімен жергілікті атқарушы органдардың борышына жатқызылған, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жергілікті атқарушы органдардың алынған (игерілген) және өтелмеген қарыздарының белгілі бір күнге сомасы, сондай-ақ борыштық міндеттемелердің белгілі бір күнге сомасы мемлекеттік борыш болып табылады.

2. Мемлекеттік борыш ішкі және сыртқы мемлекеттік борышты қамтиды.

Мемлекеттік ішкі борыш Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жергілікті атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының резиденттері алдындағы ішкі қарыздары мен басқа да борыштық міндеттемелері бойынша мемлекеттік борыштың құрамдас бөлігі болып табылады.

Мемлекеттік сыртқы борыш Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы сыртқы қарыздары мен басқа да борыштық міндеттемелері бойынша мемлекеттік борыштың құрамдас бөлігі болып табылады.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық бюджет қаражатымен қамтамасыз етілетін үкіметтік борышты өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі міндеттемелерді алады.

Жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджеттердің қаражатымен қамтамасыз етілетін өз борышын өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі міндеттемелерді алады.

Жергілікті атқарушы органдардың үшінші тұлғалар үшін қарыздар бойынша міндеттемелерді кез келген түрде және кез келген нысанда қабылдауына жол берілмейді.

4. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар бір-бірінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

5. Қарыз берушілерге негізгі борыш сомасын қайтарған және борышқа қызмет көрсету бойынша төлемдерді толық мөлшерде төлеген кезде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың міндеттемелері орындалды деп есептеледі.

6. Мемлекеттік борышты қайта қаржыландыру жаңа қарыз алу қаражаты есебінен борышты өтеу арқылы жүзеге асырылады.

7. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар борышты қалыптастыру, өзгерту және оған қызмет көрсету процесін есепке алуды, талдауды және бақылауды жүзеге асыру арқылы тиісінше үкіметтік борыш пен жергілікті атқарушы органдардың борышына мониторингті жүзеге асырады.

 

139-бап. Үкіметтік борыш және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз алуы

1. Үкіметтік борыш - Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілі бір күнге алған және өтемеген мемлекеттік қарыздардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің борышына жатқызылған белгілі бір күнге борыштық міндеттемелердің сомасы.

2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз алуы:

1) республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру;

2) борыштық құралдардың ішкі нарығын дамытуға жәрдемдесу;

3) бюджеттік инвестициялық жобаны қаржыландыру және қоса қаржыландыру;

4) институционалдық жобаларды іске асыру арқылы саланы (салаларды) институционалдық дамыту мақсатында жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджет профициті кезінде үкіметтік борышты қайта қаржыландыру үшін қарыз алуды жүзеге асыра алады.

3. Институционалдық жоба - саланы (аяны) институционалдық тұрғыдан дамытуға бағытталған, бюджеттік бағдарламаның әкімшісі белгілі бір уақыт кезеңі ішінде тікелей іске асыратын, аяқталған сипаты бар және қарыз шартын жасасу арқылы мемлекеттік қарыз алу арқылы қаржыландырылатын іс-шаралар жиынтығы.

Мемлекеттік қарыздарды тарту есебінен іске асырылатын институционалдық жобаларды жоспарлау және іске асыру тәртібін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

4. Қарыз шартын жасасу арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан қарыздар тарту, сондай-ақ қарыз қаражатын пайдалану бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

5. Мемлекеттік сыртқы қарыздар бойынша есептілікті ұсыну және республикалық бюджеттен қоса қаржыландыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

2025.18.07. № 215-VIIІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6. Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік қазынашылық міндеттемелерді, мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын немесе мемлекеттік «жасыл» облигацияларды шығару түрінде жүзеге асырады.

Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарының эмитенті болып табылады, ал мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару кезінде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құратын мемлекеттік ислам арнаулы қаржы компаниясы эмитент болып табылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі қарыз алушы болатын қарызға қатысты бағалы қағазды ұстаушының құқықтарын куәландыратын мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз мемлекеттік қазынашылық міндеттеме болып табылады.

Бағалы қағазды ұстаушының жалдау шарты негізінде активтерді пайдаланудан кіріс алуға құқықтарын куәландыратын мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз мемлекеттік ислам бағалы қағазы болып табылады.

Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес «жасылға» жатқызылған жобаларды қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі қарыз алушы болатын қарызға қатысты бағалы қағазды ұстаушының құқықтарын куәландыратын мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз мемлекеттік «жасыл» облигация болып табылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі ішкі нарықта шығаратын мемлекеттік қазынашылық міндеттемелерді шығару, орналастыру, айналысқа жіберу, қызмет көрсету жəне өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тəртіппен жүзеге асырылады. Бұл ретте «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында Қазақстан Республикасының Үкіметі шығаратын мемлекеттік қазынашылық міндеттемелерді айналысқа жіберуге жол берілмейді.

Мемлекеттік ислам бағалы қағазы Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес белгіленген исламдық қаржыландырудың негізгі қағидаттарына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шығарылады.

Мемлекеттік «жасыл» облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жіберу, қызмет көрсету және өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

Сыртқы нарықта несие капиталын орналастыруға байланысты мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару туралы шешіміне байланысты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға, сондай-ақ бұрын шығарылған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алуға немесе шарттарын өзгертуге және шығарылатын және (немесе) бұрын шығарылған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарға қатысты өзге де іс-шараларды жүзеге асыруға байланысты құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы қолданылмайды.

7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз алуы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген үкіметтік борыш лимитімен және үкіметтік борышқа қызмет көрсетуге жіберілетін бюджет қаражатының көлемімен шектеледі.

Тиісті қаржы жылына алынған және өтелмеген үкіметтік қарыздардың тіркеп-белгіленген сомасы үкіметтік борыш лимиті болып табылады, Қазақстан Республикасы Үкіметінің белгіленген күнге (тиісті қаржы жылының соңына) нақты борышы одан аспауға тиіс.

8. Қазақстан Республикасы Үкіметінің борышын өтеуді және оған қызмет көрсетуді, бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында ол шығарған мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алуды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган өзі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арқылы республикалық бюджет туралы заңда көзделген бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады.

 

140-бап. Жергілікті атқарушы органдардың борышы және жергілікті атқарушы органдардың қарыз алуы

1. Жергілікті атқарушы органның борышы - жергілікті атқарушы органның белгілі бір күнге алынған және өтелмеген қарыздарының сомасы.

2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы:

1) республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер алу;

2) қаржы жылы ішінде қолма-қол ақшаны бақылау шотындағы қолма-қол ақшаның болжамды тапшылығын жабуға жоғары тұрған бюджеттен бюджеттік кредиттер алу;

3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алу мақсаттарының тізбесіне сәйкес шығыстарды қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа жіберуге мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруы түрінде жүзеге асырылады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алу мақсаттарының тізбесін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыш саласында бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді;

4) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін ішкі нарықта айналысқа жіберуге мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруы;

5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында айналысқа жіберу үшін ұлттық валютада мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес «жасылға» жатқызылған жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан ұлттық валютада қарыз алуы түрінде жүзеге асырылады.

Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін облыстың жергілікті атқарушы органынан қарыз алуы түрінде жүзеге асырылады.

Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының қарыз алуы тиісті жергілікті бюджеттің тапшылығын қаржыландыру үшін ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органынан қарыз алуы түрінде жүзеге асырылады.

3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының қарыз алуы тиісті жергілікті атқарушы орган борышының белгіленген лимитімен және тиісті жергілікті атқарушы органның борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге бағытталатын жергілікті бюджет қаражатының көлемімен шектеледі.

Жергілікті атқарушы органның тиісті қаржы жылына алынған және өтелмеген қарыздарының тіркеп-белгіленген сомасы жергілікті атқарушы орган борышының лимиті болып табылады, жергілікті атқарушы органның белгіленген күнге (тиісті қаржы жылының соңына) нақты борышы одан аспауға тиіс.

Жергілікті атқарушы органдардың тиісті қаржы жылына борыштарының лимиті республикалық бюджет туралы заңда бекітіледі.

Жергілікті атқарушы органның тиісті қаржы жылына борыш лимитін сақтамағаны үшін жауаптылық осы Кодекстің 41-бабында белгіленген.

4. Жергілікті атқарушы органның борышын өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыстар көлемі тиісті қаржы жылында жоғары тұрған бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді есепке алмағанда, жергілікті бюджет кірістерінің он пайызына тең мөлшерден аспауға тиіс.

Жергілікті атқарушы органдардың борышын өтеуді және оған қызмет көрсетуді олар бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат есебінен жүзеге асырады.

5. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығаруы бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару шарттарын, көлемін және нысаналы мақсатын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.

6. «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында айналысқа жіберу үшін ұлттық валютада мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару және Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес «жасылға» жатқызылған жобаларды қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз алуы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес «жасылға» жатқызылған жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан сыртқы мемлекеттік қарыздарының шарттары, көлемі және нысаналы мақсаты бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша айқындалады.

Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының қарыз алуы Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес «жасылға» жатқызылған жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымымен қарыз шартын жасасу арқылы, тиісті жергілікті атқарушы орган борышының белгіленген лимиті шегінде жүзеге асырылады.

7. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының шығарылатын мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша борышын өтеу міндетті түрде міндеттемелерде белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінде айқындалған ерекше мәртебесі бар республикалық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органының қарыз шарттары бойынша борышын өтеу міндетті түрде қарыз шарттарында белгіленген мерзімде жүзеге асырылады.

 

141-бап. Мемлекет кепілдік берген борыш және мемлекеттік кепілдік

1. Мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етілген, белгілі бір күнге алынған және өтелмеген мемлекеттік емес қарыздар сомасы мемлекет кепілдік берген борыш болып табылады.

Қазақстан Республикасының қарыз алушы-резиденті одан тиесілі соманы белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыз берушінің алдындағы берешекті толық немесе ішінара өтеу міндеттемесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігі болып табылады.

2. Мемлекеттік кепілдіктер қарыз берушілерге Қазақстан Республикасы резиденттерінің өздері алған мемлекеттік емес қарыздар бойынша міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету ретінде беріледі.

Мемлекеттік емес қарыз сомасы толықтай немесе оның бөлігі мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілуі мүмкін.

3. Квазимемлекеттік сектор субъектілерін қоспағанда, заңды тұлғалардың өзі қарыз алушы ретінде әрекет ететін қарыздар бойынша мемлекеттік кепілдік алуға үміткер осы заңды тұлғаларға мынадай талаптар қойылады:

1) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының резиденті болу;

2) салалық уәкілетті органның, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның, бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның оң қорытындыларының болуы;