Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер арасындағы
бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу туралы
КЕЛІСІМ
(Бішкек қ., 2007 жыл 27 маусым)
Осы редакция 2019 жылғы 29 сәуірде енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
2008.01.07. № 51-ІV ҚР Заңымен ратификацияланды
2018 жылғы 8 тамызда күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер - Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы
БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен принциптеріне, жалпы танылған халықаралық құқық нормаларына өзінің бейілділігін растай отырып,
2002 жылғы 7 маусымдағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хартиясын, 2001 жылғы 15 маусымдағы Терроризмге, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын басшылыққа ала отырып,
Шанхай ынтымақтастық ұйымының (бұдан әрі - ШЫҰ) ШЫҰ кеңістігіндегі бейбітшілікке, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретін ахуалдарға тиімді ден қоюды қамтамасыз ету бойынша, оның ішінде қорғаныс ведомстволарының өзара келісілген іс-қимылдары
жолымен күш-жігерді біріктіруге ұмтыла отырып,
осы мақсаттарда бірлескен әскери оқу-жаттығулар (бұдан әрі - оқу-жаттығулар) өткізуге, оларды дайындау мен өткізудің құқықтық және ұйымдық негіздерін айқындауға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісімде қолданылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
1) оқу-жаттығуларға қатысушылар - оқу-жаттығуларды басқару органының құрамына енгізілген адамдар, оқу-жаттығуларға қатысатын Тараптардың әскери және басқа да құралымдарының жеке құрамы;
2) оқу-жаттығуларды басқару органы - оқу-жаттығуларды дайындау және өткізу үшін Тараптар құрған уақытша басқару органы;
3) әскери құралымдар - оқу-жаттығуларға қатысатын Тараптар қарулы күштерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелері, басқару органдары;