Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және медициналық көмек алуға құқық беру қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-333/2020 бұйрығы
Осы редакция 2021 жылғы 18 қазанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 7-бабының 66) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларды есепке алуды жүргізу және медициналық көмек алуға құқық беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі М. Е. Шорановқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.