Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2021 жылғы 21 желтоқсандағы № 791 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кейбір бұйрықтарына мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) «Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы № 819 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9984 болып тіркелген):
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің iшкi тәртiптеме қағидаларында:
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Карантин бөлімшесінде болған уақытта сотталғандарға ҚАК және осы Қағидаларға сәйкес белгіленген жаза өтеу тәртібі туралы және шарттары, өздерінің құқықтары және міндеттері туралы жазбаша түрде қол қойғыза отырып, ақпарат ұсынады, жазаны өтеу тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескертіледі. Оларға мекемеде қадағалаудың, бақылаудың және күзеттің техникалық құралдарын, «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда дене күшін, арнайы құралдарды және қаруды қолдану, ал сотталғандардың топтық бағынбаушылығы және жаппай тәртіпсіздігі жағдайында мекемеде ерекше жағдайлар режимін енгізу туралы түсіндіріледі.
Сотталғандардың жазаны өтеу тәртібін бұзуының алдын алу және жолын кесу, мекеме әкімшілігі тарапынан азаптауларға және өзге де құқыққа қарсы әрекеттерге жол бермеу мақсатында бейнекамералар дәретханаларды, қол жуатын және себезгі бөлмелерін, моншаларды және ұзақ мерзімді кездесу бөлмелерінің жатын үй-жайларын қоспағанда, комиссия айқындайтын орындарда орнатылады. Бұл ретте сотталғандарды сыртқы дене тексеруі жүзеге асырылатын үй-жайлар шымылдықтармен жабдықталады.
Әйелдерді ұстауға арналған мекемелер мен үй-жайларда бейнебақылау операторлары әйел жынысты қызметкерлерден тағайындалады.