ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ
(2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған)
«2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда дауыс беру қорытындылары туралы» Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының 2026 жылғы 17 наурыздағы № 12/24 Қаулысын, «2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 17 наурыздағы № 1206 Жарлығын қараңыз
Біз, біртұтас Қазақстан халқы,
байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып,
Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап,
мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап,
Əділетті Қазақстан идеясын жəне Заң мен Тəртіп қағидатын ұстанып,
адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мəлімдеп,
бірлік пен ынтымақ, этно саралық жəне конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп,
мəдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып,
табиғатты аялау қажеттігін мойындап,
бейбітшілікке жəне барлық елмен достыққа ұмтылып,
келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп,
Қазақстан Республикасының Ата Заңын - осы Конституцияны қабылдаймыз.
І бөлім
Конституциялық құрылыс негіздері
1-бап
Қазақстан Республикасы - демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы - адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
2-бап
1. Қазақстан Республикасы - унитарлы мемлекет. Басқару үлгісі - президенттік республика.
2. Қазақстан Республикасының Егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын, бөлінбеуін қамтамасыз етеді.
3. Қазақстан Республикасының əкімшілік-аумақтық құрылысы конституциялық заңда айқындалады.
4. Қазақстан Республикасының елордасы - Астана қаласы. Елорда мəртебесі конституциялық заңда айқындалады.
5. Қазақстан Республикасы мен Қазақстан атауларының мəні бірдей.
6. Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы (ақша бірлігі) - теңге.
Теңгені эмиссиялау айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі.
7. Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тəуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді.
3-бап
1. Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тəуелсіздікті қорғау; адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тəртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың əл-ауқатын арттыру; жауапты əрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мəдениетті қалыптастыру; тарихи-мəдени мұраны сақтау; төл мəдениетті қолдау.
2. Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды.
4-бап
1. Қазақстан халқы - мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы жəне Егемендік иесі.
2. Халық билікті жалпыхалықтық референдум жəне еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кету заңмен қудаланады. Халық пен мемлекет атынан əрекет ету құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, сондай-ақ конституциялық өкілеттіг ішегінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына тиесілі. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттік шегінде мемлекет атынан əрекет етеді.
4. Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік біртұтас, ол заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөліну жəне өзара іс-қимыл жасау қағидатына сəйкес Конституция мен заңдар негізінде жүзеге асырылады.
5-бап
1. Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығы - Конституцияның, оған сəйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Республикасының халықаралық шарт міндеттемелерінің нормалары.
2. Конституцияның ең жоғары заңды күші бар жəне ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады.
3. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттарды қолдану тəртібі заңдарда айқындалады.
4. Барлық заңдар мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы - оларды қолданудың міндетті шарты.
5. Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.
Жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.
Жаңа заң бұрын жасалған құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жоятын немесе жеңілдететін болса, онда жаңа заң қолданылады.
6. Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі конституциялық заңдарға сəйкес белгіленуі мүмкін. Осы арнаулы құқықтық режимдер мемлекеттік басқару, сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін көздеуі мүмкін.
6-бап
1. Қазақстан Республикасында идеологиялық жəне саяси əралуандық танылады.
2. Қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Мемлекеттің қоғамдық бірлестік ісіне, ал қоғамдық бірлестіктің мемлекет ісіне заңсыз араласуына жəне қоғамдық бірлестікке мемлекеттік орган функцияларын жүктеуге жол берілмейді. Мемлекеттік органда саяси партия ұйымын құруға жол берілмейді.
3. Мақсаты немесе əрекеті конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын жəне қоғамдық тəртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, соғысты, əлеуметтік, нəсілдік, ұлттық, діни араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестік құруға жəне оның қызметіне, сондай-ақ заңнамада көзделмеген əскерилендірілген жасақ құруға тыйым салынады.
4. Басқа мемлекеттің саяси партиясы мен кəсіптік одағының, діни негіздегі саяси партияның қызметіне жол берілмейді, сондай-ақ саяси партия мен кəсіптік одақты шетелдік заңды тұлғаның, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамның, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаның, шет мемлекет пен халықаралық ұйымның қаржыландыруына жол берілмейді.
5. Коммерциялық емес ұйымның шет мемлекеттен, халықаралық жəне шетелдік заңды тұлғадан, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамнан алатын ақша қаражатының қозғалысы жəне активтері туралы ақпарат Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес ашық əрі қолжетімді болуға тиіс.
7-бап
1. Дін мемлекеттен бөлек.
2. Қазақстан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сəйкес жүзеге асырылады жəне ол конституциялық құрылыс негіздерін, адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тəртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін.
8-бап
1. Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі жəне тең қорғалады.
2. Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет мүддесіне сай келуге, қоршаған ортаны қорғау саласындағы белгіленген талаптар сақталып іске асырылуға тиіс, басқа тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің құқықтарының көлемі мен шегі, оларды қорғау кепілдіктері заңда айқындалады.
3. Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.
9-бап
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі - қазақ тілі.
2. Мемлекеттік ұйымдарда жəне жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.
3. Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену жəне дамыту үшін жағдай жасауға қамқорлық көрсетеді.
10-бап
Қазақстан Республикасы халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мүдделі мемлекеттермен бейбітшілік пен ынтымақтастықты, олардың ішкі ісіне араласпауды, халықаралық дауды бейбіт жолмен шешуді көздейтін сыртқы саясат жүргізеді.
11-бап
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рəміздері - Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Əнұран. Олардың сипаттамасы жəне пайдалану тəртібі конституциялық заңда белгіленеді.
II бөлім
Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер
12-бап
1. Əр адамның құқық субъектісі ретінде танылуға құқығы бар.
Əр адам құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тəсілмен, оның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғауға құқылы.
2. Əр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасында заңға сəйкес білікті заң көмегін алу құқығы танылады.
13-бап
1. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сəйкес беріледі жəне тоқтатылады, ол берілген негізіне қарамастан бірыңғай жəне тең.
2. Қазақстан Республикасының азаматын өз азаматтығынан айыруға, азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерге аластатуға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыс жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімімен ғана жол беріледі.
3. Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады. Шет мемлекетте туғанына байланысты сол мемлекеттің азаматтығын алған кəмелетке толмаған балаға қатысты заңда көзделген ережелер қолданылады.
14-бап
1. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын да өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының азаматы шет мемлекетке берілмейді.
2. Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ел аумағынан тыс жерде заңға сəйкес қорғауға кепілдік береді.
15-бап
1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сəйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады жəне оларға кепілдік беріледі.
2. Адам құқықтары мен бостандықтары əркімге тумысынан тиесілі, олар ажыратуға жəне айыруға болмайтын деп танылады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай айқындалады.
3. Қазақстан Республикасы азаматының өз азаматтығына орай құқықтары мен міндеттері бар.
4. Конституцияда, заңдарда жəне халықаралық шарттарда көзделген жағдайда шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының азаматы үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады.
5. Адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға жəне бостандықтарын шектемеуге тиіс, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тəртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге тиіс.
6. Əр адамның мемлекеттік органның немесе оның лауазымды адамының заңсыз əрекетімен келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алуға құқығы бар.
16-бап
1. Заң мен сот алдында бəрі тең.
2. Қазақстан Республикасының азаматын, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша жүрген шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамды тегіне, əлеуметтік, лауазымдық жəне мүліктік жағдайына, жынысына, нəсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге болмайды.
17-бап
1. Өмір сүру құқығы - əр адамның ажыратуға жəне айыруға болмайтын құқығы.
2. Ешкімнің өз бетімен адам өмірін қиюға құқығы жоқ.
3. Өлім жазасына тыйым салынған.
18-бап
1. Əр адамға жеке бас бостандығы мен жеке басына қол сұғылмау құқығына кепілдік беріледі.
2. Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды.
Күзетпен ұстауға сот шешімімен ғана рұқсат етіледі жəне оған шағым жасау құқығы беріледі.
3. Əр адамға ұсталған сəтте бостандығын шектеу негіздері жəне оның құқықтары түсіндіріледі.
4. Ұсталған адамның, күдіктінің, айыпталушының тиісінше ұсталған, күдікті ретінде танылған немесе айып тағылған сəттен бастап адвокат (қорғаушы) көмегін пайдалануға құқығы бар.
19-бап
1. Заңды күшіне енген сот үкімімен адам кінəлі деп танылмайынша, ол жасалған қылмыстық құқық бұзушылыққа кінəлі емес деп саналады.
2. Ешкім өз-өзіне, жұбайына (зайыбына) жəне заңда айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес.
Діни қызметшілер өздеріне сеніп, сырын ашқан адамдарға қарсы куəлік етуге міндетті емес.
3. Адамды дəл сол құқық бұзушылық үшін қылмыстық немесе əкімшілік жауаптылыққа қайта тартуға тыйым салынады.
20-бап
1. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды жəне олар заңмен қорғалады.
2. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездік көрсетіп немесе адамның қадір-қасиетін қорлап жəбірлеуге не жазалауға болмайды.
21-бап
1. Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке жəне отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан жəне пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі.
2. Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының жəне байланыс құралдары, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда жəне көзделген тəртіппен ғана жол беріледі.
3. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар жəне бұқаралық ақпарат құралдары əр адамға өз құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжатпен, шешіммен жəне ақпарат көзімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
22-бап
1. Əр адам өзінің қай ұлтқа жататынын айқындауға, оны көрсетуге не көрсетпеуге құқылы.
2. Əр адамның ана тілі мен төл мəдениетін қолдануға, қарым-қатынас жасау, тəрбие беру, оқу мен шығармашылық тілін еркін таңдауға құқығы бар.
23-бап
1. Сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі.
2. Зияткерлік меншік заңмен қорғалады.
3. Мемлекеттік құпияларды қоспағанда, еркін ақпарат алу жəне тарату құқығы заңмен тыйым салынбаған кез келген тəсілмен іске асырылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мəліметтер тізбесі заңда айқындалады.
4. Сөз еркіндігі жəне ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тəртіпті бұзбауға тиіс.
5. Цензураға тыйым салынады.
6. Қазақстан Республикасының конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуді, аумағының тұтастығына, Егемендігі мен Тəуелсіздігіне қол сұғуды, қоғамдық тəртіпті бұзуды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруді, соғысты, қарулы қақтығысты, əлеуметтік, нəсілдік, ұлттық, этностық, діни басымдықты немесе алауыздықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға, сондай-ақ осындай əрекеттерге шақыруға жол берілмейді.
24-бап
1. Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген əр адамның ел аумағында еркін жүріп-тұруға жəне тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар.
2. Əр адамның Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығуға құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда жəне көзделген тəртіппен жол беріледі. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергісіз оралуға құқығы бар.
25-бап
1. Əр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар.
2. Ар-ождан бостандығы құқығын пайдалану жалпыадамзат пен азамат құқықтарын, мемлекет алдындағы міндеттерді шектемеуге тиіс.
26-бап
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының бірлестік құру бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бірлестік қызметі заңмен реттеледі.
2. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты жəне өзге де соттары төрағалары мен судьяларының, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палатасы төрағалары мен мүшелерінің, құқық қорғау органы жəне арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері мен жұмыскерлерінің, əскери қызметшілердің саяси партия мен кəсіптік одақта болуға, қандай да бір саяси партияға немесе қоғамдық-саяси қозғалысқа қолдау көрсетуге не сыни пікір білдіруге құқығы жоқ.
27-бап
1. Əр адамның еңбек етуге, қызмет пен кəсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Еңбекке мəжбүрлеп тартуға қылмыстық немесе əкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін адамды кінəлі деп тану туралы сот актісінің негізінде, не төтенше жағдайда, не соғыс жағдайында жол беріледі.
2. Қазақстан Республикасы қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайлары құқығына, еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алу, сондай-ақ əлеуметтік қорғалу құқығына заңға сəйкес кепілдік береді.
3. Заңда белгіленген тəсілдерді қолдана отырып, жеке жəне ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылады.
4. Тынығу, жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс жəне мереке күндері, ақы төленетін демалыс құқығына заңмен кепілдік беріледі.
28-бап
1. Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жəне шығарып жіберуге жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіруге, оны қарап-тексеруге, тінтуге заңда белгіленген жағдайда жəне көзделген тəртіппен жол беріледі.
2. Қазақстан Республикасында өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Тұрғын үй соған мұқтаж азаматтардың заңда көрсетілген санаттарына заңда белгіленген нормаларға сəйкес беріледі.
29-бап
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды түрде алған кез келген мүлкіне жеке меншік құқығы бар.
2. Меншікке жəне мұрагерлік құқыққа заңмен кепілдік беріледі.
3. Сот шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген айрықша жағдайда мемлекет мұқтажы үшін мүлікті мəжбүрлеп иеліктен шығаруға оның тең құны өтелген кезде жол беріледі.
4. Қазақстан Республикасы кəсіпкерлік қызмет бостандығы құқығына, өз мүлкін кез келген заңды кəсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалану құқығына кепілдік береді. Монополистік қызмет заңмен реттеледі немесе шектеледі. Жосықсыз бəсекеге тыйым салынады.
30-бап
1. Неке жəне отбасы, ана, əке мен бала мемлекет қорғауында болады.
2. Неке - ер мен əйелдің мемлекет заңға сəйкес тіркеген ерікті жəне тең құқықты одағы.
3. Балаға қамқорлық жасау жəне тəрбие беру - ата-ананың етене құқығы əрі міндеті.
4. Кəмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.
31-бап
1. Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне кепілдік беріледі, сондай-ақ жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты жəне өзге де заңды негіздер бойынша əлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік беріледі.
2. Қазақстан Республикасында ерікті əлеуметтік сақтандыру, өзге де əлеуметтік қамсыздандыру нысандары, волонтерлік қызмет пен қайырымдылық қолдау табады.
32-бап
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгіленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы.
3. Мемлекеттік жəне жекеменшік емдеу мекемелерінде, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысатын тұлғалардан ақылы медициналық көмек алу заңда белгіленген негіздерде жəне көзделген тəртіппен жүзеге асырылады.
33-бап
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей орта білім алуына кепілдік беріледі. Бастауыш жəне негізгі орта білім міндетті.
2. Қазақстан Республикасы азаматының заңға сəйкес жоғары оқу орындарында жоғары білім алуға құқығы бар.
3. Жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңда белгіленген негіздерде жəне көзделген тəртіппен жүзеге асырылады.
4. Мемлекет жалпыға міндетті білім беру стандарттарын белгілейді. Барлық оқу орнының қызметі осы стандарттарға сəйкес келуге тиіс.
5. Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тəрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие.
34-бап
Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбіт жиналысқа құқығы бар. Бұл құқықты пайдалану конституциялық құрылыс негіздерін, адамның жəне азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тəртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін.
35-бап
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының тікелей жəне өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына өзі жүгінуге, сондай-ақ жеке жəне ұжымдық өтініш жолдауға құқығы бар.
2. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға жəне оларға сайлануға, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар. Жалпыхалықтық референдум өткізу тəртібі конституциялық заңда айқындалады.
3. Сот əрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға, жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы жоқ.
Сот əрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сотталғандығы заңда белгіленген тəртіппен жойылмаған немесе алынбаған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қатысты кінəсін сот заңда белгіленген тəртіппен таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлануға құқығы жоқ.
4. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметші лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар заңға сəйкес лауазымдық міндетінің сипатына ғана қатысты болады.
36-бап
1. Əр адам Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
2. Əр адам Қазақстан Республикасының мемлекеттік рəміздерін құрметтеуге міндетті.
37-бап
1. Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға жəне табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті.
2. Мемлекет адамның өмір сүруіне жəне денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.
3. Адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндіретін фактілерді, мəн-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сəйкес жауаптылыққа алып келеді.
38-бап
Заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды жəне өзге де міндетті төлемдерді төлеу - əр адамның борышы мен міндеті.