Қазақстан Республикасының 2025 жылы 18 сәуірдегі 214-VIII Салық Кодексі

Предыдущая страница

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) - 6) тармақшаларында көзделген мəжбүрлеп өндіріп алу шаралары осы Кодекстің 189 жəне 190-баптарында айқындалған субъектілерге қолданылады.

3. Осы баптың 2- тармағы бірінші бөлігінің

1) - 5) тармақшаларында көзделген мəжбүрлеп өндіріп алу шараларының күші:

1) банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау туралы сот актісі шығарылған күннен бастап;

2) оңалту туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау туралы сот актісі шығарылған күннен бастап;

3) борышкерге қатысты берешекті қайта құрылымдау рəсімін қолдану туралы сот актісі шығарылған күннен бастап;

4) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті орган Қазақстан Республикасының бейрезидент-банк филиалын, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалын банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап;

5) екінші деңгейдегі банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мəжбүрлеп тарату туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап жойылуға жатады.

Осы тармақтың ережелері банкроттық жəне оңалту туралы істер бойынша іс жүргізу қозғалған, сондай-ақ борышкерге қатысты берешекті қайта құрылымдау рəсімін қолдану туралы сот актісі шығарылған күннен кейінгі күннен бастап пайда болған салықтық берешек сомаларына қолданылмайды.

4. Лауазымды адамдардың салықтық берешекті мəжбүрлеп өндіріп алу жөніндегі əрекеттеріне шағым жасау салықтық берешекті мəжбүрлеп өндіріп алу шараларының қолданылуын немесе күшін тоқтата тұрмайды.

 

185-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттарындағы ақша есебінен салықтық берешекті өндіріп алу

1. Салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоттарындағы ақша есебінен салықтық берешекті өндіріп алуды салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешектің шекті мөлшерінен асатын сомада салықтық берешекті өтемеген кезде салық органы мəжбүрлеу тəртібімен жүзеге асырады.

2. Инкассолық өкімді салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) барлық банктік шоттарына шығарады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сəйкес өндіріп алуға жол берілмейтін банктік шоттарға қолданылмайды.

Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешек сомасы туралы деректер инкассолық өкім жасалған күні ескеріледі.

3. Салық органы салықтық берешек толық өтелген кезде инкассолық өкімдерді кері қайтарып алады.

4. Инкассолық өкімнің жəне инкассолық өкімді кері қайтарып алудың нысандарын Ұлттық Банк белгілейді.

 

186-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешегін оның дебиторларының шоттарынан өндіріп алу

1. Мəжбүрлеп өндіріп алу шарасы қабылданғаннан кейін салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешектің шекті мөлшерінен асатын сомадағы салықтық берешегін өзінің банктік шоттарындағы ақша есебінен өтемеген жағдайда, салықтық берешекті өндіріп алу оның дебиторларының банктік шоттарындағы ақшаға қолданылады.

Осы баптың мақсаттарында дебитор деп салық төлеушінің (салық агентінің) алдында берешегі бар жеке тұлға, заңды тұлға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент, дара кəсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам түсініледі.

2. Салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) дебиторларын анықтау мақсатында:

1) салық органының ақпараттық жүйесінің деректерін пайдалануға;

2) салық төлеуші (салық агенті) мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуларды айқындау мəселесі бойынша салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тексеруді жəне дебиторларды қарсы салықтық тексеруді жүргізуге құқылы.

3. Салық органы дебиторға дебиторлық берешекті растау туралы хабарлама жібереді.

4. Дебитор салық органына қағаз немесе электрондық жеткізгіште салық төлеушімен (салық агентімен) бірлесіп жасалған өзара есеп айырысуларды салыстырып тексеру актісін жəне (немесе) хабарламаны алған күні өзара есеп айырысуларды салыстырып тексеру актісін жасау мүмкін болмаған жағдайда, салық төлеушімен өзара есеп айырысуларды растайтын құжаттарды ұсынады.

5. Салық органы дебиторлық берешек сомасын растау туралы хабарлама орындалмаған кезде:

1) дебиторларды салықтық тексеруді жүргізеді;

2) осындай хабарламаны орындау мерзімі өткен күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығарады.

6. Салық органы дебитордың банктік шоттарына мынадай құжаттардың бірімен:

1) өзара есеп айырысуларды салыстырып тексеру актісімен;

2) дебиторлық берешек сомасын растайтын салықтық тексеру актісімен;

3) заңды күшіне енген сот шешімімен расталған дебиторлық берешек шегінде салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешегі сомасына инкассолық өкімдер шығарады.

7. Дебитордың банктік шоттарына шығарылған инкассолық өкімдер салық төлеуші (салық агенті) немесе дебитор салықтық берешекті өтеген кезде кері қайтарып алуға жатады.

8. Дебитордың бірнеше банкте ашылған банктік шоттарынан артық есептен шығарылған, инкассолық өкімде көрсетілген сомадан асатын мөлшердегі сома салық төлеушінің (салық агентінің) өтінішінсіз дебитордың сол банктік шотына қайтарылуға жатады.

 

187-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) билік ету шектелген мүлкін өткізу есебінен салықтық берешегін өндіріп алу

1. Салық органы салықтық берешекті өндіріп алуды салық төлеуші (салық агенті) мынадай:

1) оның банктік шоттарындағы ақша есебінен;

2) оның дебиторларының шоттарынан мəжбүрлеп өндіріп алу шаралары қабылданғаннан кейін салықтық берешегін өтемеген кезде, салық төлеушінің (салық агентінің) билік ету шектелген мүлкіне қолданады.

2. Салық төлеушінің (салық агентінің) билік ету шектелген мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы қаулыны салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) келісімінсіз шығарады.

3. Салық төлеушінің (салық агентінің) билік ету шектелген мүлкін салықтық берешек есебіне өткізу уəкілетті орган айқындаған, салық төлеуші жəне (немесе) үшінші тұлға кепілге қойған мүлікті, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) билік ету шектелген мүлкін өткізу тəртібімен жүзеге асырылады.

 

188-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) жарияланған акцияларын мəжбүрлеп шығарту

Салық төлеушінің (салық агентінің) жарияланған акцияларын мəжбүрлеп шығарту салық төлеуші (салық агенті) - жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік қоғам мынадай:

1) осындай тұлғаның банктік шоттарындағы ақша есебінен;

2) осындай тұлғаның дебиторларының шоттарынан;

3) осындай тұлғаның билік ету шектелген мүлкін өткізу есебінен мəжбүрлеп өндіріп алу шаралары қабылданғаннан кейін салықтық берешегінің сомаларын өтемеген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тəртіппен жарияланған акцияларды мəжбүрлеп шығарту туралы талап қоюмен сотқа салық органының жүгінуі арқылы қолданылады.

 

189-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі

189-бап. Заңды тұлғаның, заңды тұлға құрылымдық бөлімшесінің бірінші басшысының (оны алмастыратын адамның), сондай-ақ дара кəсіпкердің жəне жеке практикамен айналысатын адамның Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеу

1. Заңды тұлғаның, заңды тұлға құрылымдық бөлімшесінің бірінші басшысының (оны алмастыратын адамның), сондай-ақ дара кəсіпкердің жəне жеке практикамен айналысатын адамның Қазақстан Республикасынан шығуын уақытша шектеуді (бұдан əрі - шығуды уақытша шектеу) салық органы шығуды уақытша шектеу туралы қаулы шығару арқылы қолданады.

Салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешегінің шекті мөлшерінен асатын сомадағы салықтық берешегін осындай берешек пайда болған күннен бастап үш айдан астам уақыт бойы өтемеген жағдайда жəне осындай салық төлеушіге (салық агентіне) көзделген мəжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану талабымен, шығуды уақытша шектеу туралы қаулы шығарылады.

Шығуды уақытша шектеу туралы қаулыға салық органының басшысы немесе оның орынбасары қол қояды жəне Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тəртіппен соттың санкциялауына жатады.

2. Шығуы уақытша шектелуге жататын адам салық органы шығуды уақытша шектеу туралы қаулы шығарған күнде заңды тұлға немесе заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі басшысының (бұдан əрі осы баптың мақсатында - бірінші басшы) міндетін кімнің атқаратындығына байланысты айқындалады.

3. Өзіне қатысты шығуды уақытша шектеу туралы қаулы шығарылған жəне сотқа жіберілген бірінші басшыны алмастыратын адам бірінші басшының міндетін атқаруды мұндай қаулы санкцияланған кезге дейін тоқтатқан жағдайларда, салық органы бірінші басшы өз міндеттеріне кіріскен күннен кейінгі бір күн ішінде сотқа аталған адамға қатысты шығуды уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулыны ұсынады.

Шығуды уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулыға салық органының басшысы немесе оның орынбасары қол қояды жəне ол Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тəртіппен соттың санкциялауына жатады.

Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайда шығуды уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулыны сотқа ұсынуды салық органы бірінші басшының шығуын уақытша шектеу туралы қаулыны ұсынумен бір мезгілде жүзеге асырады.

4. Шығуы уақытша шектелген адамның емін Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерде жүргізу қажет болған кезде мұндай қажеттілікті құжаттамамен растау шартымен, шығуды уақытша шектеуді тоқтата тұру туралы қаулымен шығуды уақытша шектеу белгілі бір мерзімге тоқтатыла тұруы мүмкін.

Шығуды уақытша шектеуді тоқтата тұру туралы қаулыға салық органының басшысы немесе оның орынбасары қол қояды жəне ол Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тəртіппен соттың санкциялауына жатады.

5. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, шығуды уақытша шектеудің күшін жоюды салық органы:

1) салықтық берешек өтелген жəне (немесе) салықтық берешектің жоқтығы анықталған;

2) салықтық міндеттеме тоқтатылған бір жұмыс күні ішінде шығуды уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулы шығару арқылы жүзеге асырады.

Шығуды уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулыға салық органының басшысы немесе оның орынбасары қол қояды жəне ол Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тəртіппен соттың санкциялауына жатады.

6. Шығуды уақытша шектеу туралы, шығуды уақытша шектеуді тоқтата тұру туралы жəне (немесе) шығуды уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулылар салық органының ақпараттық жүйесі арқылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпараттық жүйесіне жіберіледі.

Шығуды уақытша шектеу туралы, шығуды уақытша шектеуді тоқтата тұру туралы жəне (немесе) шығуды уақытша шектеудің күшін жою туралы қаулылар дереу орындалуға тиіс.

 

190-бап. Жеке тұлғаның салықтық берешегін өндіріп алу

1. Жеке тұлғаның салықтық берешегін өндіріп алуды салық органы тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1 еселенген мөлшерінен астам салықтық берешегі өтелмеген кезде жүзеге асырады.

Жеке тұлғаның салықтық берешегі деп кəсіпкерлік қызметті жəне жеке практиканы жүзеге асыруға байланысты емес салықтық міндеттемелер бойынша дара кəсіпкердің тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның немесе жеке практикамен айналысатын адамның салықтық берешегі де түсініледі.

2. Салық органы жеке тұлғаның салықтық берешегін өтеу туралы хабарламаны орындау мерзімі өткеннен кейін жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын (бұдан əрі осы баптың мақсатында - салық бұйрығы) шығарады.

Салық бұйрығын орындау мерзімі табыс етілген күнінен кейінгі бес жұмыс күнін құрайды.

3. Жеке тұлға салық бұйрығын орындамаған кезде салық органы Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу жəне сот орындаушыларының мəртебесі туралы заңнамасында айқындалған тəртіппен мəжбүрлеп орындату үшін салық бұйрығын аумақтылығы бойынша тиісті əділет органдарына не жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жібереді.

4. Салық бұйрығының күші:

1) жеке тұлға салықтық берешегін өтеген;

2) салық бұйрығын шығару тəртібі бұзылған;

3) жеке тұлғаға қатысты «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жəне банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес сот арқылы банкроттық рəсімі қолданылған;

4) жеке тұлғаға қатысты «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жəне банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сəйкес төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рəсімі қолданылған жағдайларда жойылады.

 

 

18-тарау. САЛЫҚТЫҚ ТЕКСЕРУ НƏТИЖЕЛЕРІ ТУРАЛЫ

ХАБАРЛАМАҒА ЖƏНЕ САЛЫҚ ОРГАНДАРЫ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРЫНЫҢ

ƏРЕКЕТТЕРІНЕ (ƏРЕКЕТСІЗДІГІНЕ) ШАҒЫМ ЖАСАУ ТƏРТІБІ

 

191-бап. Салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаға жəне салық органдары лауазымды адамдарының əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) шағым жасау жөніндегі жалпы ережелер

1. Салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаға жəне салық органы лауазымды адамдарының əрекеттеріне (əрекетсіздігіне) сотқа шағым жасау Қазақстан Республикасының Əкімшілік рəсімдік-процестік кодексінде көзделген тəртіппен жүргізіледі.

2. Салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаға уəкілетті органға шағым жасау осы тараудың 1-параграфында айқындалған тəртіппен жүргізіледі.

Салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаға шағымды беру жəне қарау осы Кодекстің 192 - 198-баптарында айқындалған тəртіппен жүргізіледі.

3. Салық төлеушінің (салық агентінің) уəкілетті органға немесе сотқа шағым (арыз) беруі салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаның шағым жасалған бөлігінде орындалуын тоқтата тұрады.

Салық төлеуші (салық агенті):

1) уəкілетті органға шағым берген жағдайда, салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаны шағым жасалған бөлігінде орындау шағым бойынша шешім шығарылғанға дейін тоқтатыла тұрады;

2) сотқа талап қою берген жағдайда, салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаны шағым жасалған бөлігінде орындау сот əкімшілік істі іс жүргізуге қабылдаған күннен бастап сот актісі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.

 

 

1-параграф. Салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаға шағым жасау тəртібі

 

192-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) шағым беру тəртібі

1. Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарламаға шағымы салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тексеру нəтижелері туралы хабарлама табыс етілген күннен кейінгі отыз жұмыс күні ішінде уəкілетті органға беріледі.

Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті) шағымның көшірмесін салықтық тексеру жүргізген жəне салықтық тексерудің алдын ала актісіне салық төлеушінің (салық агентінің) қарсылығын қараған салық органдарына ұсынуға тиіс.

Беру тəсіліне қарай:

1) келу тəртібімен берілгенде - уəкілетті органның шағымды тіркеу күні;

2) пошта немесе өзге байланыс ұйымы арқылы берілгенде - пошта немесе өзге байланыс ұйымының қабылдау туралы белгі қойған күні;

3) электрондық тəсілмен берілгенде - веб-порталы арқылы жөнелтілген күні уəкілетті органға шағымды беру күні болып табылады.

2. Осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімді дəлелді себеппен өткізіп алған жағдайда, шағымды беруші салық төлеушінің (салық агентінің) өтінішхаты бойынша осы мерзімді шағымды қарайтын уəкілетті орган қалпына келтіруі мүмкін.

3. Уəкілетті орган шағымды берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру мақсатында салықтық тексеру жүргізілген жеке тұлғаның, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) басшысының жəне (немесе) бас бухгалтерінің (ол болған кезде) еңбекке уақытша жарамсыздығын дəлелді себеп ретінде таниды.

Осы тармақтың ережелері салықтық тексеру жүргізілген жеке тұлғаларға, сондай-ақ ұйымдық құрылымы жоғарыда аталған адамдар болмаған кезде оларды алмастыратын адамдардың болуын көздемейтін салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қолданылады.

Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті) шағымды берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатқа осы тармақтың бірінші бөлігінде аталған адамдардың еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңін растайтын құжатты жəне осындай салық төлеушінің (салық агентінің) ұйымдық құрылымын белгілейтін құжатты қоса беруге тиіс.

4. Уəкілетті орган салық төлеушінің (салық агентінің) шағымды берудің өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатын салық төлеуші (салық агенті) шағым мен өтінішхатты осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде аталған адамдардың еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңі аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей берген жағдайда, қанағаттандырады.

5. Уəкілетті органға шағым берген салық төлеуші (салық агенті) осы шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін, осы тармақтың үшінші бөлігінде белгіленген жағдайды қоспағанда, оны қағаз жеткізгіштегі немесе электрондық құжат нысанындағы өзінің өтініші негізінде кері қайтарып алуға құқылы.

Салық төлеушінің (салық агентінің) шағымды кері қайтарып алуы осы баптың 1-тармағында белгіленген мерзімдер сақталған жағдайда, оны қайтадан шағым беру құқығынан айырмайды.

Салық төлеуші (салық агенті) шағымды қарау кезінде уəкілетті орган тақырыптық салықтық тексеру тағайындаған күннен бастап оны аяқтаған күнге дейінгі кезеңде шағымды кері қайтарып алуды жүргізуге құқылы емес.

 

193-бап. Салық төлеуші (салық агенті) шағымының нысаны мен мазмұны

1. Салық төлеушінің (салық агентінің) шағымы қағаз жəне (немесе) электрондық жеткізгіштерде беріледі.

2. Шағымда:

1) шағым берілетін уəкілетті органның атауы;

2) шағым беретін салық төлеушінің (салық агентінің) тегі, аты жəне əкесінің аты не толық атауы, оның тұрған жері;

3) шағым беретін салық төлеушінің (салық агентінің) сəйкестендіру нөмірі;

4) салықтық тексеру жүргізген салық органының атауы;

5) шағым беруші тұлға өз талаптарын негіздейтін мəн-жайлар жəне осы мəн-жайларды растайтын дəлелдемелер;

6) салық төлеушінің (салық агентінің) қолтаңбасы жəне шағымды берген күні;

7) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.

3. Шағымда дауды шешу үшін маңызы бар өзге де мəліметтер көрсетілуі мүмкін.

4. Шағымға салық төлеуші (салық агенті) не оның өкілі болып табылатын адам қол қояды.

5. Шағымға:

1) салық төлеуші (салық агенті) өз талаптарын негіздейтін мəн-жайларды растайтын құжаттар;

2) шағымды салық төлеушінің (салық агентінің) уəкілетті өкілі берген жағдайда сенімхат;

3) іске қатысы бар өзге де құжаттар қоса беріледі.

 

194-бап. Шағымды қараудан бас тарту

1. Уəкілетті орган мынадай:

1) салық төлеуші (салық агенті) шағымды осы Кодекстің 192-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген шағым жасау мерзімін өткізіп алып берген;

2) салық төлеушінің (салық агентінің) шағымы осы Кодекстің 193-бабында белгіленген талаптарға сəйкес келмеген;

3) салық төлеуші (салық агенті) үшін шағымды оның өкілі болып табылмайтын адам берген;

4) салық төлеуші (салық агенті) шағымда баяндалған мəселелер бойынша сотқа талап қою берген жағдайларда, салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қараудан бас тартады.

2. Уəкілетті орган:

1) осы баптың 1-тармағының 1), 2) жəне 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда - шағым тіркелген;

2) осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда - салық төлеушінің (салық агентінің) сотқа жүгіну фактісі анықталған күннен кейінгі он жұмыс күні ішінде салық төлеушіге (салық агентіне) шағымды қараудан бас тарту туралы, мұндай бас тартудың себебін көрсете отырып, хабарлайды.

3. Уəкілетті органның осы баптың 1-тармағының 2) жəне 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда шағымды қараудан бас тартуы салық төлеушіні (салық агентін) осы Кодекстің 192-бабының 1-тармағында белгіленген мерзім шегінде, жол берілген бұзушылықтарды жойған кезде шағымды қайта беру құқығынан айырмайды.

 

195-бап. Уəкілетті органның шағымды қарау тəртібі мен мерзімдері

1. Уəкілетті орган:

1) шағым тіркелген күннен кейінгі қырық бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде - салықтық мониторингте тұрған салық төлеушілердің;

2) шағым тіркелген күннен кейінгі отыз жұмыс күнінен аспайтын мерзімде - қалған салық төлеушілердің (салық агенттерінің) шағымы бойынша уəжді шешім шығарады.

Осы Кодекстің 196-бабында көзделген шағымды қарауды ұзарту жəне тоқтата тұру мерзімдері көрсетілген мерзімге енгізілмейді.

2. Уəкілетті орган салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау кезінде осы Кодекстің 198-бабында айқындалған тəртіппен тақырыптық салықтық тексеру, сондай-ақ қайталама тақырыптық салықтық тексеру тағайындауға құқылы.

3. Шағым салық төлеуші (салық агенті) шағым жасап отырған мəселелер шегінде қаралады.

4. Салық төлеуші (салық агенті) салықтық тексеру барысында ұсынбаған құжаттарды шағымды қарауға берген жағдайда, уəкілетті орган мұндай құжаттардың анықтығын осы Кодекстің 198-бабында айқындалған тəртіппен тағайындалатын тақырыптық жəне (немесе) қайталама тақырыптық салықтық тексерулер барысында анықтауға құқылы.

5. Уəкілетті орган салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау кезінде:

1) салық төлеушіге (салық агентіне) жəне (немесе) салықтық тексеруді жүргізген жəне салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексерудің алдын ала актісіне қарсылығын қараған салық органдарына шағымда баяндалған мəселелер бойынша жазбаша түрде қосымша ақпарат не түсінік беру туралы сұрау салулар жіберуге;

2) мемлекеттік органдарға, шет мемлекеттердің тиісті органдарына жəне өзге де ұйымдарға осындай органдар мен ұйымдардың құзыретіндегі мəселелер бойынша сұрау салулар жіберуге;

3) шағымда баяндалған мəселелер бойынша салық төлеушімен (салық агентімен) кездесулер өткізуге;

4) салықтық тексеруді жүргізуге жəне салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексерудің алдын ала актісіне қарсылығын қарауға қатысқан салық органының лауазымды адамдарынан туындаған мəселелер бойынша қосымша ақпарат жəне (немесе) түсінік сұратуға құқылы.

6. Шағымды қарау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыру кезінде:

1) уəкілетті органның қызметіне араласуға;

2) шағымды қарауға қатысы бар лауазымды адамдарға қандай да бір ықпал етуге тыйым салынады.

 

196-бап. Шағымды қарау мерзімін тоқтата тұру жəне (немесе) ұзарту

1. Осы Кодекстің 195-бабының 1-тармағында белгіленген шағымды қарау мерзімі мынадай:

1) тақырыптық жəне қайталама тақырыптық салықтық тексерулер жүргізген жағдайда - осы Кодекстің 198-бабында айқындалған тəртіппен осындай тексерулер тағайындалған күннен бастап уəкілетті орган салықтық тексеру актісін алғаннан кейін он бес жұмыс күні өткен күнге дейінгі уақыт кезеңіне тоқтатыла тұрады.

Бұл ретте уəкілетті орган салықтық тексеру актісін алған күннен бастап шағымды қарау мерзімін тоқтата тұрудың көрсетілген кезеңі ішінде осы Кодекстің 197-бабының 1-тармағында көзделген шешімді шығаруға құқылы;

2) мемлекеттік органдарға, шет мемлекеттердің тиісті органдарына жəне өзге де ұйымдарға осындай органдар мен ұйымдардың құзыретіндегі мəселелер бойынша сұрау салу жіберген жағдайда - осындай сұрау салу жіберілген күннен бастап жауап алынған күнге дейінгі уақыт кезеңіне тоқтатыла тұрады.

2. Уəкілетті орган шағымды қарау мерзімін тоқтата тұру туралы салық төлеушіге (салық агентіне) тоқтата тұру себептерін көрсете отырып, тексеру тағайындалған жəне (немесе) сұрау салу жіберілген күннен кейінгі үш жұмыс күні ішінде хабарлайды.

3. Осы Кодекстің 195-бабының 1-тармағында белгіленген шағымды қарау мерзімі мынадай:

1) салық төлеуші (салық агенті) шағымға толықтыру (толықтырулар) ұсынған жағдайда он бес жұмыс күніне ұзартылады.

Бұл ретте осы Кодекстің 195-бабының 1-тармағында белгіленген мерзім шағымға кейіннен толықтырулар берудің əрбір жағдайында, осы тармақшада көрсетілген мерзімге ұзартылады;