9) тауар чектерінің кітабы - кітапқа біріктірілген тауар чектерінің жиынтығы;
10) үш құрауышты интеграцияланған жүйе - деректерді тіркеп-белгілеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасынан, қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдауға арналған жүйеден (құрылғыдан), сондай-ақ сауданы басқаруды, қызметтерді көрсетуді, жұмыстарды орындауды және тауарларды есепке алуды автоматтандыру жүйесімен жарақтандырылған жабдықтан (құрылғыдан) немесе интеграцияланған жүйенің барлық үш құрауышын алмастыратын бағдарламалық-аппараттық кешеннен тұратын интеграцияланған жүйе;
11) фискалдық белгі - бақылау-касса машинасының фискалдық режимде жұмыс істейтінін растау ретінде бақылау-касса машинасының чектерінде көрсетілетін айрықша символ;
12) фискалдық деректер - фискалдық жады блогы бар бақылау-касса машинасының фискалдық жадында не деректерді тіркеп-белгілеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасының фискалдық деректерді жинақтауышында тіркелетін және салық органдарына берілген, фискалдық белгісі бар ақшалай есеп айырысулар туралы ақпарат;
13) фискалдық деректерді жинақтауыш - деректерді тіркеп-белгілеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасында жүргізілген ақшалай есеп айырысулар туралы ақпараттың түзетілмей тіркелуін және энергияға тәуелсіз ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін бағдарламалық-аппараттық құралдар кешені;
14) фискалдық деректер операторы - ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілері бойынша салық органдарына ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді жедел режимде беруді қамтамасыз ететін, фискалдық деректер операторларының тізбесіне енгізілген заңды тұлға;
15) фискалдық режим - ақшалай есеп айырысулар туралы мәліметтерді фискалдық деректер операторы арқылы салық органдарына бір мезгілде бере отырып, ақпараттың фискалдық жадыда не фискалдық деректерді жинақтауышта түзетілмей тіркелуін және энергияға тәуелсіз ұзақ уақыт сақталуын қамтамасыз ететін бақылау-касса машинасының жұмыс істеу режимі.
20-бап. Жеңілдікті салық салынатын мемлекет
1. Жеңілдікті салық салынатын мемлекет деп мынадай шарттардың біріне сай келетін шет мемлекет немесе шетелдік аумақ танылады:
1) осындай мемлекетте немесе осындай аумақта пайда салығының мөлшерлемесі 10 пайыздан аз мөлшерде белгіленген;
2) осындай мемлекетте немесе осындай аумақта қаржылық ақпараттың құпиялылығы туралы заңдар немесе мүліктің, кірістің іс жүзіндегі иеленушісі немесе заңды тұлғаның (компанияның) іс жүзіндегі иеленушілері, қатысушылары, құрылтайшылары, акционерлері туралы құпияны сақтауға мүмкіндік беретін заңдар болады.
Салық салу мақсаттары үшін уәкілетті органмен ақпарат алмасуды қамтамасыз етпейтін шет мемлекетті немесе шетелдік аумақты қоспағанда, осы тармақтың бірінші бөлігі 2) тармақшасының ережелері өзімен Қазақстан Республикасының құзыретті органдар арасындағы салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасу туралы ереже көзделетін халықаралық шарты қолданылатын шет мемлекетке немесе шетелдік аумаққа қатысты қолданылмайды.
2. Мынадай шарттардың бірі орындалған:
1) уәкілетті орган шет мемлекеттің немесе шетелдік аумақтың құзыретті немесе уәкілетті органынан алмасылуы халықаралық шартта көзделген мәліметтерді ұсынудан жазбаша бас тартуды алған;
2) уәкілетті орган тиісті сұрау салуды жібергеннен кейін екі жылдан астам уақыт ішінде шет мемлекеттің немесе шетелдік аумақтың құзыретті немесе уәкілетті органы талап етілетін мәліметтерді ұсынбаған кезде, шет мемлекет немесе шетелдік аумақ салық салу мақсаттары үшін уәкілетті органмен ақпарат алмасуды қамтамасыз етпейтін мемлекет немесе аумақ деп танылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес айқындалған жеңілдікті салық салынатын мемлекеттер тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
Өзге де ұғымдар:
1) айлық есептік көрсеткіш - тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және осы Кодексте айқындалған күнге қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіш;
2) әлеуметтік міндеттеме - әлеуметтік төлемдерді есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттер;
3) валютаның ресми бағамы - «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Ұлттық Банк белгілеген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына қатысты ресми бағамы;
4) ең төмен жалақы - тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және осы Кодексте айқындалған күнге қолданыста болатын ең төмен жалақы мөлшері;
5) есепке алынуы салық органында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер (бұдан әрі - берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер) - есепке алынуын салық органы жүзеге асыратын салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер, әлеуметтік төлемдер, өсімпұлдар мен айыппұлдар бойынша берешектің бар немесе жоқ екенін растайтын құжат.
Берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер нысаны уәкілетті орган айқындаған жеке шотты жүргізу тәртібімен (бұдан әрі - жеке шотты жүргізу тәртібі) белгіленеді;
6) кезең үшін валютаның орташа арифметикалық ресми бағамы - мынадай формула бойынша айқындалған бағам:
R = (R1 + R2 + ... + Rn)/n,
мұнда:
R - кезең үшін валютаның орташа арифметикалық ресми бағамы;
R1, R2., Rn - кезең ішінде кезеңнің әрбір жұмыс күніне белгіленген тиісті валютаның ресми бағамы;
n - кезеңдегі жұмыс күндерінің саны.
Бұл ретте осы Кодексте пайдаланылатын «кезең үшін валютаның орташа арифметикалық ресми бағамы» термині Ұлттық Банк жариялайтын, кезең үшін валюталардың орташа ресми бағамына сәйкес келеді.
7) қатысу үлесі - акционерлік қоғамдар мен пайлық инвестициялық қорларды қоспағанда, жеке және (немесе) заңды тұлғаның бірлескен қызметке, заңды тұлғаның жарғылық капиталына үлестік қатысуы;
8) негізгі қорлар сыныптауышы - бухгалтерлік және статистикалық есепке алу салаларындағы негізгі қорларды есепке алу мақсатында «Стандарттау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес техникалық реттеу саласындағы уәкілетті орган бекіткен негізгі қорлар сыныптауышы;
9) салық органының ақпараттық жүйесі - меншік құқығында уәкілетті органға тиесілі және салықтық әкімшілендіруге арналған ақпараттық жүйе;
10) салық органының сәйкестендіру деректері - салық органының атауы, коды, мекенжайы;
11) салық төлеушілердің мемлекеттік дерекқоры (бұдан әрі - салық төлеушілер базасы) - салық төлеушілерді салықтық тіркеуді жүзеге асыруға арналған ақпараттық жүйе;
12) салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоты (бұдан әрі - жеке шот) - салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің есептелген, есепке жазылған (азайтылған), аударылған және төленген (есепке жатқызылған және қайтарылған) сомаларын, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдардың сомаларын есепке алуға арналған құжат;
13) салық төлеушінің (салық агентінің) сәйкестендіру деректері - тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) (бұдан әрі - тегі, аты және әкесінің аты) немесе атауы, сәйкестендіру нөмірі, тұрған жері, сондай-ақ салық төлеуші (салық агенті) заңды тұлға болып табылатын жағдайларда - басшының тегі, аты және әкесінің аты;
14) салықтық мобильдік қосымша - салық төлеушінің электрондық көрсетілетін салықтық қызметтерді алуы және өзінің салықтық міндеттемелерін орындауы үшін ұялы байланыстың абоненттік құрылғысында орнатылған және іске қосылған бағдарламалық өнім;
15) сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері (бұдан әрі - нөмірлер тізілімдері) - қызметін бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асыратын жеке тұлғалардың жеке сәйкестендіру нөмірлерін және заңды тұлғалардың (филиалдар мен өкілдіктердің), дара кәсіпкерлердің бизнес-сәйкестендіру нөмірлерін тіркеу есебін жүзеге асыруға арналған мемлекеттік дерекқорлар;
16) тауарларға ілеспе жүкқұжат - тауарлардың қозғалысын бақылауға арналған, оның ішінде тауарлардың салық төлеушіге тиеп-жөнелтілгенін растайтын тауарға ілеспе құжат;
17) ұтыс - салымдар мен борыштық бағалы қағаздар бойынша ұтыс ойындарын қоса алғанда, салық төлеушінің конкурстарда, жарыстарда (олимпиадаларда), лотереялар, ұтыс ойындары бойынша фестивальдарда заттай және ақшалай түрде алған кірісі, сондай-ақ құмар ойыннан және (немесе) бәс тігуден мүліктік пайда түрінде алған кірісі;
18) электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесі - салық органының шот-фактураларды электрондық нысанда жазып беруді, электрондық нысанда жазып берілген электрондық шот-фактураларды және орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің актілерін, тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды қабылдауды, өңдеуді, тіркеуді, беруді және сақтауды жүзеге асыратын ақпараттық жүйесі.
Бұл ретте осы Кодексте пайдаланылатын «электрондық шот-фактура» термині «электрондық нысанда жазып берілген шот-фактура» ұғымымен бірдей болады.
2-параграф. Салық салудың құқықтық негіздері
22-бап. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Кодекстен, сондай-ақ қабылдануы осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
2. Осы Кодексте көзделмеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі міндет ешкімге жүктелмеуге тиіс.
3. Осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының басқа да заңдарының арасында қайшылықтар болған кезде салық салу мақсаттары үшін осы Кодекстің нормалары қолданылады.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа, салықтық қатынастарды реттейтін нормаларды Қазақстан Республикасының салықтық емес заңнамасына қосуға тыйым салынады.
5. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың осы Кодекс алдында басымдығы болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
23-бап. Қазақстан Республикасы салық заңнамасының қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының салық заңнамасы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады және осы Кодексте салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді төлеушілер ретінде, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді алу және әкімшілендіру жөніндегі тиісті салықтық және өзге де рәсімдерге қатысушылар ретінде айқындалған барлық жеке тұлғаларға, заңды тұлғаларға және олардың құрылымдық бөлімшелеріне қолданылады.
2. Жаңа салықты және (немесе) бюджетке төленетін төлемді белгілеу, мөлшерлемені арттыру, салық салу объектісін және (немесе) салықтық базаны өзгерту, салық төлеушілердің (салық агенттерінің) санаттарын ұлғайту, салықтар мен бюджетке төлемдер төлеу бойынша шегерімнің немесе жеңілдіктің күшін жою немесе оны азайту бөлігінде осы Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдар ағымдағы жылғы 1 шілдеден кешіктірілмей қабылдануы және олар қабылданған жылдан кейінгі жылғы 1 қаңтардан кейін қолданысқа енгізілуі мүмкін.
3. Осы Кодекске өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасының басқа заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздемейтін заңмен жүзеге асырылады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен осы Кодекске өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде мұндай заң жобасын салық саясаты саласындағы уәкілетті орган және (немесе) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді.
4. Заңдардың салықтардың және (немесе) бюджетке төленетін төлемдердің жаңа түрлерін белгілейтін, мөлшерлемелерді арттыратын, жаңа міндеттер белгілейтін, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) жағдайын нашарлататын ережелерінің кері күші болмайды.
24-бап. Қазақстан Республикасы салық заңнамасының негізгі мақсаты мен міндеті
1. Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді, сондай-ақ салық салу қағидаттары негізінде салықтық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін салықтық құқықтық қатынастар тараптарының құқықтары мен міндеттерін белгілеу Қазақстан Республикасы салық заңнамасының негізгі мақсаты болып табылады.
2. Салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу және төлеу, салықтық міндеттемелерді орындау үшін құқықтық негіздер құру Қазақстан Республикасы салық заңнамасының негізгі міндеті болып табылады.
25-бап. Салық салу қағидаттары
Қазақстан Республикасының салық заңнамасы осы Кодексте белгіленген салық салу қағидаттарына негізделеді.
Салық салу қағидаттарына салық салудың міндеттілігі, айқындылығы, салық салудың әділдігі, салық салудың ашықтығы, салық төлеушінің (салық агентінің) адалдығы, салық жүйесінің біртұтастығы және Қазақстан Республикасы салық заңнамасының жариялылығы қағидаттары жатады.
Қазақстан Республикасы салық заңнамасының ережелері салық салу қағидаттарына қайшы келмеуге тиіс.
26-бап. Салық салудың міндеттілігі қағидаты
Салық төлеуші (салық агенті) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес толық көлемде және белгіленген мерзімдерде салықтық міндеттемені орындауға міндетті.
27-бап. Салық салудың айқындылығы қағидаты
Қазақстан Республикасының салықтары мен бюджетке төленетін төлемдері айқын болуға тиіс. Салық салудың айқындылығы салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық міндеттемесінің туындауының, орындалуының және тоқтатылуының барлық негіздері мен тәртібінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленуін білдіреді.
28-бап. Салық салудың ашықтығы қағидаты
1. Қазақстан Республикасында салық салу салықтық құқықтық қатынастардың барлық субъектілері үшін салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер, оларды есептеу, төлеу, салықтық тексерулер жүргізу кезінде олардың түсуін бақылау тәртібі туралы ақпараттың ашықтығын, айқындылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейтін ашықтық қағидаты негізінде жүзеге асырылады.
2. Салық органдары салықтық әкімшілендіруді жүзеге асырған кезде ашық, объективті және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қатаң сәйкестікте әрекет етуге міндетті.
3. Салық төлеуші (салық агенті) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын қолдану мәселелері бойынша, сондай-ақ салықтық әкімшілендіру шеңберінде жүзеге асырылатын салық органдарының әрекеттері (әрекетсіздігі) бойынша уәжді, айқын және толық түсініктеме алуға құқылы.
4. Салық салудың ашықтығы қағидатының бұзылуы осы Кодексте белгіленген тәртіппен салық органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау үшін негіз болып табылады.
29-бап. Салық салудың әділдігі қағидаты
1. Қазақстан Республикасында салық салу жалпыға бірдей және міндетті болып табылады.
2. Жеке-дара сипаттағы салықтық жеңілдіктерді беруге тыйым салынады.
3. Ешкімге де сол бір кезең үшін сол бір салық салу объектісі бойынша салықтың сол бір түрімен, бюджетке төленетін төлемнің сол бір түрімен қайтадан салық салуға болмайды.
30-бап. Салық төлеушілердің (салық агенттерінің) адалдығы қағидаты
1. Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық міндеттемені орындау жөніндегі әрекеттерді (әрекетсіздікті) жүзеге асыру адалдығы көзделеді.
салықтық және (немесе) бухгалтерлік есепке алуда не салық төлеушінің салықтық есептілігінде көрсетілуге жататын шаруашылық қызмет фактілері (осындай фактілер жиынтығы) туралы, салық салу объектілері туралы мәліметтерді бұрмалау;
салық сомасын төлемеу (толық төлемеу) мақсатында мәмілелер жасау;
шарт тарапы болып табылмайтын тұлғаның мәміле (операция) бойынша міндеттемені орындауы нәтижесінде салықтық міндеттемені азайтуына жол берілмейді.
Салықтық есептілікте салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің сомаларын төмендету және (немесе) өнім берушінің оларды төлемеуі осы өнім берушімен өзара есеп айырысулар фактісін растамауға бірден-бір негіз бола алмайды.
3. Егер уәкілетті органның алдын ала алынған жазбаша жеке-дара түсіндірмесіне сәйкес салық төлеуші (салық агенті) орындаған салықтық міндеттеме кейіннен кері қайтарып алынса, қате деп танылса немесе жаңа, мағынасы жағынан өзге түсіндірме жіберілсе, онда салық төлеушінің есебіне айыппұлдар мен өсімпұлдар жазылмай, салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды қарау кезінде салықтық міндеттеме түзетілуге (түзеуге) жатады.
4. Салық төлеуші (салық агенті) жол берген, Қазақстан Республикасының салық заңнамасын және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасын салықтық міндеттемені орындауға байланысты бұзушылық салықтық тексерулер жүргізу барысында сипатталуға тиіс.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасын және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасын бұзу фактісін айғақтайтын дәлелдерді негіздеу және мән-жайларды ашып көрсету салық органдарына жүктеледі.
5. Салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды қарау кезінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасының барлық айқын емес тұстары мен реттелмеген мәселелері салық төлеушінің (салық агентінің) пайдасына түсіндіріледі.
6. Салықтық міндеттемелерді айқындаған кезде, заңды күшіне енген сот актісінің немесе қылмыстық істі ақталмайтын негіздер бойынша тоқтату туралы қаулының негізінде пара және (немесе) өзге де заңсыз материалдық сыйақы деп танылған, қылмыстық құқық бұзушылық (әрекет) нәтижесінде алынған (келтірілген) активтерді, кірістер мен шығыстарды есепке алуға жол берілмейді.
31-бап. Салық жүйесінің біртұтастығы қағидаты
Қазақстан Республикасының салық жүйесі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында барлық салық төлеушілерге (салық агенттеріне) қатысты бірыңғай жүйе болып табылады.
32-бап. Қазақстан Республикасы салық заңнамасының жариялылығы қағидаты
Салық салу мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілер міндетті түрде ресми жариялануға тиіс.
3-параграф. Салық саясаты жөніндегі жалпы ережелер
33-бап. Салық саясаты
Мемлекеттің қаржылық қажеттіліктерін мемлекет пен салық төлеушілердің экономикалық мүдделерінің теңгерімін сақтау негізінде қамтамасыз ету мақсатында жаңа салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді белгілеу және қолданыстағыларының күшін жою, мөлшерлемелерді, салық салу объектілері мен салық салуға байланысты объектілерді, салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық базаны өзгерту жөніндегі шаралардың жиынтығы салық саясаты болып табылады.
1. Салықтық жеңілдік - салық төлеушілерге Қазақстан Республикасы салық заңнамасының нормаларына сәйкес мөлшерлемені төмендету, салық салынатын базадан бір немесе бірнеше салықтарды төлеуден толық босату, шегерімдер, түзетулер түрінде берілген артықшылық.
2. Салық саясаты саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жыл сайын салықтық жеңілдіктердің тиімділігін және оларды одан әрі қолданудың орындылығын бағалауды қамтитын салықтық шығыстар туралы талдамалық есеп жасайды.
3. Салық саясаты саласындағы уәкілетті органның салықтық жеңілдік беру туралы мәселені қарауына уәкілетті мемлекеттік органдардың жолданымдары негіз болып табылады
4. Уәкілетті мемлекеттік органдар жетекшілік ететін салалар бойынша салықтық жеңілдік беру (ұзарту) қажеттілігі туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен көрсетілген жеңілдіктің қажеттілігіне негіздемелерді салық саясаты саласындағы уәкілетті органға жібереді.
Уәкілетті мемлекеттік органдар салық саясаты саласындағы уәкілетті органға жүгінгенге дейін ұсынылатын (ұзартылатын) салықтық жеңілдікті монополияға қарсы органмен және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келіседі.
Уәкілетті мемлекеттік органдар салық саясаты саласындағы уәкілетті органға жүгінген кезде монополияға қарсы орган берген Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкестігі тұрғысындағы қорытындыны және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган берген қорытындыны ұсынады.
5. Салық саясаты саласындағы уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, салықтық жеңілдікті беру немесе одан бас тарту, салықтық жеңілдікті ұзарту немесе оның күшін жою, салықтық жеңілдікті беру мерзімі жөніндегі ұсыныстарға бастамашылық жасайды.
6. Уәкілетті мемлекеттік органдар жетекшілік ететін салалар бойынша салықтық жеңілдіктерге мониторинг пен бақылауды жүзеге асыруға міндетті.
7. Салықтық жеңілдікті енгізу кезінде мәлімделген әлеуметтік-экономикалық мақсаттарға қол жеткізілмеген жағдайда, сондай-ақ оның бюджетке әсерін ескере отырып, салық саясаты саласындағы уәкілетті орган бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, салықтық жеңілдікті нақтылауға немесе оның күшін жоюға бастамашылық жасайды.
Бұл ретте салықтық жеңілдіктерді қолданудың әлеуметтік-экономикалық мақсаттарына қол жеткізу өлшемшарттары мен оларды белгілеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
8. Егер қолданылатын салықтық жеңілдіктердің сомасы бойынша ағымдағы жылдың алдындағы күнтізбелік жылдағы жалпы ішкі өнімнің он пайыздық шегіне жеткізілсе, салықтық жеңілдіктер берілмейді.
35-бап. Салық салу мәселелері жөніндегі әдіснамалық кеңес
1. Салықтық міндеттемелерді орындау барысында туындауы мүмкін түсініксіздіктерді, дәлсіздіктер мен қайшылықтарды жою бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында Салық салу мәселелері жөніндегі әдіснамалық кеңес құрылады.
2. Салық салу мәселелері жөніндегі әдіснамалық кеңес туралы ережені және оның құрамын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі бекітеді.
2-тарау. САЛЫҚ ТӨЛЕУШІНІҢ ЖӘНЕ САЛЫҚ АГЕНТІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ.
САЛЫҚТЫҚ ҚАТЫНАСТАРДА ӨКІЛДІК ЕТУ
1-параграф. Салық төлеушінің және салық агентінің құқықтары мен міндеттері
36-бап. Салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтары мен міндеттері
1. Салық төлеуші (салық агенті):
1) салық органынан қолданылып жүрген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер, Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат алуға;
2) салық органынан өзі ұсынған мәліметтер мен құжаттар шегінде салықтық міндеттемесінің туындауы, орындалуы және тоқтатылуы бойынша түсіндірме және комментарий алуға құқылы.
Деңгейлес мониторингке қатысушы үшін осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген түсіндірмелерді жүзеге асыру мен комментарийлер беруді, сондай-ақ жоспарланған мәмілелерге (операцияларға) қатысты алдын ала түсіндірме беруді уәкілетті орган жүргізеді;
3) Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттелетін қатынастарда жеке өзі немесе өкілі арқылы өзінің мүдделерін білдіруге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтар бойынша аудит жүргізуге шарт жасасуға;
5) осы Кодексте белгіленген жағдайларда салықтық бақылау нәтижелерін алуға;
6) осы Кодексте айқындалған тәртіппен салықтарды және (немесе) төлемақыларды төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау мерзімін өзгерту үшін салық органына жүгінуге;
7) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға, салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарау қорытындылары туралы хабарламаға, сондай-ақ салық органы лауазымды адамының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға;
8) салық салу объектілеріне және (немесе) салық салуға байланысты объектілерге қатысы жоқ ақпарат пен құжаттарды бермеуге құқылы.
2. Салық төлеуші (салық агенті):
1) салықтық міндеттемелерді уақтылы және толық көлемде орындауға;
2) салық органының талап етуімен салықтар бойынша аудит жүргізуге арналған шартты және осындай шарт жасалған жағдайда, салықтар бойынша аудиттің қорытындысын ұсынуға;
3) осы Кодексте және сақталуын бақылау салық органдарына жүктелген Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген жағдайларда салық органы сұрататын ақпарат пен құжаттарды беруге;
4) қалыпты сақтау жағдайлары кезінде табиғи тозу және (немесе) табиғи кему салдарынан билік ету шектелген мүліктің өзгерулерін қоспағанда, мұндай мүліктің шектеу алынғанға дейін өзгеріссіз күйде сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.