«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрлiктерінің кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысына өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 30 қыркүйектегі № 780 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрлiктерінің кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы қаулы «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2022 жылғы 24 қарашадан бастап қолданысқа енгізілетін Ереженің 15-тармағының 279), 280), 281), 282), 283), 284), 285), 286), 287), 288), 289), 290), 291), 292), 293), 294) және 295) тармақшаларын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2022 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 780 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2017 жылғы 17 ақпандағы
№ 71 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы
ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі (бұдан әрі – Министрлік):
1) азаматтардың денсаулығын сақтау;
2) медицина және фармацевтика ғылымы, өнеркәсіп және білім беру;
3) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы және оның айналысын бақылау;
4) медициналық қызметтер (көмек) көрсету сапасын бақылау;
5) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, техникалық регламенттерде және нормативтік құжаттарда белгіленген талаптардың сақталуын бақылау және қадағалау;
6) тамақ өнімдерін өткізу сатысында оның қауіпсіздігі;