1. Қосылған құн салығын төлеушінің осы Кодекстің 431, 432 және 434-баптарына сәйкес, қосылған құн салығы бойынша декларацияда көрсетілген қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару туралы талабы бойынша қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару осы Кодекстің 102-бабында көзделген есепке жатқызуды жүргізу және (немесе) салық төлеушінің банктік шотына аудару арқылы, ұсынылған салықтық өтініш негізінде жүргізіледі.
2-тармақтың қолданысы 2019 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақ 2017.25.12. № 121-VI ҚР Заңының 8-бабының редакциясында қолданылды
2021.20.12. № 85-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Осы Кодекстiң 429, 431, 432 және 434-баптарына сәйкес қосылған құн салығының қайтаруға жататын асып кету сомасы салық органы қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтаруға төлем құжатын жасаған күнге қосылған құн салығы бойынша жеке шоттағы қосылған құн салығы бойынша асып кету сомасынан аспауға тиiс.
3. Қосылған құн салығы бойынша асып кету сомасын қайтару салық төлеушінің тұрған жері бойынша, салықтық берешегі болмаған кезде қосылған құн салығы бойынша асып кету сомасын қайтарудың осы Кодексте көзделген мерзімі ішінде оның банктік шотына жүргізіледі.
Салық органы салықтық берешек болған кезде, есепке жатқызуға арналған салықтық өтінішті ұсынбастан, орын алған салықтық берешекті, оның ішінде заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің салықтық берешегін өтеу есебіне қосылған құн салығы бойынша асып кетуді есепке жатқызуды жүргізеді.
Қосылған құн салығы бойынша асып кету сомасының қалдығы осы тармақта көзделген есепке жатқызу жүргізілгеннен кейін қайтарылуға жатады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Салық органы қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтаруды жүргізу мерзімін бұзған кезде мерзімін бұза отырып қайтару жүргізілген осындай асып кету сомасына салық органы салық төлеушінің пайдасына мерзімін өткізіп алған әрбір күн үшін өсімпұлды есепке жазады. Өсімпұл қайтару күнін қоса алғанда, қайтару мерзімі аяқталғаннан кейінгі күннен бастап мерзімін өткізіп алған әрбір күнге Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде есепке жазылады.
5. Салық төлеушінің пайдасына есепке жазылған өсімпұл сомасы бюджет сыныптамасының тиісті коды бойынша бюджетке түсетін түсімдердің есебінен қосылған құн салығының асып кету сомасын қайтару күні салық төлеушінің банктік шотына аударылуға жатады.
105-бап. Қосылған құн салығын өзге де негіздер бойынша қайтару
1. Осы Кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген негіздер бойынша:
1) грант қаражаты есебінен сатып алынған тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша төленген;
2) Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдік төлеген қосылған құн салығының сомасы бюджеттен қайтарылуға жатады.
2. Грант алушыға қайтарылуға жататын қосылған құн салығын қайтаруды салық органы грант алушының тұрған жері бойынша оның банктік шотына осы Кодекстің 102-бабына сәйкес есепке жатқызулар жүргізілгеннен кейін осы Кодекстің 435-бабында белгіленген қайтару мерзімі ішінде жүргізеді.
3. Қазақстан Республикасында акредиттелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiне, шет мемлекеттің консулдық мекемелеріне және бiрге тұратын отбасы мүшелерiн қоса алғанда, осы өкілдіктердің дипломатиялық, әкiмшiлiк-техникалық персоналына жататын адамдарға, бірге тұратын отбасы мүшелерін қоса алғанда, консулдық лауазымды адамдарға, консулдық қызметшілерге қосылған құн салығын қайтаруды салық органы олардың банктік шотына осы Кодекстің 436-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімде жүргізеді.
106-бап. Салық салу, Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша құқыққа сыйымсыз салынған айыппұлдың төленген сомасын, сондай-ақ артық төленген соманы қайтару
1. Салық салу, Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасы саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша құқыққа сыйымсыз салынған айыппұлдың төленген сомасын айыппұлдың күшін жою немесе оның мөлшерін азайту салдарынан қайтару салық төлеушінің салықтық өтініші (бұдан әрі осы баптың мақсаты үшін - айыппұл сомасын қайтаруға арналған өтініш) негізінде жүргізіледі.
Айыппұл сомасын қайтаруға арналған өтінішке айыппұлдың құқыққа сыйымсыз салынуы салдарынан оның күшін жоюды немесе мөлшерін азайтуды көздейтін заңды күшіне енген сот шешімі немесе жоғары тұрған салық органының (лауазымды адамның) шешімі қоса берілуге тиіс.
2. Айыппұл сомасын қайтаруға арналған өтінішті салық төлеуші жеке шоты бойынша қайтаруға жататын айыппұл сомасы есептеулі тұратын салық органына ұсынады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес айыппұлдың төленген сомасын қайтаруды салық органы салық төлеушінің банктік шотына айыппұл сомасын қайтаруға арналған өтініш ұсынылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүргізеді.
4. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындау мақсатында айыппұлды төлеу кезінде артық төленген соманы қайтару осы баптың 3-тармағында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізіледі.
107-бап. Сот шешімі бойынша электрондық аукциондар қорытындыларының күшін жою нәтижесінде салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың және айыппұлдың төленген сомасын қайтару
1. Соттың заңды күшіне енген шешімімен уәкілетті заңды тұлға өткізген электрондық аукцион қорытындыларының күші жойылған жағдайда, салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың және айыппұлдың төленген сомасын қайтару уәкілетті орган бекіткен нысандағы уәкілетті заңды тұлғаның салықтық өтініші (бұдан әрі осы баптың мақсаты үшін - қайтаруға арналған өтініш) негізінде жүргізіледі.
Қайтаруға арналған өтінішке:
1) заңды күшіне енген сот шешімінің көшірмесі;
2) уәкілетті заңды тұлғаның салықты, бюджетке төленетін төлемді, өсімпұлды және айыппұлды төлегені туралы төлем құжатының көшірмесі қоса беріледі.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Салықтың, бюджетке төленетін төлемнің, өсімпұлдың, айыппұлдың төленген сомасын қайтаруды төленген жердегі салық органы қайтаруға арналған өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті заңды тұлғаның банктік шотына ұлттық валютада жүргізеді.
108-бап. Мемлекеттiк баждың төленген сомаларын қайтару ерекшеліктері
1. Мемлекеттiк баждың артық төленген сомасы:
1) талап қоюшы сотқа талап арыздар және өзге де өтініштер (шағымдар) берген кезде өз талаптарын азайтатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк баж осы Кодекс бойынша талап етiлгеннен көп мөлшерде енгiзiлген;
3) іс бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда тараптардың татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқталған жағдайда - толық көлемде, кассациялық сатыдағы сотта - сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат берген кезде төленген соманың 50 пайызы мөлшерінде;
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2024 ж. 1 қаңтардан қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) азаматтың жолданымын Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты, талап арызды немесе өзге де өтінішті (шағымды) сот қайтарған немесе оны қабылдаудан бас тартылған, сондай-ақ нотариустар немесе осыған уәкiлеттiк берілген адамдар нотариаттық әрекеттердi жасаудан бас тартқан;
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2024 ж. 1 қаңтардан қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5) егер iс Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотында, сотта қарауға жатпайтын болса, сондай-ақ егер талап қоюшы дауды алдын ала шешудiң осы санаттағы iстер үшiн белгiленген тәртiбiн сақтамаған не талапты әрекетке қабiлетсiз адам қойған болса, іс бойынша конституциялық іс жүргізу, iс жүргiзу тоқтатылған немесе талап қою қараусыз қалдырылған;
6) мемлекеттiк бажды төлеген адамдар заңдық мәні бар әрекеттердi жасаудан немесе осы заңдық мәні бар әрекеттердi жасайтын органға жүгiнгенге дейiн құжатты алудан бас тартқан;
7) сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат қайтарылған;
8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де жағдайларда iшiнара немесе толық қайтаруға жатады.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (2024 ж. 1 қаңтардан қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) азамат Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына өз жолданымын кері қайтарып алған, талап қоюшы талап қоюдан бас тартқан;
2) талап қоюшы өз талаптарын азайтқан;
3) сот бұйрығының күші жойылған жағдайларда қайтарылмайды.
3. Салық органы мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруды салық төлеуші ұсынған салықтық өтініштің және тиісті мемлекеттік органның қайтарудың құқыққа сыйымдылығын растайтын құжатының негізінде жүргізеді.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Сот оның пайдасына іс бойынша тарап болып табылатын мемлекеттік мекемеден мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы шешім шығарған салық төлеушіге мемлекеттік баж сомасын қайтаруды салық органы салық төлеуші ұсынған салықтық өтініштің және заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде жүргізеді.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруды оның төленген жері бойынша салық органы қайтаруға арналған салықтық өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік баж сомасы есепке жазылған бюджеттік сыныптаманың тиісті кодынан салық төлеушінің банктік шотына жүргізеді.
6. Осы бапта көзделген мемлекеттік баждың артық төленген сомасын қайтаруға арналған құжаттар салық органына мемлекеттік баждың мұндай сомасы бюджетке төленген күннен бастап үш жыл мерзім өткенге дейін ұсынылуға тиіс.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 108-1-баппен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
108-1-бап. Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесі жөніндегі салықтық міндеттеме бойынша заттай нысанда есепке жатқызу ерекшеліктері
1. Жеке шот заттай нысанда жүргізілген кезде Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесі жөніндегі салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушы заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың артық берілген көлемі есепке жатқызуды жүргізу күніне салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне берілген пайдалы қазбалардың көлемі мен салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне берілуге жататын пайдалы қазбалардың көлемі арасындағы оң айырма болып табылады.
2. Жеке шот заттай нысанда жүргізілген кезде Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесі жөніндегі салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушы заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың артық берілген көлемін есепке жатқызуды салық органы жер қойнауын пайдаланушының Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесі жөніндегі жеке шотты жүргізу орны бойынша осындай жеке шоттың мәліметтері негізінде жүргізеді.
3. Жеке шот заттай нысанда жүргізілген кезде Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесі жөніндегі салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне жер қойнауын пайдаланушы заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың артық берілген көлемін есепке жатқызуды салық органы мерзімінде орындалмаған Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесі жөніндегі салықтық міндеттемені заттай нысанда өтеу есебіне жер қойнауын пайдаланушының есепке жатқызуға салықтық өтінішінсіз жүргізеді.
2-параграф 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2-параграф. Жеке табыс салығы бойынша асып кетуді есепке жатқызу және (немесе) қайтару
109-бап. Жалпы ережелер
1. Жеке тұлға осы Кодекстің 640-бабында айқындалған жеке табыс салығы бойынша асып кету туындаған кезде салық органы осы тарауда айқындалған тәртіппен жүзеге асыратын салыстырып-тексеруді жүргізгеннен кейін жеке табыс салығы бойынша осындай асып кетуді осы параграфта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде есепке жатқызуға және (немесе) қайтаруға құқылы.
2. Кірістер мен мүлік туралы декларацияда мәлімделген жеке табыс салығы бойынша асып кетуді есепке жатқызу және (немесе) қайтару туралы талап жеке табыс салығы бойынша салыстырып-тексеруді жүргізу үшін негіз болып табылады.
110-бап. Жеке табыс салығы бойынша салыстырып-тексеру
1. Жеке табыс салығы бойынша салыстырып-тексеру салық органы кірістер мен мүлік туралы декларацияда мәлімделген жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын растау мақсатында жүргізетін рәсім болып табылады.
2. Салыстырып-тексеру барысында:
1) кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетілген мәліметтерді салық агенттері мен уәкілетті тұлғалардың деректерімен салыстыру;
2) салықтық шегерімдерді және осы Кодекстің 342-бабына сәйкес салықтық шегерімдер деп танылатын шығыстар сомаларын қолданудың негізділігін растау;
3) есепке жатқызу және (немесе) қайтару мәлімделген жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын растау жүргізіледі.
3. Осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген мәліметтердің алшақтығы анықталған кезде жеке тұлғаға осы Кодекстің 12-тарауына сәйкес хабарлама жіберіледі.
111-бап. Салық агенттерінің мәліметтері негізінде жеке табыс салығы бойынша салыстырып-тексеруді жүргізу тәртібі
Салық органы кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетілген мынадай мәліметтерді:
1) төлем көзiнен салық салуға жататын кірістерді;
2) осы Кодекстің 341-бабында көзделген кірісті түзетуді;
3) осы Кодекстің 342-бабында белгіленген, төлем көзiнен салық салуға жататын кіріске қолданылған салықтық шегерімдерді;
4) төлем көзiнен салық салуға жататын кірістерден есептелген жеке табыс салығының сомасын салық агенттерінің тиісті мәліметтерімен салыстырып-тексереді.
112-бап. Білім беруге, медицинаға, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге жұмсалатын шығыстар бойынша салықтық шегерімдер сомасын растау үшін жеке табыс салығы бойынша салыстырып-тексеруді жүргізу тәртібі
1. Салық органы жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын қайтару және (немесе) есепке жатқызу туралы талапты көрсете отырып, кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырылған жылдың 15 қазанынан кешіктірмей:
1) тиісті уәкілетті тұлғаларға - жеке тұлға Қазақстан Республикасының аумағында жүргізген, білім беруге, медицинаға жұмсалатын шығыстар туралы мәліметтерді растау туралы талапты;
2) жеке тұлғаға - Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде медициналық көрсетілетін қызметтерді алғанын растайтын құжаттардың түпнұсқаларын немесе нотариат куәландырған көшірмелерін ұсыну қажеттігі туралы сұрау салуды;
3) екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға - жеке тұлғаның кірістер мен мүлік туралы декларациясында көрсетілген жеке тұлғаның (шот иесінің) келісімі негізінде жеке тұлға Қазақстан Республикасында тұрғын үй сатып алу үшін алған ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге жұмсалатын шығыстарды растау туралы талапты жібереді.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғаларға талап мынадай тәсілдердің бірімен:
1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.
Бұл ретте пошта немесе өзге байланыс ұйымы мұндай талапты пошта немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдағаны туралы белгі қойылған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жеткізуге тиіс;
2) салық төлеушінің жеке өзіне қолын қойғызып табыс етеді;
3) веб-қосымшада электрондық тәсілмен жіберіледі.
3. Салық органдарының талабында көрсетілген, жеке тұлға Қазақстан Республикасының аумағында жүргізген, білім беруге, медицинаға, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге жұмсалатын шығыстар туралы мәліметтерді растауды уәкілетті тұлғалар, банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар осы Кодекстің 24 және 26-баптарында белгіленген мерзімдерде ұсынады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Осы бапта көзделген салық органдары талаптарының нысандарын және оларды жасау қағидаларын уәкілетті орган тиісінше қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен, білім беру саласындағы уәкілетті органмен, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.
5. Уәкілетті тұлғалар, банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар салық органдарының талабында көрсетілген мәліметтерді осы Кодекстің 24 және 26-баптарында белгіленген мерзімдерде ұсынбаған жағдайда, салық органы жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын қайтару және (немесе) есепке жатқызу туралы талапты көрсете отырып, кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан кешіктірмей жеке тұлғаға медициналық көрсетілетін қызметтерге және білім берудің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу бойынша шығыстарды, сондай-ақ ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге жұмсалатын шығыстарды растайтын құжаттардың түпнұсқаларын салық органына көрсете отырып, көшірмелерін ұсыну қажеттігі туралы сұрау салуды жібереді.
6. Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайда, жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын қайтару және (немесе) есепке жатқызу туралы талапты көрсете отырып, кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырылған жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанынан кешіктірмей келу тәртібімен тұрғылықты жері бойынша салық органына мынадай құжаттардың:
1) медициналық көрсетілетін қызметтерді, білім берудің көрсетілетін қызметтерін, ипотекалық тұрғын үй қарыздарын ұсынуға арналған шарттардың;
2) медициналық көрсетілетін қызметтерге, білім берудің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуге, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге жұмсалатын іс жүзіндегі шығыстарды растайтын құжаттардың;
3) медициналық көрсетілетін қызметтерді, білім берудің көрсетілетін қызметтерін алуды, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуді растайтын өзге де құжаттардың түпнұсқаларын көрсете отырып, көшірмелерін ұсынуға міндетті.
Егер осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттар шет тілінде жасалған болса, осындай құжаттардың нотариат куәландырған қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармасының болуы міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдер жүргізілген кезде осындай көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге жұмсалатын іс жүзіндегі шығыстарды растайтын құжат ретінде мынадай құжаттардың бірі:
банктік шотты пайдалана отырып не банктік шотты пайдаланбай төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде жасалатын төлем құжаты;
төлем карточкасын пайдалана отырып не электрондық терминалдар арқылы төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру кезінде жасалатын чек (бұдан әрі - чек);
банктік шот бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді көшірме (бұдан әрі - үзінді көшірме) болып табылады, бұл ретте онда пайдасына осындай шығыстарға ақы төлеу жүргізілген тұлғаның атауы мен сәйкестендіру нөмірі болу керек.
Аталған қызметтер көрсету Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде алынған және оған ақы төленген жағдайда, чектерде және үзінді көшірмелерде өзінің пайдасына осындай қызметтер көрсетуге ақы төлеу жүргізілген тұлғаның сәйкестендіру нөмірін көрсету талап етілмейді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттардың көшірмелерін белгіленген мерзімде ұсынбау және түпнұсқаларды көрсете отырып олардың төлнұсқалығын растамау жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын растамауға және осы баптың 7-тармағының 3) тармақшасында көзделген қорытындыны жіберуге негіз болып табылады.
7. Салық органы уәкілетті тұлғалардың, банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың алынған мәліметтері, осы баптың 6-тармағына сәйкес ұсынылған жеке тұлға құжаттарының түпнұсқалары немесе нотариат куәландырған көшірмелері негізінде, жеке тұлғаның салықтық шегерімдерді қолдануының негізділігін тексереді, есепке жатқызуға және (немесе) қайтаруға өтініш берілген жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын растайды және мынадай:
1) жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын толығымен растау;
2) жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын толық растамау себептерін көрсете отырып, бір бөлігін растау;
3) жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын себептерін көрсете отырып, растамау туралы қорытындылар қалыптастырады.
8. Осы баптың 7-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген қорытындылар:
1) электрондық салық төлеушіге - веб-қосымша арқылы электрондық тәсілмен;
2) қалған салық төлеушілерге - хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы жіберіледі.
113-бап. Жеке тұлғаның жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын есепке жатқызу және (немесе) қайтару тәртібі
1. Осы Кодекстің 640-бабында айқындалған жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын есепке жатқызу және (немесе) қайтару жеке тұлға өтініш берген жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасының шегінде, осы Кодекстің 112-бабының 7-тармағында көзделген, жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын толығымен немесе бір бөлігінде растау туралы қорытынды негізінде жүргізіледі.
2. Салық органы жеке тұлғаның салықтық берешегі болған кезде салықтың, бюджетке төленетін төлемдердің және өсімпұлдың артық төленген сомасын есепке жатқызуды жүргізу үшін осы Кодекстің 102-бабында айқындалған тәртіппен салықтар және бюджетке төленетін төлемдер бойынша орын алған салықтық берешекті өтеу есебіне жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын есепке жатқызуды жүргізеді.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Орын алған салықтық берешек өтелгеннен кейін кірістер мен мүлік туралы декларацияда көрсетілген талапқа байланысты алдағы төлемдер есебіне есепке жатқызу және (немесе) банктік шотқа қайтару жүргізіледі.
Бұл ретте, жеке тұлғаның жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығы бойынша алдағы төлемдер есебіне есепке жатқызу жүргізілмейді.
4. Жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын есепке жатқызу жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын есепке жатқызу туралы талапта көрсеткен салықтар бойынша алдағы төлемдер есебіне жүргізіледі.
5. Жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын қайтару жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын қайтару туралы талапта көрсетілген банктік шотқа жүргізіледі.
6. Жеке тұлға кірістер мен мүлік туралы декларацияда жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын есепке жатқызу және қайтару жөніндегі талапты бір мезгілде көрсеткен жағдайда, салық органы жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын алдағы төлемдер есебіне есепке жатқызуды, ал жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын есепке жатқызудан кейін қалған сома бөлігінде банктік шотқа қайтаруды дәйектілікпен жүргізеді.
7. Жеке тұлғаның жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын есепке жатқызу және (немесе) қайтару кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырылған жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей жүргізіледі.
Жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын есепке жатқызу және (немесе) қайтару жөніндегі талап көрсетілген, бірақ банктік шоттың деректемелері көрсетілмеген кірістер мен мүлік туралы декларация тапсырылған жағдайда, жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын есепке жатқызу және (немесе) қайтару осы тармақтың үшінші бөлігіне сәйкес жүргізіледі.
Кірістер мен мүлік туралы декларация осы Кодекстің 635-бабында белгіленген мерзімнен кеш ұсынылған, сондай-ақ жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын есепке жатқызу және (немесе) қайтару жөніндегі талапты көрсету және банктік шоттың деректемелерін көрсету бөлігінде кірістер мен мүлік туралы қосымша декларация тапсырылған жағдайда, жеке тұлғаның жеке табыс салығы бойынша асып кету сомасын есепке жатқызу және (немесе) қайтару кірістер мен мүлік туралы осындай декларация тапсырылған күннен бастап он екі айдан кешіктірілмейтін мерзімде жүргізіледі.