3. Салық органдарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де құқықтары болады және олар өзге де міндеттерді орындайды.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Салықтық тексеру барысында қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеуден жалтару, сондай-ақ әдейі банкроттық фактілері анықталған кезде салық органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес процестік шешім қабылдау үшін тиісті құқық қорғау органдарына олардың тергеуіне жататын материалдарды жібереді.
20-бап. Салық органдарының лауазымды адамдарын материалдық қамтамасыз ету, құқықтық және әлеуметтік қорғау
1. Салық органдарының лауазымды адамы қызметтік міндеттерін орындау кезінде заңмен қорғалады.
2. Салық органдары лауазымды адамының заңды талаптарын орындамау, салық органдары лауазымды адамының қызметтік жұмысына байланысты оны немесе оның отбасы мүшелерін қорлау, қорқыту, оларға зорлық-зомбылық жасау немесе олардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне қолсұғушылық, салық органдары лауазымды адамының қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіретін басқа да іс-қимылдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
3. Қызметтік жұмысын жүзеге асыруына байланысты денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтірілген кезде салық органдарының лауазымды адамына бюджет қаражатынан бес айлық жалақысы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
4. Қызметтік жұмысын жүзеге асыруына байланысты денсаулығына кәсіптік қызметімен одан әрі айналысуына мүмкіндік бермейтіндей ауыр зиян келтірілген кезде салық органдарының лауазымды адамына бюджет қаражатынан бес жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде біржолғы өтемақы, сондай-ақ оның лауазымдық айлықақысы мен зейнетақысының мөлшерлері арасындағы айырма (өмір бойы) төленеді.
5. Салық органдарының лауазымды адамы қызметтік міндеттерін орындау кезінде қайтыс болған жағдайда, қаза тапқан адамның отбасына немесе оның асырауындағы адамдарға (мұрагерлеріне):
1) қаза тапқан адамның соңғы атқарған лауазымы бойынша бюджет қаражатынан он жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;
2023.12.12. № 45-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.
6. Қызметтік міндеттерін орындауына байланысты салық органдары лауазымды адамының денсаулығы мен мүлкіне келтірілген нұқсан, сондай-ақ салық органдары лауазымды адамының отбасы мүшелері мен жақын туыстарының денсаулығы мен мүлкіне келтірілген нұқсан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеледі.
21-бап. Жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері
1. Аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері (бұдан әрі - әкімдер) салық төлеуші - жеке тұлға төлейтін мүлік, көлік құралдары салықтарын, жер салығын жинауды ұйымдастырады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықтарды жинау қатаң есептілік құжаты болып табылатын квитанция негізінде жүзеге асырылады. Квитанция нысанын уәкілетті орган белгілейді.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықтарды жинауды ұйымдастыру кезінде әкімдер:
1) салық органдарынан салық сомасы туралы хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей көрсетілген хабарламаны салық төлеуші - жеке тұлғаға табыс етуді;
2) салық сомасы қолма-қол ақшамен төленген кезде салық төлеуші - жеке тұлғаға осындай төлеу фактісін растайтын квитанция беруді;
3) екінші деңгейдегі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға ақша қабылдау жүзеге асырылған операциялық күннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей, салық сомаларын кейіннен бюджет есебіне жатқызу үшін күн сайын тапсыруды қамтамасыз етеді. Егер күн сайынғы ақша түсімі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын 10 еселенген айлық есептік көрсеткіштен аз болса, сондай-ақ елді мекенде екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым болмаған кезде ақша тапсыру үш операциялық күнде бір рет жүзеге асырылады;
4) қвитанциялардың дұрыс толтырылуын және сақталуын;
5) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде салық органына квитанцияларды пайдалану туралы, сондай-ақ салық сомаларын екінші деңгейдегі банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға тапсыру туралы есептер беруді қамтамасыз етеді.
22-бап. Салық органдарының уәкілетті мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және өзге де тұлғалармен өзара іс-қимылы
1. Салық органдары уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайды, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бірлескен бақылау шараларын әзірлейді және қабылдайды, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
2. Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар салықтық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді орындауда салық органдарына жәрдем көрсетуге міндетті.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мен оның аумақтық органдары осы Кодекстің 573-баптың 3-тармағында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтау (мемлекеттік экологиялық бақылау) бойынша өздері жүзеге асырған тексерулердің нәтижелері бойынша мәліметтер ұсынуға міндетті.
4. Уәкілетті мемлекеттік органдар осы Кодекстің 26-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде тізбе бойынша жеке тұлғалар жөніндегі мәліметтерді уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
5. Салық органдары мен жергілікті атқарушы органдар салықтар жинауды жүзеге асыру бойынша осы Кодекстің 21-бабында айқындалған тәртіппен бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайды.
2019.08.01. № 215-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бюджетке төленетін төлемдерді алу және олар бойынша мәліметтер ұсыну жөніндегі өкілеттіктері осы Кодекстің Ерекше бөлігінде айқындалады.
7. Салық органдары уәкілетті мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және өзге де тұлғалармен өзара іс-қимылды осы Кодексте айқындалған тәртіппен электрондық тәсілмен жүзеге асыруға құқылы.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. Салық органдары салықтық тексеру барысында еңбекпен табылмаған сыйлықақылар, болмаған залалдар, мәлімделген, бірақ реттелмеген залалдар, болған, бірақ мәлімделмеген залалдар бойынша сақтандыру резервтері мөлшерінің Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы қорытындыны тексерілетін салық төлеушіге қатысты алу бойынша қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайды.
Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган уәкілетті органның сұрау салуы бойынша мұндай қорытындыны қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұсынады.
2025.15.07. № 208-VIII ҚР Заңымен 8-1-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
8-1. Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі жасасатын сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша салық органдары салықтық тексеру барысында еңбекпен табылмаған сыйлықақылар, болмаған залалдар, мәлімделген, бірақ реттелмеген залалдар, болған, бірақ мәлімделмеген залалдар бойынша сақтандыру резервтері мөлшерінің Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы қорытындыны тексерілетін салық төлеушіге қатысты алу бойынша сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайды.
Сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган салық органының сұрау салуы бойынша мұндай қорытындыны уәкілетті органмен бірлесіп, сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұсынады.
9-тармақ 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Уәкілетті орган, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бірлескен бақылау шараларын әзірлейді және қабылдайды, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне валюталық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді орындауда жәрдем көрсетеді.
Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен ақпараттық өзара іс-қимыл жасауды электрондық тәсілмен жүзеге асыруға құқылы. Уәкілетті органның Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасау тәртібі бірлескен актілерде айқындалады.
10-тармақ 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
10. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жеке тұлғаның (жеке тұлғаға), заңды тұлғаның (заңды тұлғаға), сондай-ақ заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің (құрылымдық бөлімшесіне) мәмілелер (келісімшарттар) бойынша, оның ішінде тауарсыз операциялар бойынша екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жүргізілген, 50 000 АҚШ долларынан астам сома баламасында валюталық операциялар бойынша Қазақстан Республикасынан және Қазақстан Республикасына төлемдері және (немесе) ақша қаражатының аударымдары туралы уәкілетті банктерден алынған ақпаратты уәкілетті органға береді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ақпарат уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірлескен актісінде белгіленген тәртіппен, нысан бойынша және мерзімдерде жіберіледі.
11. Салық органдары өндірушілер бойынша ақпаратты олардың заңды мекенжайларын, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген өнімнің (тауарлардың) көлемдері мен түрлерін көрсете отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға тоқсан сайын береді.
12. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың және (немесе) құпиялылық туралы келісімдердің көшірмелерін және (немесе) Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясының пайдалы қазбалардың қорларын бекіту және пайдалы қазбалардың қорларын мемлекеттік балансқа қою туралы хаттамаларын, сондай-ақ оларға толықтырулар мен өзгерістерді жасалған немесе өзгерістер мен толықтырулар енгізілген күнінен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, оның ішінде автоматтандырылған ақпарат алмасу жолымен салық органына ұсынады.
13. Жергілікті атқарушы органдар халыққа қалалық қоғамдық көлікпен тасымалдау бойынша қызметтер көрсету бөлігінде салық төлеушілердің билеттерді пайдалануы туралы мәліметтерді орналасқан жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ұсынады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 14-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
14. Бақылау-касса машинасын және төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолданудағы бұзушылықтар туралы ақпаратқа ие адамдар өздеріне белгілі болған, бейнетіркеумен расталған бұзушылық фактілері туралы салық органына хабарлауға құқылы.
Бақылау-касса машинасын және төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға арналған жабдықты (құрылғыны) қолданудағы бұзушылық фактілері туралы хабарлаған адам, мұндай факт расталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен сыйақы беруге жатады.
Осы тармақтың екінші бөлігінің ережелері жасалған құқық бұзушылық фактілері туралы көрінеу жалған ақпарат хабарлаған адамдарға қолданылмайды. Бұл ретте, көрінеу жалған ақпарат хабарлаған адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 15-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
15. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісу бойынша уәкілетті орган бекітетін әдістеме бойынша есептелген индекстер негізінде салық төлеушінің контрагенттерді өз бетінше тексеруі үшін ақпараттық жүйені жүргізу мақсатында уәкілетті мемлекеттік органдармен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен өзара іс-қимыл жасайды. Өзара іс-қимыл жасау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
23-бап 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
23-бап. Уәкілетті органның әскери басқару органдарымен өзара іс-қимылы
1. Жергілікті әскери басқару органдары мерзімді әскери қызметке шақырылған және мерзімді әскери қызметтен шығарылған жеке тұлғалар туралы мәліметтерді уәкілетті органға мынадай мерзімдерде:
1) жеке тұлғалар жылдың сәуірінде - маусымында:
мерзімді әскери қызметке шақырылған;
мерзімді әскери қызметтен шығарылған болса, сол жылдың 31 шілдесінен кешіктірмей;
2) жеке тұлғалар жылдың қазанында - желтоқсанында:
мерзімді әскери қызметке шақырылған;
мерзімді әскери қызметтен шығарылған болса, сол жылдан кейінгі жылдың 31 қаңтарынан кешіктірмей ұсынады.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жергілікті әскери басқару органдарының тізбесін уәкілетті органға мынадай мерзімдерде:
1) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жылдың 1 қаңтарынан кешіктірмей;
2) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жылдың 1 шілдесінен кешіктірмей ұсынады.
24-бап. Екінші деңгейдегі банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың мiндеттерi
Екінші деңгейдегі банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар:
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2024.01.07. № 105-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1) тармақша өзгертілді
1) бейрезидентті қоса алғанда, салық төлеуші - заңды тұлғаға, оның құрылымдық бөлімшелеріне, дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаға, шетелдік пен азаматтығы жоқ адамға банктік шоттар ашқан не «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 60-1, 61-2, 61-11, 61-12-баптарында көзделген жағдайларда банктік шоттағы жеке сәйкестендіру коды өзгерген кезде көрсетілген шоттардың ашылғаны не өзгергені туралы олар ашылған не өзгерген күннен кейінгі екі жұмыс күнінен кешіктірмей, сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып, хабарлардың кепілдікпен жеткізілуін қамтамасыз ететін телекоммуникациялар желісі арқылы беру жолымен уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтерін, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтерін, арнайы қаржы компаниясының облигацияларын шығаруды қамтамасыз ету болып табылатын активтерді және инвестициялық қордың активтерін сақтауға арналған банктік шоттар, бейрезидент-заңды тұлғалардың, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жинақ шоттары, шетелдік корреспондент-банктердің корреспонденттік шоттары, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 112-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ұсынылатын материалдық көмекті алуға арналған банктік шоттар, нотариус депозиті шарттарында ақшаны есепке жатқызуға арналған ағымдағы шоттар, жеке сот орындаушысының өндіріп алушылардың пайдасына өндіріп алынған сомаларды сақтауға арналған ағымдағы шоты, эскроу-шоттар, «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттар бойынша хабарлама талап етілмейді.
Екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың осы баптың осы тармақшасында және 4), 6), 8), 11), 13) және 15) тармақшаларында көзделген міндеттерді орындауы мақсатында оларға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган айқындаған тәртіппен салық төлеушілер, оның ішінде дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғалар туралы ақпарат беріледі.
Көрсетілген шоттардың ашылғаны не өзгергені туралы телекоммуникациялар желісі арқылы хабардар ету техникалық проблемалардың салдарынан мүмкін болмаған кезде хабарлама салық төлеушінің орналасқан (тұрғылықты) жеріндегі салық органына екі жұмыс күні ішінде қағаз жеткізгіште жіберіледі;
2) Қазақстан Республикасының ақпарат алмасу туралы халықаралық шартына сәйкес телекоммуникациялар желiсі арқылы уәкілетті органға банктік шоттардың бар екендігі және олардың нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары туралы мәліметтерді, сондай-ақ өзге мүліктің, оның ішінде металл шоттарда орналастырылған немесе бейрезидент-жеке тұлғалардың, бейрезидент-заңды тұлғалардың, сондай-ақ бейрезиденттер бенефициарлық меншік иелері болып табылатын заңды тұлғалардың басқаруындағы өзге мүліктің бар екендігі, түрі және құны туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде ұсынуға;
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) уәкілетті органның сұрау салуы бойынша банктік шоттардың бар екендігі және олардың нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары және қозғалысы туралы мәліметтерді, жеке немесе заңды тұлға және екінші деңгейдегі банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым арасында жасалған, банк қызметтерін көрсету көзделетін шартқа қатысты өзге де ақпаратты, сондай-ақ өзге мүліктің, оның ішінде металл шоттарда орналастырылған немесе шет мемлекеттің уәкілетті органының Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес жіберген сұрау салуында көрсетілген жеке және заңды тұлғалардың басқаруындағы мүліктің бар екендігі, түрі және құны туралы мәліметтерді ұсынуға;
4) салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді төлеу үшін төлем құжаттарын қабылдау кезінде сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру қағидаларына сәйкес сәйкестендіру нөмірінің дұрыс көрсетілуін тексеруге міндетті.
Төлем құжатында көрсетілген сәйкестендіру нөмірі сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыруды және сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерін жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның деректерімен сәйкес келмеген не ол болмаған жағдайларда, екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар мұндай төлем құжатын орындаудан бас тартады.
Осы тармақшаның бірінші және екінші бөліктерінің ережелері осы Кодекстің 189-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген бюджетке төленетін төлемдерді шетелдік және азаматтығы жоқ адам төлеген кезде қолданылмайды;
5) жеке тұлғалардан алынатын көлік құралдары салығын төлеу бойынша төлем құжатында көрсетілген жеңіл және жүк автомобильдерінің, автобустардың сәйкестендіру нөмірі жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган ұсынған деректерге сәйкес келмеген жағдайда, төлем құжатын орындаудан бас тартуға міндетті.
Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган ұсынған деректерде көлік құралының сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда, екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жеке тұлғалардан алынатын көлік құралдары салығын төлеуге арналған төлем құжатын орындаудан бас тартуға құқылы емес.
2022.21.12. № 165-VІІ ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6) салық төлеушіге осы баптың 1) тармақшасында көрсетілген банктік шоттарды жабу кезінде олардың жабылғандығы туралы уәкілетті органды сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып, олардың жабылған күнінен кейінгі екі жұмыс күнінен кешіктірмей, хабарлардың кепiлдік беріліп жеткiзiлуін қамтамасыз ететін телекоммуникациялар желісі арқылы хабардар етуге міндетті.
Көрсетілген шоттардың жабылғандығы туралы телекоммуникациялар желісі бойынша хабардар ету техникалық проблемалар салдарынан мүмкін болмаған кезде хабарлама салық төлеушінің орналасқан (тұрғылықты) жеріндегі салық органына екі жұмыс күні ішінде қағаз жеткізгіште жіберіледі;
7) дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаға берiлген кредит (қарыз) бойынша сыйақыны есепке жазуды тоқтата тұру арқылы осындай сыйақы түріндегі кiрiстердi тану тоқтатылған кезде, бұл туралы осы Кодекстiң 314-бабына сәйкес айқындалатын, уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша мұндай тану тоқтатылған есептi салықтық кезеңнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей уәкiлеттi органды хабардар етуге;
8) клиентке қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру үшін клиенттің банктік шоттардағы ақшасы жеткілікті болған кезде, бірінші кезектегі тәртіппен банктік шоттан салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша салық төлеушінің төлем тапсырмаларын орындауға міндетті. Салықтық берешек сомасын өндіріп алу туралы салық органдарының инкассалық өкімдерін де осындай тәртіппен салық органдарының нұсқауы алынған күннен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірілмей орындауға міндетті.
Клиентке қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру үшін банктік шоттарда ақша болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайда, екінші деңгейдегі банк ақшаны Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде айқындалған кезектілік тәртібімен салықтық берешекті өтеу есебіне алып қоюды жүргізеді;
9) салықтардың, бюджетке төленетiн төлемдердiң және әлеуметтік төлемдердің сомаларын:
төлем карточкасы пайдаланылып төлем жүргізілген жағдайларды қоспағанда, салық төлеуші оларға бастамашылық жасаған күні;
төлем карточкасы пайдаланылып төлем жүргізілген жағдайларда салық төлеушінің банктік шотынан ақшаны есептен шығарған күннен бастап бір операциялық күннен кешіктірмей;
операциялық күннің ішінде, бірақ екінші деңгейдегі банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың кассасына қолма-қол ақша енгізілген не екінші деңгейдегі банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық терминалдары арқылы қолма-қол ақша енгізілген күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей аударуға;
10) дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған, тексерілетін жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның банктік шоттары бойынша ақшасының бар-жоғын және жасалатын операцияларын тексеруге салық органдарының лауазымды адамын нұсқамасы болған кезде жіберуге;
11) осы Кодексте көзделген жағдайларда, салық органының шешімі бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен, осы Кодекстің 118-бабы 2-тармағының ережелерін ескере отырып, дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның, заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің немесе қызметін Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің корреспонденттік шоттарды қоспағанда, банктік шоттарындағы барлық шығыс операцияларын тоқтата тұруға;