«Қазақстан Республикасының Экология Кодексі» Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы № 400-VI Кодексі (2026.08.09. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)

Предыдущая страница

3) республикалық деңгейде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағын қамтитын, қажет болған кезде жалпымемлекеттік маңызы бар ірі өңірлер мен жекелеген объектілер бөліне отырып, мониторинг жүргізіледі.

2. Барлық деңгейде қоршаған орта мен табиғи ресурстардың мониторингі жөніндегі қызмет Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы, өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы және сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген талаптар сақтала отырып жүзеге асырылады.

 

158-бап. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін қаржыландыру

1. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі бюджет қаражатының және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен қаржыландырылады.

2. Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру мынадай қызмет түрлерін:

1) республикалық деңгейде мониторинг жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қолдауды;

2) мониторинг жүйелерінің, кіші жүйелері мен түрлерінің жұмыс істеуі мен дамуын, ғылыми-техникалық бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету үшін ғылыми-техникалық өнім жасауды;

3) аумақтық деңгейде мониторинг жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қолдауды, оны дамыту мақсатында ғылыми-техникалық өнім жасауды;

4) «Қазақстан Республикасының қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі» цифрлық жүйесін құруды және оның жұмыс істеуін қолдауды жүзеге асыруға бағытталған.

 

159-бап. Экологиялық мониторинг

1. Экологиялық мониторинг мемлекет қамтамасыз ететін қоршаған ортаның сапасына қатысты алынған деректерді байқаудың, өлшеудің, жинаудың, жинақтаудың, сақтаудың, есепке алудың, жүйелеудің, жинақтап-қорытудың, өңдеудің және талдаудың, сондай-ақ солардың негізінде экологиялық ақпаратты дайындаудың кешенді жүйесін білдіреді.

2. Экологиялық мониторинг:

1) қоршаған ортаның сапасын бағалау;

2) қоршаған ортаға әсер етудің антропогендік және табиғи факторларын айқындау мен талдау;

3) антропогендік және табиғи факторлардың әсер етуінен қоршаған орта жай-күйінің өзгерістерін болжау және бақылау;

4) мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық қауіпсіздікті және орнықты дамудың экологиялық негіздерін қамтамасыз етуге бағытталған шаруашылық және басқарушылық шешімдер қабылдаған кезде оларды ақпараттық қамтамасыз ету;

5) барлық жеке және заңды тұлғаның экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету мақсаттарында жүйелі негізде жүзеге асырылады.

3. Экологиялық мониторинг объектілері мыналар болып табылады:

2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1) осы Кодекстің 166-1-бабы 4-тармағының 2) - 8) тармақшаларында көрсетілген объектілер;

2) жерасты суларының сапасы;

3) I және II санаттағы объектілердің қоршаған ортаға әсер етуі;

4) экологиялық жүйелердің және олар ұсынатын экожүйелік көрсетілетін қызметтердің жай-күйі;

5) табиғи процестердің табиғи ағымын және қоршаған ортаның жай-күйі өзгерістерінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелеріне ықпалын қоса алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;

6) климат өзгеруінің әсер етуі;

7) қалдықтар және оларды басқару.

4. Экологиялық мониторинг:

1) осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және (немесе) арнайы уәкілеттік берілген ұйымдар жүзеге асыратын байқаулар мен өлшеулерге;

2) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өз құзыреттері шеңберінде арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар жүзеге асыратын байқаулар мен өлшеулерге;

3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін ресми статистикалық ақпаратқа;

4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сұрау салуы бойынша немесе Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі шеңберінде мемлекеттік органдар беретін, сондай-ақ мемлекеттік органдар ашық қолжетімділікте орналастыратын ақпаратқа;

5) міндетті өндірістік экологиялық бақылау шеңберінде жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыратын байқаулар мен өлшеулерге;

6) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалардан алатын өзге де ақпаратқа негізделеді.

5. Осы Кодекске сәйкес өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға міндетті тұлғалар тиісті деректерді жинауды, жинақтауды, сақтауды, есепке алуды, өңдеуді және экологиялық мониторинг мақсаттары үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өтеусіз беруді қамтамасыз етеді.

6. Экологиялық мониторинг шеңберінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының экологиялық ақпарат беру жөніндегі міндеттемелерін орындау мақсатында деректерді жинау мен дайындауды да жүзеге асырады.

 

160-бап. Табиғи ресурстар мониторингі

1. Табиғи ресурстар мониторингі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар ұйымдастыратын табиғи ресурстар түрлері жай-күйі мониторингі жүйелерінің, кіші жүйелері мен түрлерінің жиынтығын білдіреді.

2. Табиғи ресурстар мониторингі мыналарды қамтиды:

1) Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүргізілетін жер мониторингі;

2025.09.04. № 179-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2) Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес жүргізілетін су объектілері мен су ресурстарының мемлекеттік мониторингі;

3) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін жер қойнауының мемлекеттік мониторингі;

4) Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес жүргізілетін ормандардың мемлекеттік мониторингі;

5) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін жануарлар дүниесінің мониторингі;

2023.02.01. № 184-VІІ ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2023 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6) Қазақстан Республикасының өсімдіктер дүниесін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін өсімдіктер дүниесінің мемлекеттік мониторингі.

3. Табиғи ресурстар мониторингінің деректері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті мемлекеттік кадастрларда жинақтап-қорытылады.

 

161-бап. Арнайы мониторингтің түрлері

1. Арнайы мониторинг мынадай түрлерді қамтиды:

1) әскери-сынақ полигондарының мониторингі - жабық және жұмыс істеп тұрған әскери-сынақ полигондарының аумағында әскери техниканы, оның ішінде зымырандық техниканы және қару-жарақты сынауға байланысты қоршаған ортаның ластануын байқау жүйесі;

2) «Байқоңыр» зымыран-ғарыш кешенінің мониторингі - жұмыс істеуін ұйымдастыруды ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган жүзеге асыратын, «Байқоңыр» кешенінің зымыран-ғарыш қызметінің әсеріне ұшыраған аумақтардағы қоршаған ортаның жай-күйін байқау жүйесі;

3) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг;

4) осы Кодекстің 410-бабына сәйкес жүргізілетін төтенше экологиялық ахуал аймақтарындағы және экологиялық зілзала аймақтарындағы экологиялық жағдай мониторингі;

5) ғарыш мониторингі - жұмыс істеуін ұйымдастыруды ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының ғарыш қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын, Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау құралдарын пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйін байқау жүйесі.

2. Осы баптың 1-тармағының 1) және 4) тармақшаларында көрсетілген арнайы мониторинг түрлерін ұйымдастыруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

 

 

9-БӨЛІМ. МЕТЕОРОЛОГИЯЛЫҚ МОНИТОРИНГ, ГИДРОЛОГИЯЛЫҚ МОНИТОРИНГ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТА ЖАЙ-КҮЙІНІҢ МОНИТОРИНГІ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ

10-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

162-бап. Метеорологиялық мониторинг

1. Метеорологиялық мониторинг деректерді байқау, жинау, өңдеу, талдау, сақтау, метеорологиялық және агрометеорологиялық ақпаратты дайындау, оның ішінде метеорологиялық және агрометеорологиялық болжамдарды дайындау және көрсетілген ақпаратты мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға беру қамтылатын метеорология саласындағы қызметті білдіреді.

Метеорологиялық байқаулардың нәтижелері бойынша алынған алғашқы деректер, сондай-ақ бастапқы метеорологиялық деректерді өңдеу мен талдау нәтижесі болып табылатын жедел, режимдік, климаттық және болжамдық ақпарат метеорологиялық ақпарат болып табылады.

2. Метеорологиялық мониторинг табиғи метеорологиялық параметрлердің, атмосфералық құбылыстардың және атмосферада олардың табиғи ортаның басқа құрамдастарымен өзара іс-қимылы кезіндегі процестердің жай-күйі мен дамуын айқындау және мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды ауа райы туралы ақпаратпен қамтамасыз ету, қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді метеорологиялық, агрометеорологиялық болжамдар мен қауіпті және дүлей метеорологиялық құбылыстардың (оның ішінде қар көшкіндерінің) туындау мүмкіндігі туралы дауылдық ескертулерді жасау үшін климаттық сипаттамаларды айқындау мақсатында жүргізіледі.

3. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет, аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушілер, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ведомстволық метеорологиялық қызметтері, заңды тұлғалар, сондай-ақ метеорологиялық ақпарат дайындауды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер метеорологиялық ақпаратты дайындаушылар болып табылады.

 

163-бап. Гидрологиялық мониторинг

1. Гидрологиялық мониторинг деп жерүсті су объектілерінің режимі мен жай-күйін байқау, деректерді жинау, өңдеу, талдау, сақтау, гидрологиялық ақпаратты дайындау, оның ішінде гидрологиялық болжамдарды әзірлеу және көрсетілген ақпаратты мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға беру қамтылатын гидрология саласындағы қызмет түсініледі.

Гидрологиялық байқау нәтижелері бойынша алынған бастапқы деректер, сондай-ақ гидрологиялық бастапқы деректерді өңдеу мен талдау нәтижесі болып табылатын режимдік, жедел және болжамдық ақпарат гидрологиялық ақпарат болып табылады.

2025.09.04. № 179-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Гидрологиялық мониторинг жерүсті су объектілерінің жай-күйі мен режимі туралы деректерді жинау мақсатында тұрақты және (немесе) кезең-кезеңді негізде жүргізіледі және өзен бассейндерінің таулы бөліктеріндегі қар қорын айқындау үшін жүргізілетін таулардағы қар өлшеу және жауын-шашын өлшеу маршруттарында байқауды да қамтиды.

3. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет, заңды тұлғалар, сондай-ақ гидрологиялық ақпаратты дайындауды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер гидрологиялық ақпаратты дайындаушылар болып табылады.

 

164-бап. Қоршаған орта жай-күйінің мониторингі

1. Қоршаған орта жай-күйінің мониторингі деректерді байқау, жинау, сақтау, есепке алу, жүйелеу, жинақтап-қорыту, өңдеу мен талдау, қоршаған ортаның ластану жай-күйін бағалау, қоршаған ортаның ластану жай-күйі туралы ақпарат, оның ішінде болжамдық ақпарат әзірлеу және көрсетілген ақпаратты мемлекеттік органдарға, өзге де жеке және заңды тұлғаларға беру қамтылатын қызметті білдіреді.

Қоршаған ортаның жай-күйін мониторингілеу нәтижесінде алынған алғашқы деректер, сондай-ақ осындай алғашқы деректерді өңдеу мен талдау нәтижесі болып табылатын ақпарат қоршаған ортаның ластану жай-күйі туралы ақпарат болып табылады.

Қоршаған орта жай-күйін мониторингілеу қоршаған ортаны қорғаудың жекелеген объектілерінің ластану жай-күйі туралы деректерді жинау мақсатында тұрақты және (немесе) кезең-кезеңді негізде жүргізіледі.

2. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет, заңды тұлғалар, сондай-ақ қоршаған орта ластануының жай-күйі туралы ақпарат дайындауды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпарат дайындаушылар болып табылады.

 

165-бап. Метеорологиялық және (немесе) гидрологиялық ақпаратты және (немесе) қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпаратты дайындаушылардың құқықтары мен міндеттері

1. Метеорологиялық және (немесе) гидрологиялық ақпаратты және (немесе) қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпаратты дайындаушылардың:

1) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес метеорологиялық және (немесе) гидрологиялық мониторинг және (немесе) қоршаған орта жай-күйінің мониторингі саласында байқаулар мен өлшеулерді жүзеге асыруға, ақпарат дайындауға немесе мониторингтің осы түрлерін құрайтын жекелеген жұмыстарды орындауға және қызметтерді көрсетуге;

2) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына немесе қызметтер көрсетуге арналған шартқа сәйкес ақпарат бергені үшін төлемақы алуға құқығы бар.

2. Метеорологиялық және (немесе) гидрологиялық ақпаратты және (немесе) қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпаратты дайындаушылар:

1) метеорологиялық және (немесе) гидрологиялық ақпаратты және (немесе) қоршаған ортаның жай-күйі және (немесе) жекелеген жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету туралы ақпаратты дайындау кезінде осы Кодекстің талаптарын сақтауға;

2) Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы, өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы және сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына сәйкес қызметті жүзеге асыруға міндетті.

Метеорологиялық және (немесе) гидрологиялық ақпаратты және (немесе) қоршаған ортаның жай-күйі туралы ақпаратты дайындаушылардың Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де құқықтары мен міндеттері болуы мүмкін.

3. Метеорологиялық ақпаратты дайындаушылар алынған метеорологиялық ақпаратты Ұлттық гидрометеорологиялық қызметке метеорологиялық ақпаратты дайындаушылармен келісу бойынша Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет бекітетін, берілетін метеорологиялық ақпараттың тізбесі, оны беру мерзімдері, түрі мен тәсілдері айқындалатын ақпаратты беру жоспарларына сәйкес өтеусіз негізде береді.

Ұлттық гидрометеорологиялық қызметке ақпарат беру қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

4. Қазақстан Республикасында метеорологиялық мониторинг саласындағы қызмет Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарлама жіберілген жағдайда жүзеге асырылады.

Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет, аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушілер, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері метеорологиялық ақпарат дайындаушылардың мемлекеттік тізіліміне енгізілуге жатпайды және олар метеорологиялық мониторинг саласындағы қызметті жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес хабарлама жіберу туралы талап оларға қолданылмайды.

Метеорологиялық ақпаратты дайындаушылардың мемлекеттік тізілімін жүргізу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

5. Метеорологиялық ақпаратты дайындаушылар мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:

1) заңды тұлға немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеудің жүзеге асырылуы;

2) меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде жоспарланатын қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жабдықтар мен өлшеу құралдарының болуы;

3) білікті персоналдың болуы.

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6. Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің, аэронавигациялық қызмет көрсетуді берушілердің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қызметін қоспағанда, метеорологиялық ақпаратты дайындаушылардың метеорологиялық мониторингті ұйымдастыру және жүргізу тәртібін сақтауын мемлекеттік бақылауды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

 

 

11-тарау. ҰЛТТЫҚ ГИДРОМЕТЕОРОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ

 

2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 166-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

166-бап. Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің метеорологиялық, гидрологиялық мониторинг жəне қоршаған орта жай-күйінің мониторингі саласындағы қызметі

1. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет мемлекеттік байқау желісін пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг, метеорологиялық жəне гидрологиялық мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді, жалпымемлекеттік жəне халықаралық маңызы бар, арнаулы мақсаттағы қызметтер көрсетеді, метеорологиялық жəне гидрологиялық мониторинг, қоршаған орта жай-күйінің мониторингі саласындағы арнаулы ақпаратты береді, ғылыми жəне (немесе) ғылыми-техникалық жұмыстарды жүзеге асырады.

Жалпымемлекеттік жəне халықаралық маңызы бар көрсетілетін қызметтер - халық пен мемлекеттің қауіпсіздігі, экономика мен əлеуметтік саланың орнықты жұмыс істеуі үшін маңызды мəні бар, мемлекеттік байқау желісін пайдалана отырып көрсетілетін метеорологиялық жəне гидрологиялық мониторинг, қоршаған орта жай-күйінің мониторингі саласындағы қызметтер.

Арнаулы мақсаттағы көрсетілетін қызметтер - жалпымемлекеттік жəне халықаралық маңызы бар көрсетілетін қызметтерге жатпайтын жəне мемлекеттік байқау желісінің деректерін немесе мониторинг түрлерін пайдалана отырып, оның ішінде жеке жəне заңды тұлғалардың тапсырыстары бойынша көрсетілетін метеорологиялық жəне гидрологиялық мониторинг, қоршаған орта жай-күйінің мониторингі саласындағы қызметтер.

Арнаулы ақпарат - жалпымемлекеттік жəне халықаралық маңызы бар қызметтерге жатпайтын, арнаулы мақсаттағы қызметтер көрсету нəтижесінде немесе мемлекеттік байқау желісінің деректерін өңдеу, есептеу жəне талдау нəтижесінде алынатын нысаналы ақпарат.

Метеорологиялық жəне гидрологиялық мониторинг, қоршаған орта жай-күйінің мониторингі саласындағы ғылыми жəне (немесе) ғылыми-техникалық жұмыстар - зерттеулерді жүргізу үшін қажетті нормативтік-техникалық құжаттаманы əзірлеуді қоса алғанда, гидрология, метеорология жəне экология саласында жаңа білім алуға əрі оны қолдануға жəне міндеттерді шешуге, оның ішінде ғылыми жəне (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде орындалатын гидрологиялық, метеорологиялық есептеулер бойынша жобалау жұмыстарын орындауға, қоршаған ортаға əсерді бағалауды жобалау жөніндегі жұмыстарды орындауға бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстары.

Метеорологиялық жəне гидрологиялық мониторинг, қоршаған орта жай-күйінің мониторингі саласындағы ғылыми жəне (немесе) ғылыми-техникалық жұмыстарды жүзеге асыру - жалпымемлекеттік жəне халықаралық маңызы бар көрсетілетін қызметтерге жатпайтын, ғылыми жəне (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде орындалатын метеорологиялық жəне гидрологиялық мониторинг, қоршаған орта жай-күйінің мониторингі саласындағы көрсетілетін қызметтер.

2. Метеорологиялық жəне гидрологиялық мониторинг пен қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізуге технологиялық тұрғыдан байланысты қызмет түрлерінің тізбесін монополияға қарсы органмен келісу бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті орган бекітеді.

3. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті органмен келісу бойынша Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет бекітетін мемлекеттік байқау желісін пайдалана отырып, өз қызметін метеорологиялық, гидрологиялық мониторинг, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу үшін нұсқаулық-əдістемелік құжаттардың талаптарына сəйкес жүзеге асырады.

4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті орган жалпымемлекеттік жəне халықаралық маңызы бар қызметтер көрсету бөлігінде метеорологиялық жəне гидрологиялық мониторинг, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу жөніндегі қызметті ұйымдастырады жəне мемлекеттік байқау желісінің қызметін ұйымдастыруға қойылатын талаптарды бекітеді.

Метеорологиялық жəне гидрологиялық мониторинг пен қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу саласындағы мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін жəне (немесе) өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын монополияға қарсы органмен келісу бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті орган белгілейді.

5. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, халықаралық ұйымдармен, шетелдік ұйымдармен жəне басқа мемлекеттердің гидрометеорологиялық қызметтерімен өзара іс-қимыл кезінде гидрологиялық, метеорологиялық қызмет жəне қоршаған орта жай-күйінің мониторингі саласындағы қызмет мəселелері бойынша Қазақстан Республикасының атынан өкілдік етеді.

6. Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің құрамына кіреді жəне өз қызметін Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сəйкес төтенше жағдайлар туындаған кезде жүзеге асырады.

 

2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 166-1-баппен толықтырылды (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)

166-1-бап. Метеорологиялық, гидрологиялық мониторинг пен қоршаған орта жай-күйінің мониторингі саласындағы мемлекеттік монополия

1. Мемлекеттік монополияға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кəсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға - Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет жүзеге асыратын, мемлекеттік байқау желісін пайдалана отырып, жалпымемлекеттік жəне халықаралық маңызы бар қызметтер көрсету бөлігінде метеорологиялық жəне гидрологиялық мониторинг пен қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу жөніндегі қызмет жатады.

2. Метеорологиялық мониторинг саласындағы жалпы мемлекеттік жəне халықаралық маңызы бар көрсетілетін қызметтер:

1) жерге жақын метеорологиялық, актинометриялық, агрометеорологиялық, аэрологиялық, радиолокациялық, озонометриялық байқаулар, алынған метеорологиялық деректерді жинау, өңдеу, сақтау, талдау жəне дауылдық метеорологиялық ақпаратты, метеорологиялық жəне агрометеорологиялық болжамдарды дайындау, анықтамалықтарды, бюллетеньдерді, анықтама-консультацияларды қамтитын жалпы мақсаттағы метеорологиялық ақпаратты, режимдік ақпаратты жəне басқа метеорологиялық ақпаратты дайындау, сондай-ақ мемлекеттік органдарды, өзге де ұйымдар мен жеке тұлғаларды осындай ақпаратпен белгіленген тəртіппен қамтамасыз ету;

2) мемлекеттік климаттық кадастрды жəне мемлекеттік гидрометеорологиялық қорды жүргізу;

3) халықаралық алмасу үшін метеорологиялық ақпарат беру;

4) климаттың өзгеруін қоса алғанда, оның мониторингі.

Мемлекеттік климаттық кадастр - ауа температурасын, бұлттылықты, атмосфералық құбылыстарды, желдің бағыты мен жылдамдығын, жауын-шашын мөлшерін жəне белгілі бір аумақтарға тəн атмосфераның жəне төсеніш қабатының басқа да сипаттамаларын қамтитын атмосфералық жағдайлардың жиынтығы туралы метеорологиялық ақпаратқа негізделген жəне көп жылдық кезеңдегі метеорологиялық деректердің климаттық базасы негізінде қалыптастырылған деректердің жүйеленген жиынтығы.

Мемлекеттік климаттық кадастрды жүргізу қағидаларын, сондай-ақ мемлекеттік климаттық кадастр деректерінің құрамын жəне мемлекеттік органдарға, өзге де ұйымдар мен жеке тұлғаларға оның деректерін беру тəртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті орган бекітеді.

Мемлекеттік гидрометеорологиялық қор - Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес пайдалану мақсатында сақталуға жататын, құжатталған гидрологиялық жəне метеорологиялық ақпараттың жиынтығы.

Мемлекеттік гидрометеорологиялық қорды жүргізу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уəкілетті орган бекітеді.

3. Гидрологиялық мониторинг саласындағы жалпымемлекеттік жəне халықаралық маңызы бар көрсетілетін қызметтер:

1) өзендердегі, көлдердегі (теңіздердегі), су қоймаларындағы, каналдардағы жəне өзге де жерүсті су объектілеріндегі байқаулар, алынған гидрологиялық деректерді жинау, өңдеу, талдау жəне гидрологиялық қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді болжамдарды, оның ішінде алдын ала бес - жеті тəулікке дейін жəне көктемгі кезеңде əрбір үш күн сайын нақтылау мүмкіндігімен дайындау жəне қауіпті əрі дүлей гидрологиялық құбылыстардың туындау мүмкіндігі мен фактісі туралы дауылдық ескертулер беру;