3. Жерасты суларына әсер ету бөлігінде белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға әсер етуіне бағалау жүргізу кезінде осыған байланысты жерүсті су объектілеріне және табиғи ортаның өзге де құрамдастарына жанама әсер ету тәуекелдері, оның ішінде жердің су басуы, су жайылуы, шөлейттенуі, батпақтануы, көшкіндердің пайда болуы, топырақтың шөгуі және өзге де осыған ұқсас салдарлар түріндегі тәуекелдер де ескеріледі, сондай-ақ осындай жанама әсер етуді болғызбау бойынша қажетті шаралар айқындалады.
4. Жерасты суларын тартуды және (немесе) пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушылар ұңғымаларды пайдаланудағы кемшіліктер себебінен судың қайтарымсыз ысырабын және оның сапалық қасиеттерінің нашарлауын болғызбауға міндетті.
5. Реттеуші құрылғылармен жабдықтау, гидрогеологиялық ұңғымаларды консервациялау және жою жөніндегі талаптар Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленеді.
6. Қазақстан Республикасының Су кодексінде және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, ауызсумен және (немесе) шаруашылық-ауызсумен жабдықтауға байланысты емес мұқтаждықтар үшін ауызсу сапасындағы жерасты суларын пайдалануға жол берілмейді.
7. Ауызсумен және шаруашылық-ауызсумен жабдықтау үшін пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты су объектілерінің су жинау алаңдарында қалдықтарды көмуге, зираттарды, мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды) және жерасты суларының жай-күйіне жағымсыз әсер ететін басқа да объектілерді орналастыруға жол берілмейді.
8. Жерасты суларына арналған су тарту құрылысжайларын Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес суды реттейтін құрылғылармен, су өлшеу аспаптарымен жабдықтамай, сондай-ақ санитариялық қорғау аймақтарын белгілемей және жерасты су объектілері жай-күйінің көрсеткіштерін байқау пункттерін құрмай пайдалануға беруге тыйым салынады.
9. Жерлерді сарқынды сулармен суаруға, егер бұл жерасты су объектілерінің жай-күйіне зиянды әсер ететін болса немесе әсер етуі мүмкін болса, тыйым салынады.
10. Су пайдаланушылар тәулігіне екі мың текше метрден асатын көлемде жерасты суларын тартуды және (немесе) пайдалануды жүзеге асыру кезінде жерасты суларының көздерін игерудің жаңа тәсілдері мен технологиялық схемаларын іздестіру және бұрыннан барларын жетілдіру бойынша ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық жұмыстарды өз есебінен жүргізуге, технологиялық жабдықты, үздіксіз және кезеңдік бақылау құралдарын жаңғыртуға, жерасты суларын сарқылудан және ластанудан қорғауды, жер қойнауы мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
11. Шаруашылық-ауызсумен жабдықтау үшін пайдаланылатын, сондай-ақ суы табиғи емдік қасиеттерге ие жерасты су объектілерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес санитариялық қорғау аймақтары белгіленеді.
12. Сіңіргіш ұңғымаларға пайдаланылған суларды айдау жүргізілетін ауданда су пайдаланушының есебінен өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасына сәйкес жақын жердегі ұңғымалардағы, бұлақтардағы, құдықтардағы судың сапасына жүйелі зертханалық байқау жасау ұйымдастырылуға тиіс.
225-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жерасты су объектілерін қорғау жөніндегі экологиялық талаптар
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу бойынша белгіленіп отырған қызметтің қоршаған ортаға әсер етуіне бағалау жүргізу кезінде жерасты су объектілеріне әсер етуді бағалау міндетті түрде жүргізіледі және жерасты суларын қорғау жөніндегі қажетті шаралар айқындалады. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жерасты су объектілерін қорғау жөніндегі шаралар жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған тиісті жобалық құжаттың құрамында жобаланады.
2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде ашылатын жерасты су объектілері олардың ластануын болғызбайтын сенімді оқшаулаумен қамтамасыз етілуге тиіс.
3. Егер жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде ауызсумен және (немесе) шаруашылық-ауызсумен жабдықтау көзі ретінде пайдаланылуы мүмкін жерасты су объектісін ашу болжанса, бұрғылау және цемент ерітінділерін дайындау (өңдеу) үшін қолданылатын химиялық реагенттердің токсикологиялық сипаттамалары экологиялық рұқсат беру кезінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісілуге тиіс.
2025.09.04. № 179-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Егер жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жерасты су объектісін жобаланбаған ашу жүргізілсе, жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген тәртіппен жерасты су объектілерін қорғау жөніндегі шараларды дереу қабылдауға және қоршаған ортаны қорғау, су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы, жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдарға, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға бұл туралы хабарлауға міндетті.
226-бап. Қазақстан Республикасының сақтық аймағында қызметті жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасының сақтық аймағы - теңіздің жағалау сызығынан құрлыққа қарай бес километрге созылып жатқан, теңізге және ішкі су айдындарында мұнайдың төгілуі салдарынан ластануы немесе теңіздің ластану көзі болуы мүмкін құрлық аймағы.
2. Қазақстан Республикасының сақтық аймағы шегінде қалдықтарды көму полигондарын салуға тыйым салынады.
227-бап. Авариялар кезінде су объектілерін қорғау жөніндегі экологиялық талаптар
1. Ауызсымен, шаруашылық-ауызсумен жабдықтау немесе мәдени-тұрмыстық су пайдалану мақсатында пайдаланылатын су объектілері суының сапасы ластағыш заттардың авариялық төгілуінен туындаған және адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төнетін нашарлап кеткен кезде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес халықты қорғау бойынша шұғыл шаралар қабылданады.
2. І және ІІ санаттағы объектілерде авариялық жағдай туындап, соның салдарынан су сапасының белгіленген экологиялық нормативтерінің бұзылуы орын алған немесе орын алуы мүмкін болған кезде объектінің операторы кейінге қалдырмай, бірақ кез келген жағдайда авариялық жағдай анықталған кезден бастап екі сағаттан аспайтын мерзімде бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарлауға және тиісті көздерді немесе тұтас объектіні пайдалануды ішінара немесе толық тоқтатуға дейін судың ластануын болғызбау бойынша, сондай-ақ осындай авариялық жағдайдан туындаған қоршаған ортаға жағымсыз салдарларды жою бойынша барлық қажетті шараны қабылдауға міндетті.
228-бап. Жерді қорғау туралы жалпы ережелер
2026.08.07. № 342-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жер - қоғамның материалдық, мәдени және басқа да қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қызмет процесінде пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін, топырақты қоса алғандағы жер беті (аумақтық кеңістік).
2026.08.07. № 342-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Топырақ - биотикалық, абиотикалық және антропогендік факторлардың ұзақ әсер етуі нәтижесінде жер бетінде пайда болған, минералдық қатты бөлшектер мен органикалық заттардан, су мен ауадан тұратын және өсімдіктердің өсуі мен дамуы үшін тиісті жағдайлар жасайтын өзіндік ерекше генетикалық-морфологиялық белгілері, қасиеттері бар дербес табиғи-тарихи органикалық-минералдық табиғи дене.
3. Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес жер:
1) жер беті мен топырақтың антропогендік ластануынан;
3) топырақтың тозуы мен құнарсыздануынан;
4) жердің өзге түрде бүлінуі мен нашарлауынан (су және жел эрозиясы, шөлейттену, су басу, су жайылу, батпақтану, кейіннен сортаңдану, құрғап кету, тығыздалу, табиғи ландшафтардың техногендік өзгеруі салдарынан) қорғалуға жатады.
4. Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес жер:
1) адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтіруді;
2) экологиялық жүйелердің орнықты жұмыс істеуінің бұзылуын;
3) ағаштардың қурауын және құрып кетуін;
4) биоәртүрліліктің қысқаруын;
5) экологиялық залал келтіруді болғызбау мақсатында қорғалуға жатады.
5. Топырақ сапасының мемлекет белгілеген экологиялық нормативтерінен асатын концентрацияларда ластағыш заттардың топырақта болуы топырақтың ластануы деп танылады.
Антропогендік және табиғи факторлар нәтижесінде топыраққа ластағыш заттардың түсуі, сондай-ақ топырақта болатын химиялық, физикалық және биологиялық процестер нәтижесінде онда ластағыш заттардың түзілуі топырақтың ластану көздері деп танылады.
6. Жер бетіне және топырақтың беткі қабатына ластағыш заттардың осындай жерді нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға кедергі келтіретін көлемде түсуі жер бетінің ластануы деп танылады.
7. Жерді ластанудың барлық түрінен, оның ішінде жер бетімен және топырақпен жанасатын физикалық ортадан (атмосфералық ауа мен су) ластағыш заттардың түсуі салдарынан ластанудан қорғау жүзеге асырылады.
8. Қатты қалдықтарды жерді нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға кедергі келтіретіндей немесе оның эстетикалық құндылығын нашарлататындай етіп жер бетіне бейберекет тастау жер бетінің қоқыстануы деп танылады.
2026.08.07. № 342-VIII ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Топырақ сапасының нашарлауымен, құнарлылығының төмендеуімен, биоəртүрлілігінің азаюымен, топырақ құрылымының табиғи, антропогендік жəне техногендік сипаттағы əсерден бұзылуымен сипатталатын процесс топырақтың тозуы деп түсініледі.
Топырақ құнарлылығының төмендеу, биоəртүрліліктің азаю жəне органикалық əрі қоректік заттар мөлшерінің кему процесі топырақтың құнарсыздануы деп түсініледі.
229-бап. Топырақ сапасының экологиялық нормативтері
1. Топырақ сапасының экологиялық нормативтері химиялық көрсеткіштер үшін топырақтағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы түрінде белгіленеді.
2. Топырақтағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы деп осы Кодекске сәйкес ластағыш деп танылған химиялық заттың ең көп көлемі (массасы) түсініледі, одан асып кеткен кезде топырақ жер пайдаланудың бір немесе бірнеше түрі үшін жарамсыз болып, табиғи орта құрамдастарының тозуын туғызады немесе экологиялық жүйелердің орнықтылығы мен биоәртүрлілікті бұзады.
3. Топырақ сапасының нормативтері аумақтардың табиғи ерекшеліктері және Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес белгіленген жер санаттары ескеріле отырып әзірленеді және белгіленеді.
4. Заттың топырақта табиғи фондық қамтылуы - топырақтың табиғи (әдеттегі) құрамына сәйкес келетін заттың топырақта қамтылуы.
2026.08.07. № 340-VIII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Егер топырақ сапасының белгіленген экологиялық нормативтері сақталған кезде табиғи экологиялық жүйенің тірі элементтері (өсімдіктер, жануарлар және басқа да организмдер) жай-күйінің кемінде бес жылдық кезең ішіндегі ғылыми зерттеулермен расталған нашарлау белгілері анықталса, онда мұндай аумақтар үшін астананың, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың тиісті жергілікті өкілді органы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша өзінде топырақ сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын биологиялық объектілердің неғұрлым осал тобының жай-күйі көрсеткіштерінің жағымсыз ауытқуы байқалмайтын қоршаған орта сапасының неғұрлым қатаң нысаналы көрсеткіштерін белгілеуге міндетті.
230-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аймақтарға бөлу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аймақтарға бөлу кезінде экологиялық қауіпсіздік және ауыл шаруашылығы алқаптарының сапалық жай-күйі қамтамасыз етілуге тиіс.
2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аймақтарға бөлу экологиялық қолайсыздық дәрежесінің көрсеткіштеріне негізделеді, физикалық тозу және химиялық ластану осы қолайсыздықтың өлшемшарттары болып табылады.
3. Жердің химиялық ластану деңгейін айқындау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін топырақтағы химиялық заттардың шекті жол берілетін концентрациясы пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
4. Жерді неғұрлым құнды жерден құндылығы төменіне ауыстыру, консервациялау қажеттілігін айқындау, сондай-ақ экологиялық зілзала аймағына немесе төтенше экологиялық жағдай аймағына жатқызу мақсатында жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттарын (бұдан әрі - жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттары) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
231-бап. Елді мекендердің жерлерін аймақтарға бөлу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Елді мекендердің жерлерін аймақтарға бөлу жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттары негізінде жүзеге асырылады.
2. Елді мекендердің жерлерін басқа санаттардағы жерлерге ауыстыру кезінде осындай жерлерден атмосфералық ауаға және осындай аумақтардың суына ластағыш заттардың түсу мүмкіндігі және олардың адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына тікелей ықпалы ескеріледі.
3. Төтенше экологиялық жағдай аймағы үшін экологиялық ахуалдың одан әрі нашарлауына алып келмейтін ерекше пайдалану режимі белгіленеді.
232-бап. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жерлерін және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлерді аймақтарға бөлу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерлерін және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлердi аймақтарға бөлу кезiнде экологиялық қауiпсiздiк қамтамасыз етiледi.
2. Экологиялық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету және өнеркәсiптік, көлiктік және өзге де объектiлердi пайдалану үшiн қажеттi жағдай жасау мақсатында қоршаған ортаның жай-күйiн жақсартуға ықпал ететiн, көрсетілген жерлердi пайдаланудың ерекше жағдайларын жасау ескерiле отырып, аймақтар белгiленедi.
3. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерлерін және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлердi басқа санаттардағы жерлерге ауыстыру кезiнде олардың шегінде аймақтарды белгiлеу мақсатына үйлеспейтін қызмет түрлерiне шектеу қойылатын немесе тыйым салынатын аймақтар ескерiледi.
4. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жерлерінің және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлердің химиялық заттармен жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттарында белгіленген деңгейлерден астам ластануы оларды басқа санаттардағы жерлерге ауыстыру кезінде қосымша экологиялық өлшемшарт болып табылады. Ластанудың жоғары деңгейіне жатқызылған жерлер консервациялауға жатады және босалқы жерлер құрамына ауыстырылады.
233-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн және сауықтыру мақсатындағы жерлердi пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін пайдалану режимі Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында реттеледі.
2. Сауықтыру мақсатындағы жерлердің аумағында қолайлы экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық жағдайларды сақтау мақсатында оларды аймақтарға бөлу кезiнде санитариялық-қорғаныш аймақтары белгiленедi.
3. Туристік операторлық және (немесе) туристік агенттік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар ерекше қорғалатын табиғи аумақта туризмді жүзеге асыруды көздейтін туристік өнімді қалыптастыру және іске асыру кезінде мынадай экологиялық туризм қағидаттарын басшылыққа алуға міндетті:
1) белгілі бір аумақта бір мезгілде болатын туристердің жоспарланған санының осындай аумаққа қатысты белгіленетін рекреациялық жүктемелерге сәйкес келуі;
2) қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермеу;
3) қоршаған ортаға неғұрлым аз жағымсыз әсер ететін көлік құралдарын таңдау;
4) тұрмыстық қатты қалдықтардың түзілуін барынша азайту және оларды жинау үшін белгіленген жерлерде орналастыруды не ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан өз бетінше әкетуді қамтамасыз ету;
5) туристерге баратын жерлері туралы хабар беру және ондағы жүріс-тұрыс қағидалары туралы нұсқау беру;
6) баратын аумақтарда және (немесе) олардың маңында тұрақты тұратын адамдарды турларды ұйымдастыруға және жүргізуге және экономикалық пайда алуға тарту.
234-бап. Орман қорының жерлерiн пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Орман қорының жерлерiн пайдалану режимi Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және Қазақстан Республикасының Орман кодексінде реттеледi.
2. Аумақтың экологиялық жай-күйiнiң индикаторы ретiндегі өсiмдiктердiң жай-күйiн жердi орман қоры санатына жатқызу кезiндегі экологиялық өлшемшарт деп есептеген жөн.
3. Орман қорының жерлерiндегi орман шаруашылығының мұқтаждықтары үшiн пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер санатына ауыстырылуы мүмкiн.
4. Орман қорының жерлерін басқа санаттардағы жерлерге ауыстыруға Қазақстан Республикасы орман заңнамасының талаптарына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жол беріледі.
5. Орман қорының жерлерiн басқа санаттардағы жерлерге ауыстыру кезiнде жердi бағалаудың экологиялық өлшемшарттарына сәйкес жердiң жай-күйiнiң шөптi және сүректi өсiмдiктерге ықпалын көрсететiн экологиялық көрсеткiштер ескерілгені жөн.
235-бап. Су қорының жерлерiн аймақтарға бөлу және пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Су қорының жерлерiн аймақтарға бөлу кезiнде су объектiлерiн қорғау қамтамасыз етiледi.
2025.09.04. № 179-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.12.06. № 194-VIII ҚР Заңымен (2025 ж. 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Су қоры жерлерiнiң құрамындағы жер учаскелерiн жергiлiктi атқарушы органдар су қорын қорғау жəне пайдалану саласындағы уəкілетті органмен келiсу бойынша жеке және заңды тұлғаларға ауыл, орман, аңшылық, балық шаруашылықтарының, аквашаруашылықтың мұқтажы үшін және жер учаскесiнiң негiзгi нысаналы мақсатына қайшы келмейтiн, жердiң ластануы мен тозуына және тиiсiнше, экологиялық ахуалдың нашарлауына алып келмейтін басқа да мақсатта уақытша жер пайдалануға беруi мүмкiн.
3. Су қорының жерлерiн басқа санаттардағы жерлерге ауыстыруға Қазақстан Республикасы су заңнамасының талаптарына сәйкес мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары болған кезде:
1) су объектiсiнiң жұмыс iстеуi тоқтатылған не оның экологиялық және гигиеналық көрсеткiштерi едәуiр өзгерген;
2) олар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiне жатқызылған;
3) елдi мекендердiң шекаралары (шектерi) экологиялық ахуалдың өзгеруiне алып келетіндей өзгерген жағдайда жол берiледi.
4. Су қорғау белдеулерiне бөлiп берiлген жерлер елдi мекендер мен өнеркәсiп жерлерiнiң санатына ауыстырылмайды, оларда судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбау үшiн шаруашылық қызметтiң арнайы режимi белгiленедi.
236-бап. Босалқы жерлердi аймақтарға бөлу және пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Босалқы жерлердi аймақтарға бөлу кезiнде жағымсыз өзгерiстер байқалған алаң және зерттелетiн аумақтағы тозу дәрежесi әртүрлi учаскелердi бөлудiң кеңiстiктегi әркелкiлiгi ескерiледi.
2. Экожүйелердің тозу жылдамдығы елу жылдық байқау қатары бойынша есептеледі. Экожүйенің тозу дәрежесін бағалау жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттарына сәйкес жүргізіледі.
3. Босалқы жерлер одан әрi пайдалану мақсатына қарай, жергілікті жерде өздері ауыстырылатын санаттағы жердің шекаралары белгiленгеннен кейiн ғана басқа санаттардағы жерлерге ауыстырылуы мүмкiн. Босалқы жерлер басқа санаттардағы жерлерге ауыстырылған кезде осы жер санатына қойылатын экологиялық талаптарға сәйкес жер учаскесiн таңдау алдын ала жүзеге асырылады.
4. Бүлінген жерлердi босалқы жерлер санатынан ауыстыру рекультивациялау және жердiң сапасы мен экологиялық жағдайды жақсарту жөнiндегi iс-шаралар жүзеге асырылғаннан кейiн мүмкiн болады.
5. Бұрын ядролық қаруды сынау жүргiзiлген босалқы жерлер құрамындағы жер учаскелерi ядролық қаруды сынау зардаптарын жою жөнiндегi барлық iс-шаралар және мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары болған кезде кешендi экологиялық зерттеп-қарау аяқталғаннан кейiн ғана меншiкке немесе жер пайдалануға берiлуi мүмкiн.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Осы баптың 3, 4 және 5-тармақтарының ережелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті ұйымға берілетін ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне қатысты қолданылмайды.
237-бап. Жерді оңтайлы пайдалану жөнiндегi экологиялық талаптар
1) ұсынылып отырған жерді қайта түлету мен жердi қайта бөлудің экологиялық салдарларын ғылыми негiздеу және болжау;
2) жердi пайдалану мен барлық санаттағы жерлерді қорғауды жоспарлау және ұйымдастыру кезінде бiрыңғай мемлекеттiк экологиялық саясатты негiздеу және iске асыру;
3) жердiң нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз ету;
4) экологиялық негiзделген, алаңы жағынан ықшам және оңтайлы жер учаскелерiн қалыптастыру және орналастыру;
5) орнықты ландшафтарды күтiп-ұстау және жердi қорғау жөніндегі шаралар кешенiн әзiрлеу;
6) жердi қорғау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу;
7) адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мүддесiнде ормандардың орта құрау, су қорғау, қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық, сауықтыру және өзге де пайдалы табиғи қасиеттерiн сақтау және күшейту;
8) биоәртүрлілікті сақтау және экологиялық жүйелердің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жерді оңтайлы пайдалану жөніндегі негiзгi экологиялық талаптар болып табылады.
2. Кәсiпорындарды, құрылысжайларды және өзге де объектiлердi орналастыру және пайдалану үшiн жер учаскелерiн беру экологиялық талаптар сақтала отырып және көрсетілген объектiлер қызметiнiң экологиялық салдарлары ескеріле отырып жүргiзiледi.
3. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiне байланысты емес объектiлердi салу және тұрғызу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатына жарамсыз, топырағының бонитет балы ең төмен жер бөлiнуге тиiс.
238-бап. Жердi пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Жеке және заңды тұлғалар жерді пайдалану кезінде жердің ластануына, жер бетінің қоқыстануына, топырақтың тозуына және құнарсыздануына жол бермеуге тиіс, сондай-ақ топырақтың құнарлы қабатының біржола жоғалуын болғызбау үшін қажет болған жағдайда оны алуды және сақтауды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар, сондай-ақ жерді бүлдіруге байланысты құрылыс және басқа да жұмыстарды орындау кезінде өзге де тұлғалар:
1) өздері алып жатқан жер учаскелерiн одан әрi мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйде ұстауға;
2026.08.07. № 342-VIII ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) жерді бүлдірумен байланысты жұмыстарды бастағанға дейін топырақтың құнарлы қабатын уақтылы сыдырып алуды жəне оның сапасының нашарлауын болғызбайтын жағдайларда сақталуын қамтамасыз етуге жəне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сəйкес пайдалануға;
3) бүлінген жерлерді рекультивациялауды жүргізуге міндетті.
3. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу, жерді бүлдіруге байланысты құрылыс және басқа да жұмыстарды орындау кезінде:
2026.08.07. № 342-VIII ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2026 ж. 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге, құрылыс және басқа да тиісті жұмыстарды орындауға бөлінген жер учаскелерінің (жердің) шегінен тыс жерде өсімдік қабаты мен топырақты бүлдіруге;
2) топырақтың құнарлы қабатын сату немесе басқа адамдардың меншігіне беру мақсатында алуға тыйым салынады.
4. Бүлінген жерлерді рекультивациялау бағытын таңдау кезінде:
2) объект орналасқан ауданның табиғи және физикалық-географиялық жағдайлары;