Коммерцияландыру жобаларына мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама, сараптама жүргізу, сұралатын қаржыландыру көлемі сомасының негізділігіне бағалау жүргізу бойынша қазақстандық сарапшылар көрсететін қызметтер құнының әдістемесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 604 бұйрығы
«Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 41) тармақшасына және «Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 111-5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Коммерцияландыру жобаларына мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама, сараптама жүргізу, сұралатын қаржыландыру көлемі сомасының негізділігіне бағалау жүргізу бойынша қазақстандық сарапшылар көрсететін қызметтер құнының әдістемесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.