«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 288-VІ Заңы (2026.26.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)

Предыдущая страница

4) 2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен алып тасталды (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2025.03.03. № 166-VIII ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2025 ж. 15 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

5) уәкiлеттi органмен келiсу бойынша қала құрылысы жобаларын әзiрлеу және бекiту кезiнде, Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерекше мәртебеге ие облыстық маңызы бар қаланың іс-шараларын орындауды, тарихи-сәулет тірек жоспарларын және карта-схемаларын жасауды қоспағанда, барлық санаттағы тарих және мәдениет ескерткiштерiн анықтау, зерделеу, сақтау жөнiндегi іс-шараларды орындауды, тиісті жергілікті жердің тарихи-сәулет тiрек жоспарларын және карта-схемаларын жасауды қамтамасыз етедi;

2025.03.03. № 166-VIII ҚР Заңымен 6) тармақша өзгертілді (2025 ж. 15 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

6) Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерекше мәртебеге ие облыстық маңызы бар қаланың жоспарын қоспағанда, тиісті елді мекендердің бас жоспарларына тарихи-сәулет тiрек жоспарларын енгізу жөніндегі жұмысты жүргізеді;

7) қорғау мiндеттемелерiн ресiмдейдi және береді, тарих және мәдениет ескерткішінің меншiк иелерi мен пайдаланушыларының оларды орындауын бақылайды;

8) тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияларды құрады;

9) монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі жұмысты жүргізеді;

10) мемориалдық тақталарды орнату жөніндегі жұмысты жүргізеді;

2025.03.03. № 166-VIII ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (2025 ж. 15 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

11) Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерекше мәртебеге ие облыстық маңызы бар қаланың аумағындағы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жоспарланатын ғылыми-реставрациялық жұмыстардың ғылыми-жобалау құжаттамасын қоспағанда, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiне жоспарланатын ғылыми-реставрациялық жұмыстардың ғылыми-жобалау құжаттамасын қарайды және келiседi;

12) уәкілетті органмен келісу бойынша тарихи-мәдени мұра объектiлерiн тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерi деп таниды және оларды Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосады;

13) уәкілетті органмен келісу бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткішін тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде мәртебесінен айырады және оны Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен алып тастайды;

14) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары өз аумағында:

1) жұртшылықты тарих және мәдениет ескерткiштерiн сақтау және кеңінен таныту жөнiндегі iс-шараларды жүргiзуге тартады;

2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарына немесе уәкiлеттi органға өздерінің құзыреті шегiнде тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң бүлiнуiн, бұзылу қатерін жою туралы хабар береді;

3) тарихи-мәдени мұра объектілерін Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосу туралы ұсыныстар енгізеді;

4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жергілікті атқарушы органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасымен жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

2025.26.12. № 242-VIIІ ҚР Заңымен 12-бап жаңа редакцияда (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

12-бап. Тарихи-мəдени мұра объектілерін қорғау жəне пайдалану саласындағы қызметті лицензиялау

1. Тарихи-мəдени мұра объектілерін қорғау жəне пайдалану саласындағы қызмет осы Заңға жəне Қазақстан Республикасының рұқсаттар жəне хабарламалар туралы заңнамасына сəйкес лицензиялануға жатады.

2. Тарих жəне мəдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке арналған лицензия алуға өтініш берген өтініш берушілердің жəне қызметтің осы түрін жүзеге асыратын лицензиаттардың құрамында орта техникалық жəне кəсіптік білімі, кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар кемінде бір реставратор маманы немесе кемінде бес жыл жұмыс өтілі жəне осы салада ғылыми дəрежесі немесе бейіні бойынша магистр, доктор, философия докторы (PhD) дəрежелері бар кемінде бір ғылыми қызметкері болуға тиіс.

Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия алуға өтініш берген өтініш берушілердің жəне қызметтің осы түрін жүзеге асыратын лицензиаттардың құрамында тиісті мамандық бойынша жоғары білімі, кемінде бес жыл жұмыс өтілі жəне осы салада ғылыми дəрежесі немесе бейіні бойынша доктор, философия докторы (PhD) дəрежелері бар кемінде бір ғылыми қызметкері болуға тиіс.

Тарих жəне мəдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке жəне (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке арналған лицензиясы бар ұйымда жұмыс істейтін ғылыми қызметкерді немесе реставратор маманды қызметтің көрсетілген түрлеріне лицензия алуға өтініш беру процесінде басқа ұйым мəлімдей алмайды.

3. Тарихи-мəдени мұра объектілерін қорғау жəне пайдалану саласындағы қызметті лицензиялауды уəкілетті орган жүзеге асырады.

4. Лицензиар Қазақстан Республикасының тарихи-мəдени мұра объектілерін қорғау жəне пайдалану туралы заңнамасының талаптары сақталмаған жағдайда, тарих жəне мəдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке жəне (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке арналған лицензияның қолданысын Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тəртіппен алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұрады.

5. Лицензиар Қазақстан Республикасының тарихи-мəдени мұра объектілерін қорғау жəне пайдалану туралы заңнамасының талаптарын сақтамау салдарынан лицензиаттың кінəсінен тарихи-мəдени мұра объектісі немесе тарих жəне мəдениет ескерткіші физикалық тұрғыдан толық немесе ішінара жойылған жағдайда, тарих жəне мəдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке жəне (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке арналған лицензиядан айырады.

6. Тарих жəне мəдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке жəне археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке арналған лицензиялар бес жыл қолданылу мерзімімен беріледі.

 

13-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау

2025.03.03. № 166-VIII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2025 ж. 15 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылаудың мақсаты жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету болып табылады.

Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерекше мәртебеге ие облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

2. Уәкілетті орган жүзеге асыратын тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау:

1) халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуын және оларды күтіп-ұстау тәртібін;

2) монументтік өнер құрылыстарын орнатуды;

3) халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстардың жүргізілуін бақылауды қамтиды.

2025.03.03. № 166-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2025 ж. 15 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерекше мәртебеге ие облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратын тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау:

1) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуын және оларды күтіп-ұстау тәртібін;

2) халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне жүргізілетін жұмыстарды қоспағанда, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың және археологиялық жұмыстардың жүргізілуін бақылауды қамтиды.

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

4. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексерулер және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.

 

14-бап. Меншік құқығы субъектілері

Қазақстан Республикасы, жеке және заңды тұлғалар тарихи-мәдени мұра объектілеріне меншік құқығы субъектілері болып табылады.

 

15-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне мемлекеттік меншік

Қазақстан Республикасының аумағындағы және басқа субъектілерге тиесілі емес тарих және мәдениет ескерткіштері Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.

Қазақстан Республикасы тарихи-мәдени құндылығы бар, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасын құрайтын тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік құқығына олардың меншік иелерімен жасалатын шарттар бойынша ие болуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының атынан халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік иесінің өкілеттіктерін - уәкiлеттi орган, ал жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерiне облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жүзеге асырады.

 

16-бап. Тарих және мәдениет ескерткіші меншік иесінің құқықтары

Меншік иесіне тарих және мәдениет ескерткіштерін меншік объектілері ретінде иелену, пайдалану және оларға билік ету құқықтары, оларды өз бетінше жою құқығын қоспағанда, тиесілі болады.

Тарих және мәдениет ескерткішінің меншік иесі, егер меншік объектісі өзіне мұрагерлік құқықтарымен тиесілі болса және пайда болуы немесе мазмұны бойынша өсиет қалдырушының жеке басымен немесе меншік иесінің ата-бабасымен байланысты болса, елу жылға дейiнгі мерзімге ескерткіштің мазмұнын жарияламауды талап етуге немесе зерттеу үшін қол жеткізуден және көпшілікке көрсетуден бас тартуға құқылы.

Меншік иесінің тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалану және іске қосу нәтижесінде пайда табуға (кіріс алуға) құқығы бар, бұл қорғау міндеттемесімен шектеледі.

 

17-бап. Тарих және мәдениет ескерткiштерi меншік иелерінің және оларды пайдаланушылардың міндеттері

1. Тарих және мәдениет ескерткiштерiнің меншiк иелерi және оларды пайдаланушылар:

1) тарих және мәдениет ескерткiштерiнiң сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қолдану;

2) осы Заңның 16-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тарих және мәдениет ескерткiшiне облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен жасалатын шарттарда белгіленетін тәртіппен және шектерде ғылыми, білім беру, туристік, ақпараттық және тәрбиелік мақсаттарда қол жеткізуді қамтамасыз ету арқылы оларды сақтау жөніндегі қызметтi жүзеге асырады және тарих және мәдениет ескерткішін күтіп-ұстау шарттарын сақтауға мiндеттi.

2. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иелері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарын меншік құқықтарындағы болжанып отырған немесе болған өзгерістер туралы хабардар етуге міндетті.

3. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иелері мен оларды пайдаланушылардың тарих және мәдениет ескерткіштерін күтіп-ұстау шарттары облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары беретін қорғау міндеттемесінде тіркеледі.

 

18-бап. Күтімсіз ұсталатын тарих және мәдениет ескерткіштерін алып қою

Күтімсіз ұсталатын тарих және мәдениет ескерткіштерін меншік иесінен алып қою Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 256-бабына, «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабына және осы Заңға сәйкес жүргізіледі.

 

19-бап. Тарих және мәдениет ескерткішіне меншік құқығын иелену кезіндегі артықшылықтар

Ортақ үлестік меншіктегі тарих және мәдениет ескерткішінің бөліктері меншік иелерінің осы тарих және мәдениет ескерткішінің басқа бөліктерін меншікке иеленуге артықшылықты құқығы болады.

Тарих және мәдениет ескерткішінің басқа бөліктерін иеленудің осы баптың бірінші бөлігінде көзделген артықшылықты құқығы сатып алушы меншігінің тарих және мәдениет ескерткіші деген мәртебесі болмаған жағдайларға да қолданылады.

Тарих және мәдениет ескерткіші жария сатылған кезде, осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттің нарықтық (аукциондық) баға бойынша артықшылықты иелену құқығы бар.

 

20-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану

1. Тарихи-мәдени мұра объектілері ғылыми, білім беру және ақпараттық мақсаттарда пайдаланылады.

2. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алу, зерттеу және олардың жай-күйін мониторингтеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды.

 

21-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімдері

Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін уәкілетті орган бекітеді.

Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін уәкілетті органмен келісу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары бекітеді.

 

22-бап. Тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссия

Тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау мақсатында уәкілетті органның жанынан консультативтік-кеңесші орган - тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссия құрылады.

Тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның ережесін және құрамын уәкілетті орган бекітеді.

 

23-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану

2025.26.12. № 242-VIIІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

1. Тарих және мәдениет ескерткіштері Қазақстан халқының рухани және мәдени дәстүрлерін қайта жаңғырту және сақтау мақсаттарында, сондай-ақ ғылыми, білім беру, туристік, ақпараттық және тәрбиелік мақсаттарда пайдаланылады.

Тарих жəне мəдениет ескерткіштерін пайдалану кезінде олардың бүлінуіне, қирауына жəне (немесе) тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мəдени құндылығы мен сақталуына өзге де нұқсан келтіруге жол берілмейді.

2. Тарих және мәдениет ескерткiштерiнің жерін пайдалану режимi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары бекiтетiн тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының жобаларында айқындалады.

3. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау, зерттеу, кеңінен таныту және олардың жай-күйін мониторингтеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды.

 

24-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалануға беру тәртібі мен шарттары

1. Тарих және мәдениет ескерткіштерін жеке және заңды тұлғаларға пайдалануға беру ғылыми, білім беру, туристік, ақпараттық және тәрбиелік мақсаттарда жүзеге асырылады.

2. Коммуналдық меншік болып табылатын, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен пайдалануға беріледі.

Республикалық меншік болып табылатын, жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімімен пайдалануға беріледі.

Коммуналдық меншік болып табылатын, халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері уәкілетті органмен келісу бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен пайдалануға беріледі.

Республикалық меншік болып табылатын, халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімімен пайдалануға беріледі.

 

25-бап. Тарих және мәдениет ескерткішін пайдалану құқығынан айыру

Тарих және мәдениет ескерткішін пайдаланып жүрген жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткішін оның сипаты мен мақсатына сәйкес пайдалану міндетін бұзған, соның салдарынан тарих және мәдениет ескерткішіне жойылу немесе бүліну қатері төнген жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес пайдалану құқығынан айырылады.

 

26-бап. Меншікке және пайдалануға берілген жердегі тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету

Жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар өздеріне берілген жердегі тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

Осы баптың бірінші бөлігінде аталған тұлғалар тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамаған жағдайда, тарихи-мәдени мұра объектілері алып жатқан жер учаскелері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алып қойылады.

 

27-бап. Қала құрылысы жобаларын келісу

Тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағын қозғайтын қала құрылысы жобалары уәкiлеттi органмен келісілуге жатады.

 

2025.26.12. № 242-VIIІ ҚР Заңымен 28-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

28-бап. Тарих жəне мəдениет ескерткіштерінің жəне археологиялық жұмыстар барысында анықталған тарихи-мəдени мұра объектілерін қорғау аймақтары

1. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында әрбір тарих және мәдениет ескерткішіне оның қорғау аймағы, құрылыс салуды реттеу аймағы және қорғалатын табиғи ландшафт аймағы белгіленеді.

Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын айқындауды:

жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты - жергілікті атқарушы органдар;

халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты уәкілетті орган жүзеге асырады.

2025.26.12. № 242-VIIІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)

1-1. Археологиялық жұмыстар барысында анықталған тарихи-мəдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында əрбір тарихи-мəдени мұра объектісіне қорғау аймағы белгіленеді.

Археологиялық жұмыстар барысында анықталған тарихи-мəдени мұра объектісін қорғау аймағының шекараларын айқындауды осы тарихи-мəдени мұра объектісін анықтаған жеке немесе заңды тұлға жергілікті атқарушы органмен келісу бойынша жүзеге асырады.

2. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шекараларын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары бекітеді және тарих және мәдениет ескерткіштерінің орналасуы тіркелетін тиісті жергілікті жердің тарихи-сәулет тірек жоспарына және карта-схемасына енгізіледі.

2025.26.12. № 242-VIIІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)

2-1. Жергілікті атқарушы органдар тарих жəне мəдениет ескерткіштерін қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының жəне қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының, сондай-ақ тарихи-мəдени мұра объектілерін қорғау аймақтарының белгіленген шекаралары туралы кеңістіктік деректерді интеграциялық өзара іс-қимыл арқылы кейіннен жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының ақпараттық жүйесінің жария кадастрлық картасында жариялау үшін археологиялық жұмыстар жөніндегі бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйеде қалыптастыруды, жинауды жəне жаңартып отыруды қамтамасыз етеді.

3. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтарының және қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарының шегінде жерді пайдалану режимін бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа алып келеді.

 

29-бап. Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру және оны өзгерту

1. Тарих және мәдениет ескерткішінің паспортында көрсетілген тарих және мәдениет ескерткішінің кеңістіктегі тұрған орнын, оның келбетін, көлемдік-жоспарлық және конструкциялық шешімдері мен құрылымдарын, интерьерін және өзге физикалық сипаттамаларын өзгерту тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыру және оны өзгерту болып табылады.

2. Тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыруға және оны өзгертуге тыйым салынады.

Бұған тарих және мәдениет ескерткішінің жетпіс пайызынан астамы бұзылған не тарихи-мәдени маңыздылығы жоғалған жағдайларда немесе егер орнын ауыстыру және өзгерту оның сақталу жағдайларын жақсартуға алып келетін болса:

1) халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне тарихи-мәдени сараптама қорытындысы және тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссияның ұсынымдары негізінде уәкілетті органның;

2) уәкілетті органмен келісу бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен ғана жол беріледі.

3. Шешімді алған жеке және заңды тұлғалар тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстырған және оны өзгерткен кезде оның сақталу жағдайын қамтамасыз етуге міндетті.

Орны ауыстырылған және өзгертілген тарих және мәдениет ескерткішін:

жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары;

халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне қатысты уәкілетті орган тіркейді.

4. Көрсетілген жұмыстарды жүзеге асыруға байланысты шығыстар тарих және мәдениет ескерткішінің орнын ауыстыруға және оны өзгертуге шешім алған жеке және заңды тұлғалардың есебінен жүргізіледі.

 

30-бап. Аумақтарды игеру кезінде тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету

2024.06.04. № 71-VIII ҚР Заңымен (2024 ж. 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2025.26.12. № 242-VIIІ ҚР Заңымен (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді

1. Аумақтарды игеру кезінде жер учаскелері бөліп берілгенге дейін Қазақстан Республикасының тарихи-мəдени мұра объектілерін қорғау жəне пайдалану туралы заңнамасына сәйкес тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау бойынша жоспардан тыс (алдын алу) археологиялық жұмыстар жүргізілуге тиіс.

Археологиялық барлау арқылы жоспардан тыс (алдын алу) археологиялық жұмыстар жүргізу нəтижесі бойынша тарихи-мəдени сараптама қорытындысы беріледі.

Тарихи-мəдени сараптама жүргізген жеке немесе заңды тұлға тарихи-мəдени сараптама қорытындысы берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның көшірмесін жіберу арқылы жергілікті атқарушы органдарды осындай сараптаманың нəтижелері туралы хабардар етеді.

Археологиялық барлау арқылы жоспардан тыс (алдын алу) археологиялық жұмыстар жүргізу нəтижесі бойынша берілген тарихи-мəдени сараптама қорытындысы археологиялық қазбалар арқылы жоспардан тыс (алдын алу) археологиялық жұмыстар жүргізуге негіз болып табылады.

Жоспардан тыс (алдын алу) археологиялық жұмыстар аумақты игеретін жеке жəне заңды тұлғалардың есебінен жүргізіледі.

Тарихи, ғылыми, көркемдік және мәдени құндылығы бар объектілер табылған жағдайда, жеке және заңды тұлғалар жұмыстарды одан әрі жүргізуді тоқтата тұруға және үш жұмыс күні ішінде бұл туралы уәкілетті органға және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарына хабарлауға міндетті.

2025.26.12. № 242-VIIІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2026 ж. 26 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)

2. Жоспардан тыс (алдын алу) археологиялық жұмыстар барысында тарихи-мəдени мұра объектілері анықталған кезде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары тарихи-мəдени сараптама қорытындысының көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде олар туралы мəліметтерді  алдын ала есепке алу тізіміне қосады және олардың мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін олар осы Заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштерімен бірдей қорғалуға жатады.