«Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша шығыс нормаларын, оқуға және тағылымдамадан өтуге арналған үлгілік шарттарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 163 бұйрығына толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 3 маусымдағы № 267 бұйрығы
БҰЙЫРАМЫН:
1. «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша шығыс нормаларын, оқуға және тағылымдамадан өтуге арналған үлгілік шарттарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 163 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7613 болып тіркелген) мынадай толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Елдер бөлінісінде «Болашақ» халықаралық стипендиясының көлемін анықтау үшін шығыс нормаларында:
мынадай мазмұндағы 5-тармақпен толықтырылсын:
«5. Жеке оқу жоспарында көзделген мерзімде оқуды аяқтаудың мүмкін болмауына әкеп соққан, коронавирустық инфекция пандемиясымен байланысты шектеу іс-шараларының салдарынан академиялық оқыту (практика, зерттеу немесе бекітілген оқу жоспарында/жеке оқу жоспарында қарастырылған жұмыс) мерзімі ұзартылған жағдайда, тұруға және тамақтануға арналған шығыстардың ай сайынғы сомасын есептеу академиялық оқу елінің шығыстары нормаларының шегінде:
1) бакалавриат, магистратура бағдарламалары бойынша оқитын стипендиаттар үшін 1 (бір) семестрден/триместрден артық емес;
2) докторантура бағдарламасы бойынша білім алатын стипендиаттар үшін 12 (он екі) айдан аспайтын мөлшерінде жүргізіледі.
Академиялық оқу мерзімі коронавирустық инфекция пандемиясымен байланысты шектеу іс-шараларының салдарынан ұзартылған жағдайда оқу әдебиетін (материалдарын) сатып алуға арналған шығыстар сомасын есептеу жүргізілмейді.