Ақтөбе облысының елді мекендерінің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғау қағидаларын бекіту туралы
Ақтөбе облыстық мәслихатының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 57 шешімі
(2024.14.01. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2024 жылғы 14 наурызда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына және Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылғы 23 ақпандағы № 62 «Елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31996 тіркелген) бұйрығына сәйкес, Ақтөбе облыстық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Қоса беріліп отырған Ақтөбе облысының елді мекендерінің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғау қағидалары бекітілсін.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Облыстық мәслихаттың төрағасы | Г. Сүйінтаева |
2023 жылғы 29 қыркүйектегі
№ 57 шешімімен бекітілген
Ақтөбе облысының елді мекендерінің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғау
қағидалары
1 - тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ақтөбе облысы елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-заң) 9-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді және елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың тәртібін айқындайды.
Қағидалар мемлекеттік орман қоры учаскелерінде және республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, жеке тұрғын үй аумақтарында, саяжай учаскелерінде өсетін жасыл екпелерге қолданылмайды.