ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026.04.11. № 561 бұйрығымен Кәсіптік стандарт жаңа редакцияда (2026 ж. 22 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және
құрылыс министрінің
2023 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 163 бұйрығына
9-қосымша
Кәсіптік стандарт:
«Жобалау және дизайн»
(2026.22.11. берілген өзгерістермен)
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Кәсіптік стандарттың қолдану аясы: «Жобалау және дизайн» кәсіптік стандарты «Кәсіптік біліктілік туралы» Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әзірленген және білім беру бағдарламаларын қалыптастыру, кәсіптік біліктіліктерді бағалау, тану және растау, кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ сәулет-құрылыс жобалау және дизайн саласында персоналды басқару үшін негіз ретінде қолданылады. Жобалау жұмыстарын орындау кезінде Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің жобалау-сметалық құжаттамаға, құрылыс жобасына, сәулет жобасына, кешенді ведомстводан тыс сараптамаға, авторлық сүйемелдеуге және құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу технологияларына (ҚОАМТ) қатысты талаптары ескеріледі.
2. Осы кәсіптік стандартта мынадай терминдер, анықтамалар мен қысқартулар қолданылады:
1) жобалаудағы генеративті модельдеу - кіріс параметрлерінің белгілі бір шектеулерін ескере отырып, бірнеше шығыс деректерін генерациялау жүзеге асырылатын итерациялық процесс;
2) генеративті дизайн - алгоритмдерді пайдалана отырып жобалау технологиялары, онда жүйе өздігінен мыңдаған модельдер жасап, оларды бір-бірімен салыстырады және неғұрлым жақсы оңтайландырылған модификацияларды іріктейді;
3) жұмысшылардың жұмыстары мен кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы (БТБА) - жұмыс түрлері бойынша жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамаларын қамтитын және жұмыстарды тарифтеу мен жұмысшыларға біліктілік разрядтарын беру үшін қолданылатын анықтамалық;