Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы № 282 бұйрығы
Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексі 24-бабының 62) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты алғаш ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және
құрылыс министрі
2026 жылғы 3 маусымдағы
№ 282 бұйрыққа 1 - қосымша
Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың
үлгілік қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидалары (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексі 24-бабының 62) тармақшасына сәйкес әзірленді және құқықтық мәртебесі мен шаруашылық қызмет нысандарына қарамастан, барлық заңды тұлғалар, жеке тұлғалар, сондай-ақ аула және қоғамдық аумақтарды абаттандыруға жауапты лауазымды адамдар үшін елді мекендердің аумақтарын абаттандыру тәртібін айқындайды.